Ана тілде әруақтардың демі бар!

Ана тілде әруақтардың демі бар!

       

Тіл-құдірет

Тіл-қару

Тіл-қорған

Тіл-қамал

Тіл-қалқан

Тіл-тағдыр

Тіл-тұғыр

Тіл-ғұмыр

Тіл-қазына

Тіл-өнер

Тіл-кие

Тіл-тілсім күштің иесі

Тіл-бүкіл ұлттың киесі

Тіл-АЛЛАНЫҢ нығыметі

Тіл-АЛЛАНЫҢ құдіреті.      

 Аспандағы жарқыраған жарық күн жердегі қара тасты жылытса, тіл жүректі жылытады.   Жер жаһанды жарық нұрын шашып күн жылытса, жүректерді тіл жылытады. Күннің құдіреті жетпеген жерге тілдің құдіретінің жететіндігін түсінетін уақыт жетті ағайын!    Данышпан Абай өзінің қырық бес қара сөзі мен бүкіл өлеңдерінің өнбойында осы бір ғана «жүрек» сөзінің қырықтан астам мағынасын қолданады. Адам баласының ең аяулы жері болған сол жүректің кілті де, пульті де Тіл.  

АЛЛА елшісі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Адам  баласының бойында бір кесек ет болады. Ол ет бұзылса бүкіл денесі де бұзылады. Ол таза болса бүкіл денесі де таза болады. Ол жүрек деп аталады»-деген хадисі қандай ғажап.  

   Тіл-жүректің тілмәші,    

Жүрегіңді тыңдашы.

Тіл-жүректің қалағанын жеткізсе айтқан сөзіңнің жалған шықпайтыны сондықтан.  Біздің ана тіліміз жәй ғана сөз емес, дыбыстардың дұғасы, ғасырлардың куәсі, қалқымыздың мұрасы.  Бабалардың тілегі, ұлтымыздың тірегі. Жәй ғана тілегі емес, жетпей кеткен арманы, көрсетіп кеткен бағдары. Менің өзім жиі айтып, жиі қолданып жүрген «Піл көтермегенді-тіл көтереді», «Тілмен түйгенді тіспен шеше алмайсың», «Жақсы сөз-жарым ырыс», «Жақсы сөз-жан саміртеді», «Жақсы сөз-жан азығы», «Жақсы сөздің бәрі дұға»деген секілді қаншама қанатты сөздер мен тұрақты тіркестердің астарында алты атанға жүк болатындай салмақ жатқанын ойласақ, тереңіне бойласақ деймін. Ежелден сүйегіне сөз сіңген дана халқымыздың: «Тілмен түйгенді тіспен шеше алмайсың» деген даналығындағы бұл сөздің де астарынан әділдікті жақтаған, қиянатшылға жақпаған, қылыштан да өткір қызыл тілдің құдіретін бағалап тұрған бекзазаттықты байқау қиын емес.                                                               Ертеректе Сиқым елінде бір байдың ерке баласы ұрда-жық даңғазалау екен. Көрші ауылдың өзі сұлу әрі ақылды қызын алмақ болады. Тәрбиелі қыз оның ниетіне қарсылық жасап,өзін аулақ ұстап жүреді екен. Бір жолы оңашада қызды ұстап алып, мойнына қыл шылбырды салып, буындырмақ болады.                                                                                                                                                     —Шылбырыңды тарт әрі, мойынымның қытығы бар,—депті қыз өжеттеніп. Осы оқиға ауылға тарап кетеді. Жігіт әкесі намысқа тырысып Төлеге келеді. Бай, қыздың қалай болған күнде де баласының тұзағына түсетінін айтады.     –Қыз тілімен түйгенді, балаң тісімен шеше алмайды»-депті сонда шешен.       Міне, шешендік дегеніміз көпіртіп көп сөйлеу емес, қысқа да нұсқа етіп дөп сөйлеу.Көпіртіп көзге мақтаудан кімнің болса да ұтары аз, ұтылары көп. Ондай жағымсыз мінез әдетке айналса, адам баласын жалғандық пен жалтақтыққа, жағымпаздық пен жәдігөйлікке тәрбиелеп,адамгершілік атты асқақ абыройынан айыратын айықпас дертке апарады.    Сондықтан да қара қылды қақ жарған әділдігімен тура айтып,туысына жақпаса да: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», деп туралықты ту еткен,текті бабаларымыз ар жолынан аттамаған, әділетсізді жақтамаған.     

 Ат құнына бергісіз ақыл болады…  

Нар құнына бергісіз нақыл болады.    

