«Parasat» — таланттар шеберханасы

«Parasat» — таланттар шеберханасы

Әр тасы тарихқа тұнған Талғар өнерден де құралақан емес өлке.   Ұлттық салт-дәстүрін, ән-күйі мен жыр-термесін қайнар бұлағына сақтап қана қоймай, дамытып келе жатқан аудан десек қателеспегеніміз.  Өнерге ғашық жас жеткіншектерді баулып, үлкен өмірге қанат қағуына үлес қосып жүрген  өнер мектебінің қатарында «Parasat» өнер, білім, спорт орталығының қосып жатқан үлесі зор. жуырда Тұздыбастау Мәдениет үйінде талай жастың талабын ұштап жүрген өнер ордасының үш жылдығы ауқымды деңгейде аталып өтті.

Оқушы­лардың дарын­ын ұш­тап, бос уақыт­ын тиімді пайда­ланып, шы­ғар­ма­шылық қабілетін арт­ты­руда аянбай еңбек етіп, жетістікке жетіп жүрген өнер ордасының үш жылдығы біреулер үшін аз уақыт көрінер. Дегенмен сырт көзге аз мезгіл болып көрінген орталықтың ішкі қызу жұмыстары ондағы ұстаздар мен оқушыларға ғана емес концертке келген кез келген көрерменге мәлім болды. Алғашқы сөз кезегін алған орталық директорының айтуынша, өнер мектебі үшін осы үш жыл табысты болған екен. Осы ортадан шыққан сансыз шәкірттер облыстық, республикалық, халықаралық сахналарды бағындырып, жеңімпаз атанып, өлкенің абыройын асқақтатып жүр. . Өмірін өнермен байланыстырған өрендер мұнда өзі қалаған аспабы бойынша білім алып, таңдауы бойынша аспап, теориялық пән­дердің сабақтарына қатыса ала­ды.

Ерлік ИМАНҚҰЛОВ,  

«Parasat» өнер орталығының директоры:

  • — Бауыржан Момышұлы айтқандай, өнер – адамның рухани азығы, халықтың бүгіні мен келешегі, арманымен қиялы, жалпы болмысы.  Біздің қазақ үшін өнердің жөні бір басқа. Өнерді тыңдау арқылы біз жас ұрпақтың жүрегіне рухани ләззат, адами сүйіспеншілік пен махаббат, жан рақатын сыйлай аламыз. Өмір сүрудегі қиындықтар мен ауыртпалықтарға жан дауасы ретінде де өнерді қабылдайтыны хақ. Өнер – таза, мөлдір тұнық бұлақ тәрізді жанға сусын болатын рухани азық. Егер өнер болмаса адам жаны қасаңдықтан азып-тозып кетер ме еді? Міне, сондықтан да әр адам өзіне өнерден рухани таяныш іздейді. Ал сол өнерді  жеткіншектердің жүрегіне ұялатып, құрметтете білсек, адамға тән адами қасиеттер жоғалмайтын елі деп білемін

Концерт шымылдығы Құрманғазының «Балбырауын» күйімен ашылды. Одан бөлек оқушылар концерт көркін әнмен әрлеп, бимен көркемдеді. Әр өнерпаз барынша тырысып,  шеберліктерін шыңдап, өнерге қанатын қақтырған ұстаздарының еңбегін бағалата білді. Дәстүрлі өнерді құрметтеу де ұмыт қалмаған. Бір кездері Ақан, Біржан, Әміреден бастау алып, бертін келе Ғарифолла, Кенендермен жалғасқан дәстүрлі өнерді сақтап, оны болашаққа жеткізу басты борышы екенін сезінген ұстаздар балаларға үйрету үстінде.Асыл өнерді сақтауға, оны барынша жас ұрпақ арқылы дамытуға атсалысып, жас таланттардың жолын ашуға барын салып келетіндігі домбыра, қобыз ұстаған әр балдырғанның бойынан айқын аңғарылды.

Концертте өнерпаздар жиырмаға жуық номер көрсетті. Өнер мектебіндегі дарынды жастардың барлығы мектеп оқушылары болса да білім мен өнерді қатар ұстап жүрген жеткіншектердің еңбегіне, талантына риза болдық7

«Өнер өмір­шең» демекші, май­талман мамандардан білім алып, іргетасы мықтап қаланған шә­кірттен тү­бінде таудай талант шығатыны бәрімізге белгілі. Мұнда таланты мен талабын ұш­тастырып, өне­рін өмір өзеніне айналдырған өрендердің көзінен үлкен жетістікке деген құлшынысты көрдік. Өнер ордасының концертінде болған бір сағат уақыттың ішінде балалар бізді бойындағы дарыны мен талантына тәнті етті.

М.Бөлек