Қазақстанның ішкі саясаты: Жаңа стратегиялық бағыттар мен құндылықтар

Қазақстанның ішкі саясаты: Жаңа стратегиялық бағыттар мен құндылықтар

2025 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» жарлыққа қол қойды. Бұл тарихи құжат еліміздің саяси және рухани дамуында айрықша маңызды кезең болып саналады.

Жарлықта белгіленген басты бағыттар – «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» – қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтып, әділдік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Әр азаматтың жауапкершілігін арттыру, заңның үстемдігін сақтау және әділдікті өмірдің басты өлшеміне айналдыру – еліміздің жаңа саяси мәдениетінің негізін қалыптастырады.

Сонымен қатар, жарлықта ұлттық құндылықтарға, мәдениет пен рәміздерге ерекше мән берілуі – халықтың рухани жаңғыруына, этносаралық және дінаралық татулыққа, жас буынның отаншылдық сезімінің нығаюына ықпал етеді. «Алға, Қазақстан!» ұраны мен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» формуласы қоғамды біріктіретін және дамуға бағыттайтын терең мағыналы ұстаным болып отыр.

Құжатта ашық диалогты дамыту, азаматтық белсенділікті арттыру, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету сияқты мәселелерге ерекше көңіл бөлінген. Бұл – жаңа дәуір талабына сай, Қазақстанның ішкі саясатында тың серпін беретін стратегиялық бағдарлама.

Жаңа жарлық Қазақстан қоғамының бірлігін нығайтып, мемлекеттіліктің берік негізін қалыптастыруға, әр азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған нақты қадам болып табылады.

«AMANAT» партиясы Талғар аудандық филиалының төрағасы С.Думчибаев