Ақ жаулықты аналардың тілегі айқын

Ақ жаулықты аналардың тілегі айқын
Өмір за­ңымен бір буын екіншісін алмастыра береді, ал жаңа буынды  ұрпақтар сабақтастығы арқылы ұлттық деңгейде қалыптастыру – басты мәселе».  Бұл қағида «Қазақ аналары – дәстүрге жол» РҚБ басты ұстанымы десек ақиқаттан алыс кетпейміз. Ұлттың жаңа келбетін жасампаздықпен, жаңашылдықпен ғана емес, сондай-ақ ұлттық салт-дәстүр төңірегінде де ұйыстыра білу жолында айқын бағыт-бағдары бар ақ жаулықты аналарымыздың әр ісі айшықты. Ол сөзімізге жуырда бірлестіктің Әуезов аудандық филиалы өткізген іс-шарасы дәлел.

«Ана жүрегі — мейірім көзі» деп аталған мерекелік іс-шараны филиал төрайымы Маржангүл Құдайберген ашып, мақсатын, барысын таныстырды. Жиынға арнайы қонақ болып қатысқан «Қазақ аналары дәстүрге жол» РҚБ Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша филиалының төрайымы, көп балалы ана, «Алтын алқа»  иегері, филолог, қоғам қайраткері Ләйла Ноғайқызының сөзі кешке қатысқан жастарға рух бергендей болды.  Ұйымның  нәтижелі жұмыстарына, болашақ жоспарларына тоқталып, тілегін де жеткізді.

  • Әкеге қарап ұлдың, шешеге қарап қыздың өсуімен сабақталып жатқан қазақы тәрбие дәстүрінің өз бағытына түсуіне үлес қосу, заман ағымына сай бейімдеп, жаңғырту, қазақ отбасындағы бәрінен қымбат саналатын ұлттық тәрбиенің мәртебесін қайтару біздің бірлестіктің күн тәртібінен түскен емес. Жаһандану жағдайында баланы қазақ отбасының ұлттық қалпы мен салтын сақтай отырып әрі оны қазіргі күннің озық мәдениетімен сабақтастыра отырып тәрбиелеу мәселесіне қатысты іс-шаралар легі жалғаса береді. Бір қолымен бесікті тербетіп, бір қолымен әлемді тербеткен ақ жаулықты аналардың мәртебесі асқақтай берсін.

Іс-шараға қонақ ретінде қатысқан «Сенімен Болашақ» РҚБ өкілі Меруерт Мәулетқызы «Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс, оған көп жұмыскер керек» деген А.Байтұрсынұлының сөзін тілге тиек етіп,  осындай ұйымдар бірлесе іс қылғанда нәтиже шығатынын жеткізді.

Жігерлі де мағыналы сөзден кейін аналар өнерін ортаға салды. «Ел аман» әнімен кеш шымылдығы ашылып, аналар елге, жерге, ұрпаққа деген тілегін әнмен жеткізді. «Біздің аналар»  монологы ешкімді бей-жай қалдырмады. Қандай заман болмасын етегін түріп ерден кем қалмай еңбек еткен аналардың өміріне өлеңмен тағзым жасалды. .  «Өмір өтіп барады» хоры  да сәтті шыққан номердің бірі болды. Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың «Ақ кимешек» өлеңімен өткен кимешек түрлерінің сән үлгісі кештің айшықты сәті болды.  Әрқайсы да ақ тілегі мен жүрегін ақ кимешекке орап алғандай.  «Кимешек орау»  үлгілерін көрсетіп, түсіндіріп беру де аналарымыздың бұл кешке ыждаһатпен дайынданын байқатты. 92  жасқа келсе де қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүрген Наушан әже ақ батасын берді. Белсенді аналар «Қазақ аналары – дәстүрге жол» РҚБ  Әуезов филиалы атынан арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Мәнді де мағыналы өткен кеш ұйымның әнұранына айналған «Ақ кимешек» әнімен қорытындыланды.

 

  • «Тағдырдың қалай ауатыны бесіктің қалай тербелгеніне байланысты» дегендей, іргетасы берік, тәрбиесі тереңде жатқан отбасы арқылы Ұлт үмітін ақтаған ел ертеңі жастарға дұрыс тәрбие, тура бағыт-бағдар беру мәселесі ата-анаға байланысты десек те сол тәрбиені тал бесіктен бастау керектігін ұғынықты тілмен жеткізе білу біздей үлкендерге жүйтелген міндеттей көремін. Сол үшін жастардың рухани-танымдық санасы мен  жан-жақты сауаттылығын арттыру жолындағы жобаларды арттырамыз. Ал бүгінгі іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне ерекше үлес қосқан  кеңесшім Сабырбаева Кулайша мен көмекші  Қилыбаева Алтынкул ханымдарға алғысым шексіз, — дейді Әуезов аудандық филиалы Маржангүл Құдайберген.