«ОТБАСЫ – ТӘРБИЕНІҢ ТАЛ БЕСІГІ»

«ОТБАСЫ – ТӘРБИЕНІҢ ТАЛ БЕСІГІ»

Дәл осындай тақырыпта аудандық Аналар кеңесі мен «Талғар аудандық Ауыл әйелдері Одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Нұра ауылындағы Мәдениет үйінде форум болып өтті.

«Талғар аудандық Ауыл əйелдері Одағы» қоғамдық бірлестігі «Талғар аудандық ішкі саясат бөлімі» ММ-нің мемлекеттік əлеуметтік тапсырысы аясында «Отбасынеке институттарының құндылықтарын нығайтуда, гендерлік саясатты жүзеге асырудағы ауыл əйелдерінің рөлін анықтауға бағытталған шаралар ұйымдастыру» жобасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылған шараға Қазақстан Халық Ассамблеясы жанындағы Алматы облыстық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Ғалия Ақбасова бастап, Еңбекшіқазақ аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Гүлнар Сағатқызы, аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева, аудандық «Нұр Отан» партиясының кеңесшісі Сақыпжамал Үскібаева, бірқатар ауылдық округтің Аналар кеңесінің төрайымдары қатысып отырды. Халқымыздың тамыры терең кеткен, тарихымен бірге жалғасып келе жатқан рухани байлықтарының бірі – отбасы құндылықтары. Тіпті біздің рухани құндылықтарымыздың негізі де осы отбасылық дəстүрімізде жатыр. «Отан – отбасынан басталады» деген халық даналығы. Елбасы «Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мəдениеттегі, əлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі» деп бұл мəселенің біздің қоғам үшін маңызын көрсетіп берген болатын.

Форумды ашып алғы сөз сөйлеген Нұра ауылдық округінің əкімі Сейітқұл Донбаев отбасындағы аналардың алар орнының, ана тəрбиесінің маңыздылығын тілге тиек етіп, жиылған қауымға ізгі ниетін білдірді. Содан кейін сахна төріне көтерілген аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Мəрия Сихымбаева тұщымды баяндама жасап, тəуелсіздік жылдарында отбасы құндылықтарын нығайту бағытында қыруар
шаруа атқарылғанын, Елбасымыздың бəсекеге қабілетті ұлт, бақытты отбасы, саналы да білімді ұрпақ қалыптастыруға бағытталған сындарлы саясатының нəтижесінде ана мен баланы қолдау бойынша бағдарламалық құжаттар, гендерлік теңдікті сақтау стратегиясы қабылданып, мемлекеттік деңгейдегі отбасылық саясатта тұтастай жүйе қалыптасып келе жатқанын айтты. Əке мейірімінен құрышын қандырып, ана сүтінен нəр алып, «Əке ұлағаты» мен «Ана тағылымын» көріп өскен ұрпақ елін, жерін, халқын сүйетін, елінің болашағын, халқының қамын ойлайтын, жоғын жоқтайтын, парасатты, ой-өрісі кең, дүниетанымы жоғары, жанжақты, білімді де білікті, ұлтжанды тұлға болып қалыптасатыны, сонымен қатар, отбасылардың ажырасу көрсеткіші жыл сайын артып, осынау бейбіт заманда жалғызбасты жесір əйелдің, тастанды балалардың көбейіп бара жатқаны, өзінен туып, өзегін жарып шыққан, аялап өсірген балалары бола тұра, қарттар үйін еріксіз паналап жатқан егде жандардың көбейіп кетуі сияқты келеңсіз фактілердің белең алуы – қазіргі қоғам үшін өте өзекті мəселеге айналғанын тілге тиек етті. Баяндамадан кейін тізгінді əжелі-немерелі қос жүргізуші алып, тақырыпқа сай дайындалған сахналық көріністер мен өнерлі жастарға кезек берді. Ұлттық нақышқа сай безендірілген сахна төрінде алғаш болып Нұра ауылдық «Нұрай» əжелер ансамблі шығып, «Ақ дариға» əнін нақышына келтіре орындады. Одан кейін ұлттық салт-дəстүрімізді дəріптейтін сахналық көрініске кезек берілді. Қазақ дəстүрінде бар бойжетіп отырған қызының шашына шашбау тағып, оны ұзатылуға дайын екенін бейнелейтін «Шашбау тағу» рəсімін Ораз ата əулеті сахналап берді. Шашбау таққан бойжеткен бойын түзеп, жүріс-тұрысы өзгеріп, келін болуға дайындалған. Бұл да отбасындағы қыз бала тəрбиесі. Керемет көріністі «Əнші болғым келеді» əн үйірмесінің əншілері «Əлди, əлди» əнімен жалғады. Əсем əнді «Наз» би тобының бишілері тамаша биімен əрледі. Келесі көріністі Нұра ауылдық Мəдениет үйінің қызметкерлері сахналады. «Құрсақ тəрбиесі» дəстүрін паш еткен көріністе құрсақ көтерген анаға қатысты ырымдар көрсетілді. Тіпті, бейнеролик те түсірілген екен. Қазақи салтымыздың мағынасын тарқатып берген көрініс көптің көңілінен шықты. Өнерлі өрендердің «Бақ далам» əнінен кейін Өстемір ауылындағы №14 орта мектеп ұжымы дайындаған «Сиқырлы дəрі» көрінісіне кезек берілді. Бүгінгі жаңа замандағы ене мен келіннің арасындағы қарым-қатынасты бейнелеген көрініс енелерін сыйламайтын жалқау келіндердің өмірінен алынған. Данагөй емшінің тапқырлығымен ене мен келін арасындағы қарым-қатынас өзгеріп, сыйластық, түсіністік пайда болғанын ұстаздар қауымы керемет сомдады. Сахна пердесі «Наз» би тобының «Бастаңғы» биі мен Ардақ Багейованың орындауындағы «Ана» əнімен жабылды. Игілікті шараны қорытындылаған Қазақстан Халық Ассамблеясы жанындағы Алматы облыстық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Ғалия Ақбасова бүгінгі таңда нағыз ұлтжанды, жүрегі қазақ деп соғатын азаматтарды тəрбиелеу үшін ата-ана тəрбиесі ең басты, ең маңызды, ең қажетті тəрбие болып саналатынын, форумның тақырыбын ашып, отбасы тəрбиесіне сай мағыналы көріністер ұсынған жəне өнерлерін ортаға салған нұралықтарға алғысын жаудырып, ризашылығын білдірді. Мағынасы терең, мəні зор шарадан жиылған қауым мол əсер алып тарасты.

Перизат НҰРҚАЕВА

Талғар-ақпарат