Бұл өмір дара таланттарды үйіп-төгіп сыйлай бермейді, некен-саяқ береді. Сол таланттар дүниеден әлдеқашан өтсе де бәйгеден жалғыз озған Құлагердей ауыздығын шайнап, жарыс көмбесінен дара көрінген бейнесі көз алдыңа дәл қазіргідей елестесе, жер жүрегін дүрсілдеткен тұяқтарының дүбірі күні бүгінге дейін ел құлағында сан мәрте жаңғырып, қайталанып, естіліп жатады. Сол нағыз дүлдүл ардагерлеріміздің қайсар рухы үлкен ақыл парасаттан, халыққа деген адал еңбегінен, тура адамдық жолға түскен кемелділігі мен кемеңгерліктің, қасиетінен келген. Қазақ халқынан шыққан дара тұлғалардың бірі Сұлтанмахмұт Торайғыров:
Ел үшін енбек етсең халқың сүймек
Біз үшін отқа, суға түсіп жүр деп.
Ер өлсе де, еңбегін ел өлтірмес
Неше мың жыл өтсе де тарих білмек, – деп айтқан аталық ақылы сирек кездесетін дарын иелерін тасқа басқан таңбадай тарих бетінде қалатынын аңғарса керек. Өмірге келген барлық жан иесі есейіп, ер жетеді, қартаяды, өледі. Дүниеде мың жасаған пенде болған емес. Нағыз мың жасайтындар халық жүрегінде терең тамыр тартып, ұрпақтан-ұрпаққа есімі аңызға айналып, атақ даңқы әлемге аспандап, бір ауыл, бір аймақ, бір елге, бір мемлекет емес, күллі адамзатқа ортақ рухани мұра қалдырған санаулы өнер әлемініңжарық жұлдыздары ғана десек, тарих алдындағы шындықты бұрмаламай-ақ сөйлеген боламыз. Уақыт атты әділ төрешінің сынынан өткен шын тарих деген міне осы.
Жаратушы ием Шыңғыстауына АбайҚұнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сынды үш алыпты жомарттықпен қатар сыйлапты. Бұл жай ғана айтылған сөз, шынын айтсақ, қазақ халқының мандайына үш заңғар тауды тарту етіпті. Бұл үш алып бүгінгі күні әлденеше елдің шекарасын аттап, сан миллион адамдардың жүрегінен шығармалары жол тапқан, өнер әлеміндегі өлмес тарихи тұлғаларға айналды. Сол үш алыптың бірі халықтың дана перзенті, ақын, жазушы, аудармашы, шежіреші, философ Шәкәрім Құдайбердіұлы Құнанбаев.
Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылы Шыңғыстауында дүннеге келген, ата-тегі қазақтың Орта жүзіне жататын Арғын елінің Тобықты руынан келіп шыққан. Әкесінен 6 жасында айырылған ол Құнанбай, Абай қолында қалып,ешқандай жетімдік тартпады.
Шәкәрімнін атасы Құнанбай сол тұста қазақтың үш жүзінің аты әйгілі, байлық пен мансап тең дарып, қызыр қонған, ел-жұрт алдында абырой, беделі жоғары, ел тізгінін ұстаған, тасы өрге домалаған аға сұлтан еді. Бардам атаның дәулетінде тарықпай өскен Шәкәрімнің өнер үйренуге жаратылған шарт-жағдайы толық болса, сөз асылыбойына ұйыған, шешен тілді атасы Құнанбай мен қаламынан інжу-маржан сөздер төгілген, ақыл-парасатқа бай Абайдың ықпалы өте күшті болған,әсіресе ол Абайға еліктеп өлең жазды, жазған-сызғандарын Абайға көрсетіп, ақыл-кеңес сұрап, ұстаздық тәрбиесін алып отырды. Шәкәрім әкесі қайтыс болған жылдары бір жұлдыз құртты мыжып өлтіреді. Артынан неге өлтірдім деп ойлап қалады да, іле-шала жұлдыз құрт болып сөйлеп, өзініңарына мынандай наразылық өлең шығарыпты:
«Өлтірдің онан таптың қандай пайда,
Өмip cүpiп жүpушi eдім жазда сайда.
Жетімдіктің қандайын көзің көрді,
Кешегі тірі жүрген әкең кайда?!»
