ТІРЕК ПЕН ЖҮРЕК

ТІРЕК ПЕН ЖҮРЕК

Адам өмірінде ең маңызды орын алатын рухани байлық пен материалдық қажеттіліктің бағасын таразыға тең қойса, қайсысы басым түсетінін жұмыр басты пенденің ешбірі нақты айта алмаса керек. Бұл сауалдың жауабын адамзат баласы бізден мыңдаған жыл бұрын іздеуге кіріссе де, осы бір қалыпқа сыймас сұрақты әр ойшыл әрқалай топшылаған. Өйткені, адам баласына рухани құндылық қаншалық қажет болса, сол жолда өмір сүріп, қызметін айқындау үшін материалдық қажеттіліктің керегі де табиғи заңдылық.

Ақдала ауылының тұрғындары Бағыбаев Бектұрсын Ашағайұлы мен Иманбаева Жүзімхан Оңғарбайқызы таразы басын үнемі отбасы құндылығымен басып отырған десек ақиқаттан алыс кетпейміз. Өйтпесе бір шаңырақ астында 60 жыл ғұмыр кешіп, 22 немере, 12 шөбере сүйіп берекелі отбасының эталоны болмас еді. Бар бақытын отбасы мен еңбектен тапқан қариялар екеуара татулықтың арқасында бүгінде қара шаңырақтың қадірі мен қасиетін арттыруда. Олар үшін отбасында «Тәрбие басы – тал бесік» деген қарапайым қағидат 60 жылдан бері өзгерген емес. Дамыған елдердің бала тәрбиесіндегі кейбір ұстанымдарына келіседі, тек ол дәстүрлі қазақ отбасының ұстанымына кесірін тигізбесе екен дейді. Халқымыздың тарихымен біте қайнасқан салт-дәстүрлері, ұрпағына қатысты отбасы мәдениеті мен этикасы қариялар үшін басты қазына.

Жуырда Кеңдала ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ризвангүл Төлегенқызы бастаған азаматтар ата-апамыздың шаңырағына барып, отбасы күнімен құттықтап, батасын алып қатты. Ақын Бексұлтан Көлбаев, Кеңдала ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ақмарал Бижанова, жетекші маманы Салтанат Байболова тәрбие тізгінін көздің қарашығындай сақтай білген қариялардың тіршілігін көзбен көріп, көңілге түйіп, ұлтты өлтірмейтін төлтума мәдениетін сақтап қалған қазыналы қарттардың өмір жолынан керегін алып қайтты. Қариялар өткен күннен естелік айтып, талай ренжіскен сәтте бір-бірін түсіне алғандығын жеткізді.  Ең бастысы баланың тұлға болып қалыптасуына ата-анасының сөздері мен ескертпелері емес, олардың шынайы іс-әрекеттері мен мінездері ықпал ететіндігін еткізді. Бала-шағасы өсіп-өніп, жоғары білім алып, бүгінде немере-шөбере сүйіп отырса да еңбектен әлі күнге қол үзбеген қариялардың сыйластығы шынымен сүйсінерліктей. Жүзімхан апа көрпе құрап, кесте тігіп, білгенін жастарға үйретуден танбаса, Бектұрсын ата ерге тән істің басы-қасында. Немерелерінің қалаған мамандығына түсіп, өмірден өз орындарын тауып жатқанына қуанышты қариялар мерекемен құттықтап келген қауымға алғысын білдірді. Көңіл көкжиегі, ой дариясы кең қариялар батасын беріп, ұлт руханиятында оң өзгерістер,  көңіл қуантар нәтижелер болып жатқанына қуанышты екендерін жеткізді.