РАМАЗАН — РАҚЫМ НҰРЫ ТӨГІЛГЕН АЙ

РАМАЗАН — РАҚЫМ НҰРЫ ТӨГІЛГЕН АЙ

Мүбəрəк Рамазан – күллі əлем мұсылмандарының сағына күтетін, қимай қоштасатын айы. Өйткені адам баласының тəнін, жан дүниесін тəрбиелейтін ораза құлшылығы осы айда парыз етілген. Сонымен қатар адамзатты ақиқат жолға үндейтін, ақ пен қараны айырушы қасиетті Құран да осы айда түсірілді.

Демек, Рамазан айында барша мұсылман баласының ораза ұстағаны теңдесі жоқ бақыт. Үш шарттың аясында, яғни мұсылман болу, ақыл-есі дұрыс жəне балиғат жасқа толған əрбір кісіге Рамазан оразасын ұстау парыз болып табылады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде «Рамазан айына жете тұрып, Аллаһ Тағаланың рақымы мен кешірімінен мақұрым қалған адамның жағдайы қандай өкінішті» – деп, мұсылмандарды рақым нұры төгілген бұл айдың берекетінен мақұрым қалмауға шақырған. Өйткені бұл айда жасалған əрбір жақсы амалдар елеусіз қалмай, сауабы еселене түседі. Алла тағала қасиетті Құран Кəрімде: «Əй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз етілді… Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол жəне (ақ пен қараны) айыратын дəлел түрінде Құран түсірілді. Сендердің араларыңда кімде-кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын. Сырқат немесе сапарда жүрсе, онда Рамазан айында ұстай алмаған басқа күндерін басқа күндері өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді» делінген. («Бақара» сүресі, 183,185-аяттар). Ардақты пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнəлары түгелдей кешіріледі», – деп айтқан. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Рамазан айы келген кезде жұмақтың есіктері айқара ашылып, тозақтың есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді» деген. Мүбəрəк болған осы айда дұғаны көбірек жасаудың үлкен мүмкіншілік сəті. Өйткені, ораза ұстаушының жасаған дұғасы қабыл болады. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шындығында ораза ұстаушының ауызашардағы дұғасы қайтарылмайды», – деп айтқан. Демек, ораза ұстап, көптеген жақсылықтарға қол жеткізгеніміз секілді, ауызашар сəтінде алақанымызды Аллаға жайып, қажетімізді сұрау да – бір ғанибет.

Құлшылықтың пайдалары мен ерекшеліктерін жан-жақты түсіндірген Ардақты пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сəлемі болсын) үмбетін де соны орындауға ынталандырған. Əбу Һұрайра риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алла Тағаланың былай деп бұйырғанын жеткізген: «Адам баласының барлық амалы өзі үшін жазылады. Алайда, оразаның жөні бөлек. Оның қарымын тек Мен беремін. Өйткені, ол тек менің разылығым үшін ішіпжеуден бас тартты. Ораза ұстаған адамның екі қуанышты сəті бар: біреуі ауызашар уақыты, екіншісі Алла Тағаламен қауышар сəті. Ораза ұстаған адамның аузынан шыққан иіс Мен үшін жұпар иісті мисктен артық» . Алланың разылығы үшін аштықтың тауқыметін тартып бұл дүниеде қиналған адам о дүниеде шексіз рақымға бөленбек. Мына бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Əр нəрсенің өз зекеті бар. Тəннің зекеті – ораза ұстау. Ораза – сабырдың жартысы» – деу арқылы құлшылық жасауда сабырлы болуға шақырады. Ораза бір жағы күнə жасамауда сабырлы болуға, екінші жағы ғибадат жасауда шыдамдылыққа тəрбиелейді. Оразаның теңдессіз құлшылық екендігі жайлы Əбу Үмəма (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарымыздан жақсы бір амал сұрадым. Ол маған «Ораза ұста, өйткені, оған тең келер құлшылық жоқ», – деді. Мен екі-үш рет қайталап сұрасам да «Ораза ұста, оған тең келер құлшылық жоқ», – деген жауабынан танбады». Оразаның сауабына байланысты басқа хадистерінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кімді ораза ішіп-жеуден тыйса, Алла Тағала оған Жұмақ жемістерінен жегізіп, Жұмақ бұлақтарынан ішкізеді», «Жұмақта «Раййан» деп аталатын есік бар, ол есіктен тек ораза ұстағандар ғана кіре алады», – деу арқылы ораза ұстаушылардың Жəннатта арнайы құрметке бөленетінін сүйіншілеп жеткізген.

Көзді ашып-жұмғанша өтіп-ақ кететін ораза күндерімізді сауапты əрі игі істермен өткізіп, Аллаһ Тағаланы көбірек еске алып, одан кешірім тілеу, мүмкіндігінше жұртқа жақсылық жасап, мейлінше ізгі істі көбірек істеу, жағымсыз қылықтар мен жамандықтардан, күнə атаулыдан барынша бойды алыс ұстап, кедейкембағал, жарлы-жақыбайларды мүсіркеп қол ұшын беру, садақа үлестіру, көбірек ғибадат-құлшылық жасау, қаза намаздарды өтеу, нəпіл ғибадаттарды арттыру, Құран оқу, ауыз бекіткен жандарға ауызашар беру Пайғамбарымыз (с.а.у.) əдет еткен əрі сүннет болып табылатын ең негізгі істер қатарына жатады. Рамазан айы – мүміндердің кісілігі мен парасаттылығын шыңдайтын илəһи рақымға толы берекетті ай. Ораза ұстауға ниет еткен жан сəресінен кешкі ақшам уақыты кіргенге дейін аузына ас алмаумен қатар, жаман сөз шықпауына да барынша мұқият болғаны жөн. Өсек-аяң, өтірік айтудан, біреуді орынсыз ренжітуден сақтанғаны дұрыс. Бұлар оразаның қадірқасиетін қашырумен қатар, ауыз бекітушінің ниет еткен сауабын да кемітеді. Бұл қасиетті айды бізге нəсіп етілген соңғы Рамазан айы деп біліп, қал-қадірімізше, шамамыздың келгенінше оның берекесі мен сауабына қол жеткізуге тырысайық!

(Ескерту: Мақалада қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистері келтірілгендіктен, құрметпен қарап аяқасты етпеңіздер!)

Материалды әзірлеген: Райхан АЗИМОВА.