Алғыр да зерек 7 жасқа енді ғана шыққан ойын баласының, алғашқы осы бір шумақ өлеңі ауылдың шал-кемпірлерінің иегін кемсеңдетіп, көзіне жас алдырса, шешесінің «Тіл, көз тиеді» дегеніне бой бермей, Абайдың қолдауында өнер жолына бет түзеді. Осылайша бақ дарып, қызыр қонған Құнанбай, Абай өкілдік еткен ғұламалардың үздік ұрпағы Шәкәрімнің атақ-даңқы алыс-жақынға жайыла бастады.
Құнанбай өз ауылының балаларына, жастарына тәлім-тәрбие беріп, үлгі көрсетіп қалмастан өз тұсындағы қазақтарға өнеге бола білген, шешен тілді, өз дәуірінің озық ойлы арысы еді. Құнанбайдың жақсы тәрбиесінің шапағаты Абайға да, Шәкәрімге де көп тиді, өзінен даңқын асырып, Абай Шәкәрім сынды қос арысты дүниеге танытты.Олар Құнанбай ауылының мақтанышы ғана емес, бүгінгі күннің дүние қазағының ортақмақтанышына айналып отыр.
«Ақыл – ауысады, ырыс – жұғысады» дегендей Шәкәрім Абай жырларынан үлгі-өнеге алып, құлашын өнер әлеміне кең жайды. Абай оның өміріндегі ең жақын жанашыр адамы, өнер әлеміндегі зерделі ұстазы, мықты тәрбиешісі бола білді. Шәкәрім өзіне Абайдың тәлім беріп, ұстаздық ету барысын былай әнгімелейді: «Ибраһим мырза мұсылманша, орысша ғылымға жүйірік һәм Тәңірдің берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі болды, ер жеткен соң сол кісіден тағылым алып, әртүрлі кітаптардан оқып,насихатын тындап азғана ғылымның сәулесін сезіндім. Ибраһимнің тұрағы қазақ іші болғандықтан қадірі аз білінді, олай болмағанда данышпан, ғұлама, философ кісі сді» (Шәкәрім шежіресінен). Шәкәрім 20 жасында Шыңғыстауының болысы болып сайланып, ел тізгінін ұстайды, екі рет болыс болып сайланғаннан кейін біржолата мансабынан бас тартып, әдеби жасампаздыққа мықтап ден қояды. Ғұлама ғалымның өмір жолы күрделі де бұраң болады. Ол жасаған қоғамдық ортадағы түрлі жіктер арасындағы кайшылықтар барған сайын ушыға түсіп, өнер жолындағы бақталастары етек-жеңінен кейін карай тартса, Оспан, Шәке, Мағауия, Ақылбай, Абайлардың бірінен соң бірі өмірден аттануы Шәкәрімге оңай болған жоқ, қайғы жұтып, ет-жүрегі езіліп жараланды. Шәкәрім осыдан кейін өзінің ұзақтан аңсап келген арманын іске асыру үшін Қажыға барудың дайындығын көреді. Атасы Құнанбай қажыға барған, ислам дін жолын қуған пәк адам еді. Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің жазған бір естелігінде «Атам Құнанбай 1874 жылы Қажыға барғанда Меккеде қазақ қажылары түсетін бір «Тақия» яғни қонақ үй сатып алып еді. Мен пақыр 1905 жылдан 1906 жылға қарай Қажыға барғанда «Taкияны» көрдім дейді. Шәкәрім Қажыға бару сапарында араб елдерінің озық мәдениеті мен әдебиетінен мол білім алып қайтады. Ол өмірінің соңғы мезгілінде он неше жыл елден оңашаланып, тау басындағы тұрағында тынымсыз ізденіс жолына түседі. Өзінің жасаған қоғамдық ортасына көңілі толмаған ақын:
Досың қайсы, қимастай елің қайсы?
Ел салмағын көтерер белің қайсы?
