Әдебиет саласының ішіндегі драматургия – ең күрделі жанр. Драматургияға шынайы таланты бар, жазуы әбден ысылған адамдар келуі керек. Екінің бірі драматургқа айналған қазіргі кезеңде елімізде керемет пьеса жазылатынына күмән туып жүр еді, тарихи шоқтығы биік бір топ туынды жарқ ете қалды.
Оған Алматы облысының Мəдениет, архивтер жəне құжаттама басқармасы мен Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры республикалық «Ел тарихы – жер тарихы» атты драмалық шығармалар байқауын жариялауы сеп болды. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында бір жыл бұрын жарияланған байқаудың жуырда қорытындысы шығып, топ жарған шығармалар легі салтанатты түрде марапатталды.
Қанжығасы майланған қаламгерлердің қатарында жерлесіміз, ақын, драматург, Қазақстан Жазушылар жəне Журналистер одағының мүшесі Мұса Жанəділов те болды. Автор «Ереуілтөбе ерлері» атты үш бөлімді, алты көріністі трагедиясын ұсынып, 1916 жылғы Қарқара көтерілісін суреттеп, қилы да қиын заманның тынысы арқылы тəуелсіздіктің қадір-қасиетін айқындап берді. Шығарманың негізгі мазмұны елдің ертеңі мен бүгінін ойлаған Жəмеңке мен Ұзақ батырлар арқылы көрініс тауып, татулық пен бірлікті насихаттады.
– Драматургияға тосыннан келген адам емеспін. Тараз қаласындағы мəдени-ағарту училищесінің театр бөлімін тəмамдағанмын. Төрт пьеса жаздым. Солардың бірі «Арманым сізге аманат» деп аталатын туындым Кеңестер Одағы кезінде Жамбыл, Алматы, Талдықорған облыстарындағы халық театрларында сахналанды. Осы байқауға қатысудағы мақсатым – қазақ драматургиясын, оның ішінде тарихи дүниетанымды дамытуға үлес қосу. Өйткені драматургия – өршіл, ол көрерменге ой салатын дүниені дөп басып, таба білуі қажет. Намысты қайрап, рухты оятып, жігерді жанитын қойылымдар – қазіргі буын үшін ауадай қажет – дейді, Мұса ата қазіргі қазақ сахнасындағы кей «өміршең» пьесаларға көңілі толмайтынын жеткізіп.
Алғаш рет ұйымдастырылып отырған драмалық шығармалар байқауының мақсаты жаңа шығармалар легін қалыптастырып, жаңа заман драматургиясына оқырман мен көрермен назарын аударту болды. Байқауға қазылық еткендер қатарында классик жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабеков, «Өнертану» ғылымдарының кандидаты, театр сыншысы Анар Еркебай мен ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Əміре Əрін болды. Көркемдік, мазмұндық деңгейіне қарай ең үздік деп Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына арналып жазылған Қолғанат Мұраттың «Орбұлақ» тарихи драмасы танылды. Жеңімпаз шығармалар Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының əдеби қорына алынды. Əрине, олардың ішінде «Ереуілтөбе ерлері» де бар. Енді бұл туындылар сахна арқылы халыққа жетсе, нағыз рухани жаңғыру сол болса керек.
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА
Талғар-ақпарат