Атадан қалған ақыл сөзді,   

Көңілге түйіп жүрген мақұл болады, — дер едім. Адамды кемелдендіретін де тіл, беделдендіретін де тіл. Адамды жаңылдырып, жаздыратын да тіл, адастырып, ақылынан аздыратын да тіл. Сондықтан да: «Адамның тіліне аспандағы бұлт азады»дегенді де тіл құдіретін түсінетін бабаларымыз босқа айтпаған. Қазағымның киелі сөзімен жылаған жүрек жұбанады, мұңайған жүрек қуанады. Ана тіліңдегі аталы сөзіңді алдыменен ел тыңдайды, ел тыңдамаса жер тыңдайды. Ал әруақтар болса да естиді, бірақ та жауап бере алмайды. Ана тілде әруақтардың демі бар екендігі еш дәлелдеуді қажет етпейтін қағида. Осы орайда атақты ғалым академик Мұхтар Өтелбаев ағамыздың мына бір сөзі кімге де болса ой салары анық.   «Маған бірінші кезекте қазақтың қазақ болғаны керек. Менің ғалымдығым да, профессорлығым да қазақтығымнан садаға. Алдымен қазақпын, мұсылманмын, содан кейін ғалыммын. Мен үшін ғалымдығымнан бұрын ата-дәстүрім маңызды.Ата-бабамның әруағын сыйламасам, мыңдаған жыл өмір сүрген  ана тілімде сөйлемесем, ата  салтымды сақтамасам мен ешкім емеспін». Бұл бүгінгі таңда әр ұрпақтың санасында сақталып, зердесінде жатталып жүретін нағыз  зиялы адамның сөзі. Бұл сөзді өзінің ана тілінің қадіріне жете алмай, ұл-қыздарын орысша оқытып, орыс сыныптары мен аралас мектептің санын арттыруға атсалысып жүрген әрбір қазақ ата-аналар менҚазақстанды «өзімнің елім, жерім, Отаным» дейтінбасқа да ұлт өкілдері ойлану керек. Тіл ұлттың, мемлекеттің тұтастығын біріктіретін бірден-бір құрал. Әсіресе Алматы мен Астана қалаларының жастары орысша сөйлеп шүлдірлегенде алдарына жан салмайды. Оларды айдың-күннің аманында жадынан жаңылған адасушылар демеске амалың жоқ. Өз тарихын білмегендіктен тамырынан ажыраған тал сияқты. Осы орайда ұлт көсемі, руани ұстазымыз Ахмет Байтұрсынұлының:«Сөздің ең ұлысы-тарих.Елдің сақталуы үшін оныңтілі, діні, ділі мен дәстүрі жоғалмауы керек» деген қанатты сөзі қашанда жадымызда жүруі керек. Өз тамырын балталап шауып жатқан қазақты көргенде Абайша айтқанда: «ашиды жаның, тасиды қаның». Бір жағынан жаның ашып, аяисың…Бірақ та олар өз анасының тілін өздері аяп жатқан жоқ. Қазақ тіліне көбінесе өзге ұлттар қарсы емес, қазақ тіліне қазақ қарсы. Бұл, әрине, қасірет. Жеке бастың емес тұтастай ұлттың, қазақ деген халықтың қасіреті…  

Бұл қасіреттің қайдан және қалай пайда болған себебін кезінде алаш арыстары ашалап, ашып, соқырға таяқ ұстатқандай етіп айтып беріп кеттіғой. Ұлттық педагогикамызды жазып, басын бәйгеге тіккен ақын    Мағжан Жұмабаев:  

Ерлік, елдік, бірлік, қайрат бақ ардың,  

 Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың.    

 Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,  

  Нұрлы жұлдыз бабам тілі сен қалдың»— деп ұрандаса, халқымыздың психология оқулығын жазған Жүсіпбек Аймауытов: «Қара халықтың мәдениетті болуынан да, мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын. Сондықтан балаға осы бастан  ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды» деген қағидасына қашан құлақ асар екенбіз!  

   «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады»-деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей зарлап өткен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың дәл осыдан бір ғасыр бұрын 1925 жылы «Аралас мектептің санын арттыру-ұлтты жоюдың тиімді әрі төте жолы»- деп айтып кеткенін ескеріп, елемейтін де болдық. Күні бүгінге дейін ұлтжанды қазақтың ашуын келтіріп, тілімізді білдірмей тұншықтыра өлтіріп бара жатқан осы аралас мектеп екенін білсек, оның ұлт болашағы үшін зиянды екенін құлаққа ілсек тіліміздің тарылған тынысы кеңейіп, көшіміздің түзелеріне еш күмәніңіз болмасын! Аралас мектептер мен балабақшалардың санын азайтып, бір тілдегі яғни қазақ тілді мектеп пен мектепке дейінгі мекемелердің санын арттыру кезек күттірмейтін мәселе. «Адамның аузына бір емес, бірнеше тіл сияды. Ал ана тілің сыймаса, онда қазақ болмай-ақ қой»-деген ақын ұстазымыз Қадыр Мырза Әлінің қайрау сөзін баршаларыңызға тарту ете отырып, аралас мектеп азаймай, тіліміз оңалмайтынын баса айтқым келеді. Әр ата-ана балаларын ана тілінде оқытуды қолға алуы керек. Өйткені, ана тілде әруақтардың демі бар.

 

Камнұр Тәлімұлы,

ақын, тіл жанашыры, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздік қызметкері, Халық мұғалімі,Талғар ауданының Құрметті азаматы,

Алматы облысының бас биі.