Аузың темір татиды бәріп татып,
Жалғанды кимайтұғын жерің қайсы? – деп кейістік білдіреді. Ақын және де:
Бері жақсымыз қулардың қулы болды,
Тепсе темір үзерлік, қайран қайрат! – деп екі беткей қулардың алдауы мен арбауына түскен ер—азаматтардың тағдырына ашынады. Қаламгер ілгерінді-кейінді мол дүние жазып жариялады. Мысалы «Мұсылмандық», «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», «Қазақ айнасы», «Қалқаман-Мамыр», «Еңілік-Кебек», «Ұлтшылдық туралы», «Шынбақ», «Нартайлақ-Айсұлу», «Әділ-Мария» т.б. алуан жанрда жазған шығармалары мен шетелдік әдебиет алыптарынан Физулидің «Ләйлі-Мәжүнін», Пушкиннің «Боран» поэмасын т.б. қазақшаға аударган. Осыған қарағанда Шәкәрім Құдайбердіұлы Шығыстың алыптары мен Еуропа, орыс әдебистінен де мол хабары бар. Көптеген шет тілдеріне жүйрік, білім иесі екенін аңғаруға болады. Ол А.С.Пушкиннің «Дубровский» поэмасын қазақ тіліне жатық аударған ақын. Таза қазақы тілімен өз оқырмандарының көкейіне былай қондырады:
Өлшеусіз көп жасаған дүние кәрі,
Тағы талай жасамақ мұнан да ары.
Иесінен басқаға мәлім емес,
Қанша тұрмақ каншама тұрғандары.
Ғұлама ғалымның жазған естелігінде: «30 жас шамасында бір айдай тілім байланып, сөйлей алмай қалдым. Осы кезде 7 жастан бастап жазған өлеңдерімді өртеп жібердім, артынан Абай ұрысты, өзім де өкіндім» – дейді. Осыған қарағанда ширек ғасырдан астам уақыт жазған шығармалары сақталмаған көрінеді, Абай мен Шәкәрімнің өмір жолы қым-қуыт қайшылыққа толы болды. Құнанбай ұрпақтарынан шыққан қос арыстың өнер сабақтастығына зер салар болсақ, Шәкәрімнің таланты Абайдан кем болмады. Абай бармаған жерлерге барды, Абай араламаған елдерді аралады. 1958 жылы Кеңес Одағының Жоғарғы прокуратурасы Шәкәрімді «саяси қылмысы жоқ»деп тұрақтандырғаннан кейін түбегейлі ақталып, оның шығармаларының басына үйірілген тұман тез айығып, ғұлама ғалымды зерттеудің алтын дәуіріқайта басталды.
Шәкәрім мұралары аумалы-төкпелі заманды басынан кешіріп, Қазақстаннан екі рет ауған елімен бірге Қытай қазақтарына ауызша немесе қолжазба күйінде кең таралған. 1916 жылғы Ақ патшаның«25 маусым» жарлығы бүкіл қазақ даласын дүрліктіріп, бейкүнә елді қанды-қырғынға ұшыратып, соңы үркінге жалғасқаны бәрімізге аян.Дәл осы жылдары ғұлама ғалым жалғыз оңаша қалып, ел тағдыры, жер тағдыры туралы шығармалар жазды. Әсіресе Шәкәрімнің кенже ұлы Зият ел тағдыры қиын болған жағдайда бірнеше адаммен бірге, 1931 жылдың соңына ала Тарбағатай арқылы Қытай жеріне жан сауғалап өтеді. Сол тұста Абай, Шәкәрім ұрпақтарының тағдыры осылай ғана емес босқын болған қазақ халқының ұрпақтарының тағдыры осылай еді. Жыр дүлдүлі, семсер тілді ақын Көдек Байшығанұлы Маралбаев 1928-1932 жылдары аралығында босқын болған ел басына түскен ауыр күндерді суреттеп мынандай жыр жазған екен:
Бос жерде бейқұт өскен қазағым-ай,
Ашыған қымыз емес саумал едің,
Біреуді біреуге әкеп ұрындырған,
Дүние қандай түлкі аумал едің.
Ет пенен сүт салығынан шошынған жұрт,
Қарасу кешіп жерден алған едің.
Жазықсыз халық жауы аталған соң,
Мекенін тастап қашып, аумағы елдің.
Білмеймін халы калай болып жатыр,
Паналап Қытай жаққа барған елім.
