ХХI ғасыр — технология дәуірі. Қазіргі таңда адам өмірін жеңілдететін түрлі технологиялар күн сайын өмірге келіп жатыр. Білім мен инновацияның дәуірлеп тұрған бүгінгі күні көш басына ұмтылған технология руханиятты кері шегеріп жатыр, ұлттық болмыстан ада технократ ұрпақ көбейіп жатыр деп көп айтамыз. Қаламды қасиет тұтқан әр жанның әдеби сана жайлы өз көзқарасы мен айтары бар болар, ал мен ұлттық жаңғыру деген ұғымға адалдық танытып келе жатқан бір отбасы туралы айтпақпын. Турасында, сол отбасының балалары жайлы.
Талғар ауданына қарасты Төңкеріс ауылында тұратын Атамқұловтар отбасы қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деген өкінішінен сабақ ала білген отбасы десек қателеспеймін. «Тәрбие басы тал бесік» екенін ескере білген Қуат пен Жанна Атамқұловтар келешек тізгінін ұстар ұландарына білім, өнер, спорт сынды сан саладан бөлек рухани сәулені жарқырата еге білген жандар.
«Табалдырықтан биік тау жоқ» деген қазақ сөзі тәлімнің тал бесігі отбасы екенін ескере айтқаннан шыққан болар. Әр ата-ана сапалы білімге саналы тәрбиенің жалғасқанын қалайды. Өйткені сол өрен берілген білім мен тәрбиенің деңгейіне сәйкес әрекет жасап, қазыналы қазақтың әлем төріндегі маңызы мен орнын айшықтайды. Міне бір отбасының баласынан парасатты тұлға жасау қамындағы еңбегі, тәрбиесі осындай ниеттен туындағаны көпке үлгі болса деген ойдамыз.
ТЫНЫШБАЙ МИРАС ҚУАТҰЛЫ
Мирас бүгінде драма актері. Т.Жүргенев атындағы қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдап, мамандығы бойынша жұмыс істеп жүрген жас маман. Өнерге Мирас кездейсоқ келген жоқ. Сонау бала кезден бойына құйылған тәрбие мен білімнің арқасында қол жеткізген. Соның ішінде Абайдың қара сөздері көкірегіне орнығып, келешегіне жол сілтегенін мақтанышпен айтады. «Абай мұрасы жастар үшін сарқылмас қазына дер едім. Тіпті қазіргі коучтар, мотиваторлар айтып жүрген жігерлі сөздің бәрін бір Абай атамыздың қара сөзінен таба аламыз. Сол үшін де мен бабамыздың 45 қара сөзін қайталап оқудан жалықпаймын. Әрқашан жол сілтер шамшырағым, бағыт берер бағдаршамым іспеттес. Қасымдағы достарыма да арасында мысал келтіріп айтып, насихаттап жүремін. Абайға жүгінсек – өзіміздің ішкі рухани әлімімізге жүгінгеніміз деп ойлаймын», — дейді болашақ жарық жұлдыз Мирас.
ТЫНЫШБАЙ ДИАС ҚУАТҰЛЫ.
9 «ә» сынып оқушысы, Төңкеріс ауылы
«Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда» демекші, Диас та аға салған сара жолдан сүрінбеген бозбала. Абай бабасының ғұмыры мен ғибраты, шығармашылығы қазақ халқына ғана емес әлем жұртына да өнеге екенін бала жүрегімен сезе білген және сол өнегеден өзі де сарқып болмаса да тамшылап ішуді қалаған. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегін мен ақылын екі жақтап», — деген екі жолын өмірлік кредо ретінде ұстанады. Өлеңдерінен оның нағыз еңбекқорлықтың мотиваторы екенін байқап, арзан ойын-күлкіге, салғырттыққа салынбай, үнемі сергек болуға шақыратын, жанына жақын, жүрегіне жігер сыйлайтын бірнеше өлеңдерін бала кезден жаттап алады. Бұл қызығушылық өсе келе басты мақсатына айналады және бұл мақсаты адам кемелдікке жету үшін қандай қасиеттерге ие болуы керек деген ойды тудырады. Бүгінде сол жолда өзін жетілдіріп жүрген Диас Абай атасының өлеңдерін қоғамдық күш деп біледі.
ТЫНЫШБАЙ ЗАРИНА ҚУАТҚЫЗЫ,
7-сынып оқушысы, Төңкеріс ауылы
Қазақ жауынгер әйелдерінің бірі, Сақ патшайымы, Мермер қолбасшысының әйелі, Роксанаки қаласының билеушісі Заринаның есімін тарихтан білеміз. Ал 13 жасар Зарина есімін Абай өлеңдері арқылы таныдық. Ағаларының жолымен, ата-анасының тәрбиесімен Абай шығармашылығына ғашық болып өскен қаршадай қыз ұлы кемеңгердің мұрасын рухани азығы деп қабылдап келеді. Абай өлеңіндегі бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол концепциясын жиі оқып, көкейіне тоқудан жалықпайды. Әсіресе «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңін жаттап алып, тереңірек мән бере отырып айтып жүреді. Көркемсөз оқу байқауларына, білім сайыстарына қатысып, таным көкжиегін кеңейтуді басты мұраты ретінде ұстанған. Биыл Абай атасының мерейтойы елімізде ғана емес шетелдерде де ауқымды деңгейде өткізіліп жатқанына бала көңілмен қуанады.
ТЫНЫШБАЙ ФАРИЗА ҚУАТҚЫЗЫ
2 «г» — сынып, Төңкеріс ауылы
Кішкене Фариза да Абайдың тұрақты оқырманына айналып келеді. Әріпті енді танып келе жатса да аға-әпкелері айтқан өлеңдерді қызықтап қайталап, үйреніп алған. «Фаризаны ешкім үйретпеді. Алғашында мән бермейтінбіз. Кейіннен мән бере қарай бастадық. Қолымыз босаса оқып береміз. Кітап, газет оқып, ертегі айтсақ тыңдауға қашанда әзір. Білімге құштар жан болады-ау», – дейді анасы Жанна. Абайдың кішкентай оқырманы жаңаны игеруге деген құштарлығы қанмен берілген деп айтуға толық негіз бар.
ТҮЙІН:
Әрбір перзент – тәңірдің ата-анасына берілген үлкен сыйы. Олар баласының өмірі жарқын, болашағы кемел болуы үшін әсте аянып қалмайды. Әрбір бала – жарық жұлдыз. Тек талантын танып, дер кезінде жарқырауына жәрдем берсек болғаны. Жұртын ғылымға, білімге, өнерге үндеп, «мыңмен жалғыз алысқан» Абайдың еңбектері ұрпақтан-ұрпаққа қалар асыл қазына. Осы байлықты қадір тұтып, қастерлеу бүгінгі өскелең ұрпақтың міндеті әрі парызы екенін жете ұғынған отбасына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.