Рухани құндылықтар сырт көзге жай ғана айтыла салар абстрактілі оймен пара пар көрінгенімен, ол адамның ішкі сенімі, ар-ождан тазалығы, Отанға, ата-анаға, қоғамға адал қызмет етуге деген ұмтылысынан туындайтын өзек. Адамға тән мейірімділік, ақиқат пен әділеттілікке ұмтылу, үлкенге құрмет, кішіге ізет, адалдық, жауапкершілік, шыншылдық – осының бәрі рухани құндылықтардың көрінісі.
Ұлттық қауіпсіздік қызметінің негізімен тамырлас аса маңызды тақырып төңірегінде жуырда мәнді кездесу Кездесу ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің Арнаулы мақсаттағы басқармасы мен Қарасай шекара басқармасының жеке құрамымен өтті. Кездесуге «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының жетекшісі М.Мәулетқызы, ақын, сазгер, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздік қызметкері, Халық мұғалімі, Талғар ауданының Құрметті азаматы, Алматы облысының бас биі, «Қазақтың үздік биі» төсбелгісінің иегері Камнұр Тәлімұлықатысты. Іс-шараның мақсаты айтылып, бірлестіктің басты ұстанымы тілге тиек етілгеннен кейін сөз алған Камнұр Тәлімұлы кез келген мемлекеттің мызғымас тұғыры – тек экономикалық қуатпен немесе әскери әлеуетпен емес, рухани беріктікпен өлшенетінін еске салды. «Рухани құндылық дегеніміз не? Бұл жеке тұлғаның ішкі діңгегінғана емес, тұтас ұлттың болмысын айқындайтын қасиет. Сіздердің қызмет – ұлттың амандығы мен мемлекет тұрақтылығына тікелей жауап беретін сала болғандықтан да сіздер үшін руханият – формалық емес, қызметтік қажеттілік», — дей келе отбасында әкенің рөліне кеңірек тоқталды.

Спикердің сөзінен кейін басқарма басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Асқар Қайратұлы тақырыпқа ой қосып, рухани құндылық, ұлттық рух – қызметімтерінің екінші формасы екенін жеткізді.
Кездесуге қатысқан әр жауынгер рухани тұрғыдан өсуге, биік адамгершілік пен мәдениетті бойға сіңіруге ұмтылуы керек екенін түйіп, Отан алдындағы борыш – тек күшпен емес, жүрекпен де орындалатынын жете түйсініп тарқасты.
М.Бөлек