Міне бұл шумақ өлеңдер Кеңес үкіметі тұсындағы «Шаш ал десе бас алатын» солақай саясаттың салдарынан тоз-тозы шығып, телім-телім болған ел тағдырының шынайы көрінісі еді. Зият Шәкәрімұлы әне сондай босқын болған, тағдыры тар кезеңге тап болған, елі мен мекенінен айырылған зиялы азаматтардың өкілдерінің бірі еді. Шәкәрімұлы Зият Қытайға келгеннен кейін, бір бөлім өзі ала келген әкесінің шығармаларын Тарбағатай, Алтай өңіріне кеңінен таратса, екі рет ауған елдің теңінде қолжазба күйінде немесе бірден-бірге, ауыздан-аузға таралып, Шынжаңның түкпір-түкпіріне дейін тарады. Зият алғаш Тарбағатайға келгеннен кейін, біраз уақытШәуешекте тұрып, онан кейін Алтай аймақтық Дутың мекемесінің (Аймақтық әкімшілік мекемесі) мәдени қызметкері әрі мектептерде сырттай окытушы болды. Оныц қайын атасы Сейітқазы Нұртаев 1935 жылы Үрімжіге «Өлкелік қазақ-қырғыз ұйымының» орынбасар басшысы болып барғаннан кейін, көп өтпей Зиятты өзі тұрған ұйымға қызметкер етіп алады. Арада 2-3 жыл өткеннен соң жауыз Шыңсысай үкіметі жағынан қолға алынады. Әйгілі ғалым, жазушы. Көрнекті қоғам қайраткері Сұлтан Жанболатов ағамыз «Іле газетінің» 2007 жылғы 31 қазан күнгі санында «Шынжаңда Абай ұрпағы бар ма?» деген жұрт назарын аударған тамаша мақаласын жариялаған еді. Бұл мақалада «Зият Шәкерімұлы 1903 жылы туылған екен. Шәкерімнің Зияты басына күн туғанын сезе сала 1931 жылы Қытайға қашып келеді. Мұнда келген соң ақындық, жазушылық жұмысын жалғастыра береді. Зият бұл елде бұқпаланып өмір сүруге шыдамаған ұлтжанды қайраткер. Ұрпақ сүйгіш ағартушы екен. Ол 1934 жылы Алтай ағарту бөлімінде, 1935 жылы Үрімжідегі қазақ-қырғыз мәдениет ұйымының ойын-сауық бөлімінде (меңгеруші) больш,«Шынжаң» газетініц қазақ редакциясыныц әдебиет бөлімінде (басшы болып) істейді. Жәкенің Мұқашымен бірлесіп аудармашылық істейді. Таңжарық ақынмен сырлас дос болады. Өзтуындысы «Любай Күрдайды» сахынаға қойғызып, өзге («Қаракөз», «Шұға» т.б.) шығармалардың сахынаға шығуына себепкер болады. Aмал не? Xaлық басына зобалаң орнаған жылдары (1937) Шыңсысай ұстаған зиялылар қатарында тұтқыдалып, Кеңес үкіметіне тапсырылады да, Сібірге айдалып, ауыр азаппен өлтірілді» деген құнды дерек көздеріне ие боламыз. Зият Шәкерімұлы өз басынан ауыр күндерді кешіре отырып, зұлым үкіметтің саясатынан сескенбей, әкесе Шәкерімнің шығармаларын Қытай қазақтарына ең алғаш кеңінен таныстырады, әрі таратты. Нақтылап айтқанда ол қазақ халқының маңдайына біткен біртуар ғұлама ғалымның мұраларын туған халқына аман-есен жеткізген ұлтжанды қоғам қайраткері. Шәкерімнің Қытай қазақтарына тараған шоқтығы биік еңбектерініңбірі «Ататек» туралы жазылған шежірелі шығармасы. Бұл еңбегі 1911 жылы «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» деген атпен Қазанда басылған. Бұл көркем шежірелік шығармасы қолжазба арқылы бірден-бірге тарап, бір ғасырға жуық уақыт шежіре құмар халқымыздың сусынын қандырды. 1990 жылы Қытай қазақтарынан шыққан әйгілі ғалым Нығмет Мыңжани мен Әбдірашит Байболатұлы құрастырган «Қазақ шежірелері» атты бірінші кітап Іле халық баспасы жағынан жарық көрді. Осы кітапта Шәкерім жазған қазаққа қатысты шежірелік өлеңнен төрт жүз шумақ өлең таңдалып алынып, «Қазақтың жалпы шежіресі» деген тақырыппен берілді. Әйгілі тарихшы, қоғам қайраткері Жақып МырзахановтыңШынжаң газетінің 2004 жылғы 29 қазанда жарық көрген «Мұрада» жарияланған шежірелер туралы толғаныс» атты мақаласында «Мұрада» жарияланған екінші бір үлкен құнды шежіре қазақтың атақты ақыны, тарихшы Шәкерім Құдайбердіұлы жағынан жазылған «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» бұл шежіре мұраның1985 ж. 3-4 санында, 1986 ж. 1-2 санында жарияланыпты.
«Шежіреден бурын», «Қазақтың қайдан шыққаны» және «Хандар шежіресі» катарлы бөлімдерден кұрам тапқан бұл шежіре Шәкерім Кұлайбердіұлы сынды ХІХ ғасырдың кейінгі жарымы, ХХ ғасырдың басында жасаған тарихшының өз кезінде қольна түскен арабша, орысша және орыс тіліне аударылған ішінара Қытай деректерінен пайдаланып жазған шежіресі. Өз сөзімен айтқанда бұл кісі ол кітаптардағы сөзді түгел жаза алмасам да керектісін теріп алып, оған тура келген қазақтың ескі сөздерін қосып, бір шежіре жазамын деген мақсатына жеткен дейді. Ұлы Абайдан кейінгі таңдаулы гұлама галым Шәкерім қажы өзі жазған шежіресінде туған халқына ата-тегін білу туралы мынандай ақлиялы алтын сөзін сыйлапты.
…Елім-ау неге ерініп тек жатасың.
Ғылымға бір кіріссең дәм татасың.
Қалжың емес һам үшін жаздым мұны
Білсін деп кейінгілер түп атасын..
Қытай қазақтарында Шәкәрімнің шежірелік шығармаларының кең таралуымен ықпалының зор екенін оның қазақ халқынан шыққан мандай алды шежіре атасының бірегейі екенін ләлелдесе керек.Шежіре кұмар халық Шәкерімді кұдайдай сыйлаған, оның жазған шежірелерін таласа-тармаса оқып, ол жаратқан шежіре үлгісінен пайдалана отырып, әр ру тайпалардың ақсақал шежірешілерін қазақ шежіресін толықтап, жазып, дамытып отырған.
Қазақ халқының рухани кемеңгері Абай Құнанбайұлының дүниеге келгендігінің 150 жылдығын атап өту мерейтойы 1995 жылы дүниежүзілік денгейде салтанатпен откен еді. Міне бұл Абай көшінің соңына ерген ғұлама ғалым Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниеге келгеніне биыл 150 жыл, дүниеден қайтқанына 77 жыл толыпты. Ғалымның өзі өлсе де, аты мен хаты өлмей күллі қазақ даласының түкпір-түкпіріне дейін таралып, атақ-даңқы бәр елге аспандал өлмес тарихи тұлғаға айналды. Халык жазушысыМ.Мағауин «Ғұлама қаламгер» атты мақаласында «Бұдан 50 жыл, 80 жыл бұрынғы қазақ поэзиясында Абайдан соңғы ең танымал есімАбайдан соңғы ең көрнекті тұлға одан соң өзі өлсе де аты ошпеген, шығармалары сақталса да, жұрт алдында жарқырап шықпаған, күні кеше ғана өтсе де өмірі ертегіге, ісі аңызға айнала бастаған, ал шығармалары сансыз қолжазба, сауатты, сауатсыз көшірмелер apқылы бүкіл қазақ даласына тарапты. Ақсақалдар бас қосқан жиынды жерде, ағайындар миман күткен отырыста дастандары жырланыпты, сейтіп есімі көмескіленгенімен, еңбегі күңгірт тартпаған ақын туған елінің рухани өмірінен сырт қалыпты» деген салиқалы көзқарасын айтыпты. Халқымыздың рухани байлыгын дамыту жолында уақыт атты тарих сынагынан сурінбей өтіп, өнер ізденісі арқылы қалыптасқан Шәкәрім өлеңі – кез-келген керім қолдан келе бермейтін өнер шыңы. Сол себепті ұлы М.Әуезовтың «Шығыс әдебиетінде сол кезде Шәкәрімдей жүйірік адам көргенім жоқ» – деп таңдай қағуы тегін емес екен. Шәкәрім Абай көшінің алтын шынжырын жалғаушы, бүгінгі ұрпақтарға ғана емес, болашақ ұрпақтарға үлгі болып, сабақ беретін ғұлама ұстаз.
Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ,
Этнограф-жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі