Ана жылуынан – сыр сұлуына дейін…

Ана жылуынан – сыр сұлуына дейін…

Есімі Сыр күрішімен қатар айтылатын, өнегелі өмірі еңбекпен өрілген,  «Ғасырдың батыр Анасы» атанған, КСРО кезеңінде 300 миллион халықтың арасынан  өзі Социалистік Еңбек Ері,  өзі —  «Батыр ана»,  өзі  КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған үш ананың бірі — Сыр елінің атақты күрішшісі, 11 баланың анасы, 37 немеренің, 57 шөберенің әжесі,  анамыз Сәлима Жұмабекқызы тірі болса биыл мерейлі 90 жасын тойлап ортамызда отырар еді. Анамыздың аялы ыстық алақанын, мейірімді күлімдеген жүзін, әр кез айтқан ақылын сағынып, ұмыта алар емеспіз.

Рухын Алла Тағалаға аманаттағалы міне, 5 жыл уақыт өтіпті…

Анамызды 80 жылдық мерейтойында ел-жұрты құттықтап, қолпаштап, «Дән падишасы» — деп дәріптеді.  Еңбек адамына халықтың өзі берген осы бағасынан артық бақыт бар ма екен, сірә!

«Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін!» — деген мақалдың мән-мағынасына енді ден қойып, түсінгендейміз. Анамыздың  70 жылдық мерейтойы қарсаңында, ел ағалары мен апаларының құттықтауларын, жыр-толғауларын, бұрын баспасөз беттеріне шыққан мақалаларды, өлең-жырларды жинақтап “Сыр сұлуы, Батыр ана — Сәлима” атты  ғұмырнамалық кітапты  “Қағанат” баспасынан біз, ұрпақтары бастырып шығарған едік. Сол кітапты қайтадан оқып шықтық. Міне, анамыз туралы жазылған бұл кітаптың ішінен мақалалардың үзік-үзігін назарларыңызға ұсынғымыз келеді.

Кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің  екінші хатшысы болған, зейнеткер  Сағидолла Құбашев ақсақалдың  ”Еңбек Ері, азамат, Асыл ана”,   “Адам өмірі адаммен” деген

Сәлима Жұмабекқызының қайсарлыққа, қайраткерлікке толы өмірін толғаныспен жазған мақалаларында: «…Қызылорда облысы еліміздің ең ірі күріш өндіруші өлкесі. Табиғаты қатал, құрғақшылықтың зардабынан Арал өңірі орасан ауыр жағдайда, жұмыста жеңіл болмады. Келген кезден-ақ, қызылордалықтардың ауыр жағдайға төзімділігіне, еңбекқорлығына қайран қалдым. Қазақ әйел-қыздарының күріш өсірудегі еңбектерін көргенде, басқа жерлердегі әйелдердің еңбекке қатынасын жоқтың есебіне теңеуге болады деп білдім. 40 градус ыстықта, маса, сона, шыбын-шіркейдің ішінде, күндіз-түні жүріп еңбек етуге төзу – жанқиярлық ерлік”, — деп еді.  Ал мына сөзі тіпті жаныңды жылытады.

«…Саламат Мұқашевпен, Қазақ КСРО-Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасымен бірге Сәлима Жұмабекованың звеносында болғанымыз бар.

Сәлима күріштік алқаптардың аралығында тұрған киіз үйде болып, біраз әңгімелесіп, күріштің бітік өсіп тұрғанын көріп, күрішке де, әйел-келіншектерге де ризалықпен таңданғанын білемін. …Мен бірнеше рет Сәлима Жұмабекованың Облыстық партия комитетінің пленумында, облыстық кеңестің сессиясында, тіпті Алматының трибунасынан сөйлеген сөздерін тыңдадым. Сөз шешендігі, ұсыныс-пікірлері, сындарлы сөздері елді еріксіз таңдандыратын».

«…Сәлима Жұмабекованы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутатын бұрыннан білетінмін. Оның есімі бүкіл елге белгілі күрішші екені, мәжілістердің трибуналарынан сөйлеген өткірде, сындарлы сөздері ұмытылмайды». «… Әр сөзі орынды, тәжірибелі ұстаз, басшы есебінде қандай мәселеден де өз пікірі бар, өз өлшемі бар ел азаматы екенін көрсетіп отырды».

“…Конференцияда Сәлима КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде облыс халқымен жиі көп кездесулер болып, қабылдаулар өткізетінін айтты. “Облыстың, қаланың қиындықтары, Аралдағы жұмыссыздық пен ауыз судың қасіреті, республикадан көмектің жоқтығы қашанғы айтыла береді. Республиканың бірінші басшылары біздің елдің, қаланың жағдайынан хабарсыз” — деді.

Делегаттар ду қол шапалақтады”. “…Міне, осы менің білетінім.

Сәлима Жұмабекованың жалынды, әрі сындарлы сөзі облысқа да, Аралға да республика басшыларының көз-қарастарын көп өзгертті.

Аралға Ақтөбе жерінен құбырмен су келді. Облыс орталығына құрылыс тресі құрылып көп ірі обьектілерді салу бастау алды.

Бүгінде Қызылорда қаласы еліміздің жаңарған, сәулетті қалаларының бірі.

Бұл үлкен істерде Сәлиманың үлесі бар”. “…Әттең, қарындасымыздың оқымай қалғаны маған игерілмеген мүмкіндік сияқты көрінді.

Сәлиманың ері — Ноғай Дәулетұлы 47 жасында  қызмет үстінде қапияда  апатқа ұшырап, мерт болған.

11 баламен, үлкені 23 жаста, кішісі 1 жарым жаста қалған Сәлима еңбектен қалмады. Еңбек өнері мен адамгершілік, аналық қасиет, жанқиярлық ерлік елге өнеге, жастарға үлгі болды”.

“…Біздің қазақ халқында Азамат деген ерекше қасиетті сөз бар. Оның мағынасы өте үлкен. Ел алдындағы Азамат аты- Абырой, Атақ, Дәреже, Сенім. Ең жоғарғы мақтау, құрмет — Халқымның азаматы.

Сәлима Жұмабекова — Азамат  Әйел!».   Кезеңінде Қызылорда облысының басшылық аппаратында көптеген жылдар қызмет атқарған, зейнеткер жасындағы -Дәуірхан Жәлиұлы Айдаров атамыз “Ибалы да, иманды адам” — деп Сәлима Жұмабекқызы туралы сыр толғайды. «Өмірден көргені де, түйгені де мол пенденің бірі, тіршіліктің қызығын да, шыжығын да бастан кешкен жанның бірі — көп балалы ана, Еңбек Ері Сәлима Жұмабекова. Сәлиманың бай өмірі туралы айтылып та, жазылып та жүр. Мен қарындасымның адами қасиеттері мен қайраткерлік тұлғасы туралы аз-кем ой толғамақпын”.

“…Нар жолында жүк қалмас” — дейді халық.

Шыдамы мол, қажымас қайратты азаматты да қазақ “Нар жігіт” дейді.

Сәлима ер мінезді, “Нар тәуекелдің” адамы. Атжақты, қоңыр жүзді, орта бойлы осы әйелдің нұрлы көзінен әрі мейірімділіктің, әрі қайсарлықтың лебі есіп тұрады. Кейбір ер азаматқа жетпей жатар кеңдік пен ерлік Сәлиманың бойынан табылады. Оның бар болмысынан бүкіл қазақ әйелінің қайталанбас келбеті көрініп тұрған жоқ па”.

“… “Адам өз бақытын өзі жасайды”. Бұл нақыл өмірден алынған шындық, негізгі еңбекте, мінезде жатыр.

Сәлиманың еңбекқорлығы, мінезге байлығы елге аян. Оның үстіне терең парасатын, адамгершілігін, тектілігін, досқа адалдығын қосыңыз. Қашанда жақсы атын аласартпай жүрген адам, ел құрметіне бөленген жан.

Ғабит Мүсірепов айтқандай:

«Құрмет — құрметті адамға ғана жарасады».

“…Сәлима сөйлесе шешен, айналасына көсем кісі.

Депутат ретінде ауданның, облыстың қоғамдық саяси, шаруашылық мәселелеріне белсене араласты. Сессия, пленумдарда өткір де батыл сөйлеп, өз ойларын тұжырымды дәлелдеп, өкілетті орындарды иландыра білді. Қорқыт баба, Тұрмағамбет ақын ескерткіш — кесенелерін және Сырдарияға Жосалы қыстағы тұсынан көпір салуға көп күш жұмсады.

Туған ауылының көркеюі мен жерлестерінің тұрмыс-тіршілігін естен шығарған жоқ. Сәлиманы өсірген уақыты, ортасы, адами тағдыры, еселі еңбегі”.

Сәлима ана: “Ел басқарған азаматтардың құрметтеп қолдауымен ғана жұмысшы еңбек адамдарының еңсесі биік болады. …Біздің өлкемізде атағы ерен еңбегімен елге жайылған әйелдер көп.

Тіршіліктің әміршісі еңбек екені рас. Осы ұлағатты қағиданы терең түсінген әріптестерімнің қол жеткен табыстарын партия мен үкіметіміз әрдайым жоғары бағалауда.

Біздің қоғамда адамның қажырлы еңбегі ешқашан назардан тыс қалмайды. Мысалы, менің өзімді алайық, қарапайым қазақ әйелінің осынша құрметке ие болуы тек қана адал еңбектің арқасы емес пе!

Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің бірінші секретары Д.А.Қонаев жолдастың кеудеме алтын жұлдыз тағар сәтте: «Айналайын қарындасым жұлдызың құтты болсын!» — деп жан толқытарлық сөздер айтқанын қалай ұмытармын. …Депутат болып, бес жыл бойы Мәскеудегі жиындарға қатысып жүргенде, қазіргі президентіміз Н.Ә.Назарбаев жолдасты таныдым…

Әркез біздей қарапайым ауылдан келген еңбек адамдарына қамқор болып жүретін. Жиын арасындағы үзілістерде, жанымызға келіп:

«Апайлар, халдарыңыз қалай, шәй іштіңіздер ме?» — деп, жағдайымызды сұрап, өз анасындай сыйлап, құрмет көрсететін. Маған жазған әр құттықтау сөздерінде: «Сіз еңбектен бақыт тапқан, ел ардақ тұтатын абзал аналарымыздың бірісіз!” — деп, көңілімді марқайтады. Қазір елді ел, қазақты қазақ қылып басқарып отырған марғасқа азамат — ел Президенті.

Қазақ атымызды әлемге танытып жатыр. Еңбек адамдарына үлкен қолдау жасап жатыр. Ұрпақтарымыз оқып, білім алып жатыр, тіпті шетелге барып білімдерін көтеріп келіп, еңбек етіп жатыр.

Әр салаларда да осындай жетістіктер бар ғой. …Облысымыздың, ауданымыздык экономикалық және шаруашылық жағдайын көтеру ісінде И. Әбдікәрімов, Т.Есетов, А. Жанпейісов, Е.Көшербаев, Б.Сапарбаев, тағы басқа да көптеген азаматтардың атқарған жұмыстары аз болған жоқ. Солар ғой, ел қамын ойлаған ерлер!» — дейді.

Тұрмағамбет ауылынан шыққан еңбек ардагері — Айысбек Тәуенов («Силикат техсинтез»ЖШС директоры) ағамыз: «…Мен өзім ауылда туып өсіп, ержеткен соң, оқу оқып, жұмыс бабымен елден жырақ кетсемде, Сәлима жеңгемді жақсы білемін.

Сонау келіншек кезінен.

Әлі күнге дейін ол кісінің өмір тағдыры көз алдымда болды десем артық айтпаған болар едім.

Бойына сіңген асыл қасиеттері, кеңпейілдігі, жарқын мінезі, еңбек сүйгіштігі, туған-туысқандарына елгезектігі, тағы басқа да асыл қасиеттері о баста қалай болса сол бағыттан өзгермей келеді”.

«…Нағыз бақыт еңбегіңе бітеді,

Қызыр оның талпынысын күтеді.

Ғұмыр үйретіп данышпан етеді,

Бойындағы қасиеттер, Сүтпен кіріп сүйекпенен кетеді” — деген даналық сөздер осы Сәкеңдердей асыл кісілерге арналған ғой. Сәкең тек қана, Кете елінің мақтанышы емес, бүкіл, Қармақшының, Қызылорда облысының, Қазақстанның мақтанышы. Әлі күнге дейін, туған елдің көркеюіне, туған жердің тәуелсіз Қазақстанның нығаюына өзінің қомақты үлесін қосып келеді”.

“…Осы дәлелді болу үшін, бір жәй мысал айтып кетейін.

2005-жылдың басында ауылға бардым. Ауыл азаматтарынан елдің жағдайын сұрадым. Бәрі жақсы деп жауап берді. Егіске керекті барлық техникалар, құрал-саймандар ұжымның қоймасында дайындықта деді жігіттер. Ал көрші Ақжар ұжымының барлық техникасын, тракторларын, машиналарын арендаторлар сыпырып, машиналарға тиеп күштеп алып кетіпті.

Кезінде төленбеген қарыздары үшін. Ал сол арендаторлар Тұрмағамбет ұжымына да мылтықпен келіп, күштеп алмақшы болған. Сол мезгілде Сәлима бастаған ауыл ақсақалдары қарсы тұрып, ел үшін кеудесін ашып, әуелі бізді атасыңдар, содан соң ұжымның мүліктерін аласыңдар деп, алаяқ-арендаторлардың зорлығынан, ұжымның барлық мүліктерін сақтап қалған.

Содан соң Сәкең Қызылордаға барып, облыстық сотқа, тағы да басқа тиісті құқық қорғау мекемелеріне барып, ұжымның мүлкін қорғап қалған. Бұл қандай ерлік десеңізші!”.

“…Қазақтың нағыз адал ұл-қыздары өзінің қарақан басы үшін емес, ең алдымен Отан үшін, әулеті үшін, туған-туыстары үшін, ұрпақтары үшін, айналасындағы ауылдас ағайындарының жарқын болашағы үшін өмір сүріп, осы қасиетті мұратты бірінші кезектегі парыз еткен ғой. Сәкең де сондай қазақтың ер қыздарының бірі”. “…“Елдің бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме,

Ердің бағын ашпаса елден елдік кетер де” — деген емес пе қазақ атамыз. Елдегі Сәкеңдей ерлерге қандайлық құрмет көрсетіп, естелік ескерткіш орнатып жатса, ешбір артықтық етпес деп білеміз”.

Сәлима ана айтады:

Иә, сондай жағдай болған. Екі кештің арасында: Арендаторлар келіп ауылдың бүкіл техникасын артып жатыр екен” — деген хабарды естіп, ашу-ызам келіп сол жерге қалай жеткенімді білмеймін.

Қару-жарақ асып алыпты, ешкімге қарамайды, тиеп жатыр техникаларды. Алдымен мені атасыңдар, сосын аласыңдар! — дедім. Бұлай болады деп ойламады ма, кібіртіктеп қалды барлығы.

Түсіріңдер, барлығын! — деп, айқай салдым. Ауылдың азаматтары жан ұшыра жұмысқа кірісіп кетті. Біреуінде бермей алып қалдық. Әй, Жұмабекова, қалай қорықпайсың сен! — деп ойлаймын ғой, кейін.Қашқынбай, Қабылан батыр әкелерімнің қаны бар бойымда содан болар-ау, қорықпайтыным, көп көзсіз ерліктерім”.  Сәлима Жұмабекқызы туралы еңбек және соғыс ардагері Айзахан Бижанова апамыз  “Сәлимаға сәлем хат” деп өз жүрек толғанысын ақ қағаз бетіне түсіріпті.

… Сәлима!

Сәлем хатымды жолдайын деген оймен қолыма қалам алып, өткен өмір жолдарын еске түсіріп, қайтіп келмейтін күндерді көз алдыма елестетіп, сағынышпен ой толқынына батып көп отырдым.

“…Дүниеге Алланың қол астындағы пендесі болып жаратылып келгеннен кейін ер адамда, әйелде пешенесіне жазғанын көреді. “Тірі болсаң, сірі боласың” — дегендей.

Соның ішінде әйелге деген, әсіресе, қазақ әйелдеріне отбасының ауыртпалығы жүктелген. Өзге ұлттарға қарай салыстырғанда ерекшеліктері айырықша деуге болады.

“Шіркін қазақтың келіндері-ай,

Бір шаңырақ келінсіз көтерілмей,

Бір кереге келінсіз керілмеді-ай” —

деген ақын Сәнімкүл Желдербаева өте ойға қонымды, құнарлы, бағалы сөздермен баға берген”. “…Ойланып отырсам, әйелге жүктелген талаптардың барлығы түгелдей Сәлиманың бойынан да, ойынан да табылып тұр, кем-кетігі еткен еңбегімен жабылып тұр. Арқа сүйеп жәрдем беретін азаматынан ерте айырылды.

Қайғыға да, бейнетке де қарсы тұратын мұндай әйелзатын кездестіру өте сирек. Әсіресе, ең кішкентай 11-баласын босанғанда, “40-нан шықпаған нәрестесін үйдегі майда балаларына тастап, күрішті суаратын мезгілі ешкімге жүк салмай гектарланған атыз-атыз суда тұрған күрішті аралап жүреді, ешкімге сенбейді, бәрінде өзі үлгереді” — деген сөздерді аудан басшыларынан жиі еститінмін.

Сәлима!

Міне, сол еткен еңбегің еш кеткен жоқ, “Еңбек Ерін” атағын алдың. Шаңырағыңды шайқалтқан жоқсың. Перзенттеріңді өсірдің, білім әпердің, ұлды ұяға, қызды қияға қондырдың, аналық міндетіңді толығымен атқардың. Азаматтық міндетіңді, аналық міндетіңді екі бірдей геройлықты қатар кір келтірмей ұстап келдің, мұндайға екінің бірі емес, мыңның бірі де төтеп бере алмайды.

Ал сен қайыспай толығынан атқардың. Саған қандай сый құрмет жасаса да артық емес. Сендей әйел кемде-кем, өйткені, күні-түні адал еңбек еттің оған Қармақшы, бүкіл Қызылорда азаматтары куә, ұмытпаған шығар!”.

“… Халыққа, үкіметке де ұланасыр еңбек еттің, пайда келтірдің, көмектестің, сен адал еңбектің егесісің!”

Сәлима анамыз: ”Мен жастайымнан Кетелерге  келін болып түстім. Келіндік ар-ибаны сақтап, үлкендердің, қайнаға, абысындарымның алдынан ешқашан кесіп өтпедім. Кіші қайын іні, қайынсіңілілеріме жақсы көріп ат қойып, тіпті аттарында атамадым. Міне, әже болған шағымда да, жүрегімдегі келіндік қастерлі қасиет әлі сол күйінше. Ақын атамның есімі ауылға берілгелі “Атам ауылы” — деймін. Жаңылыстырғысы келіп (әдейі әзілдеп) қайта-қайта сұрайтындар бар. Келін боп түскеннен қадірлеп, сыйлап, құрметтеп үйренген ауыз жаңылыса ма, мен 100-ге келсем де: “Атам ауылы” — деп атағанымнан танбаймын. Ақын атамыз:”Сыр бойында мол өнім болады, негізгі кәсібі егін болып қалады, дәнді дақылдан күріш болып қалады” — деп, кезінде айтқан екен.

Бұл кісі өте әруақты, қасиетті кісі ғой . 1977 жылы жолдасым Ноғай қапияда қайғылы жағдайда қайтыс болып кетіп, шерленіп, қайғыда жүрген кезім еді. Ақын атам түсіме енді: ”Жаным балам, сенің терезеңнің алдына бюстімді орнаттым. Сен бақытты боласың, талабың өрлейді, айналайын!” — деп кәдімгі тірі кезіндегідей батасын беріп жатыр екен.

Түсімді ақын атамның баласы Әбдірауыққа айтқанымда, көрген кісімді сипаттап бергенімде, ақын атамыздың өзі екенін дәлелдеді. Түсімде көрсемде өңімде көріп, сөйлескендей әсерде болдым. Өзімде Әлібай ахунның шөбересімін ғой, келген жерімде қасиетті жер болғандықтан шығар.

Атамыздың әйелі Биға енемді көрдім.

Сәлем салып, табағын алып, сарқытын ішкенмін” — дейді.

Уәлихан Бишімбаев ағамыз “Тұлғасы биік, парасатты жан” деп құрметтей отыра:“Біздің филиал өңіріндегі ең бірінші техникалық мамандар дайындайтын оқу орны болды. Әдепкі кезде көп қиыншылықтар болды, соларды жеңуге Сәлима апамыздың көмегі тиді.

Осындай ардықты аналарымыз бен ағаларымыздың көрегендігі мен көмегінің негізінде филиал технихалық ғылым бойынша Сыр өңірінде ғалымдар дайындайтын іргелі оқу орындарының біріне айналды. Біздің сол кездегі студенттеріміз, жас ғалымдарымыз ол кісіден тек ғана өндірістік тәрбие алып қана қоймай, аналық тәрбиесін көріп, ақылын тыңдады.

Ол кезде Кеңестік дәуірдің дүлей айыбынды кезі болатын.

Сәлима Жұмабекованың Жоғарғы Кеңес депутаттығына сайланар алдындағы бағдарламасы заман талабы негізінде жасалған еді. Оның ішінде әлеуметтік-экономикалық, білім беру, денсаулық және мәдени ағарту салалары Сыр өңірінің өркендеуі мен халық қамын ойластыру нәтижесінде туған ой-түйіндері болатын. Филиалдың өз бетінше ары қарай дамып, жол ашуына мүмкіндік жоқ, бір жағынан Мәскеудегі минстрлікке, екінші жағынан Жамбыл қаласындағы бас институтқа бағынамыз.  Облыстық партия комитеті басшысымен филиалдан дербес институт дәрежесіне көтеру туралы сөз қозғадым және осы мәселеге байланысты Жоғары Кеңестің депутаты Сәлима Жұмабекова апамызбен ақылдастым. Апамыз қолынан келген көмегін аямайтынын айтты.  Мәскеуге бірнеше рет депутаттық сұраныс жасады.

Бұдан нәтиже болмаған соң, филиалды институт дәрежесіне көтерудің бірден-бір жолы ғимараттар салып, техникамен қамтамасыз ету екенін түсіндіргеннен кейін, Мәскеуге барып, жоғарғы басшылармен сөйлесуге келісім берді. Бұл сапар өте нәтижелі болды. Міне, сөйтіп Сәлима апамыз Мәскеуден Сыр еліндегі тұңғыш ашылған техника саласы бойынша мамандар мен ғалымдар дайындайтын кішкентай филиалдың орталықтан тікелей қаржыландыру есебінде 2 миллион сом қаржы бөленуіне қол жеткізді. Мұндай жағдай Кеңес кеңес дәуірінде филиалдар үшін болып көрмеген жетістік болса, Сыр елі үшін ғимараттар мен студенттік сарайлар салуға ашылуға бірден-бір жолы болды.

Міне, осындай іс-шараларды орындау мақсатында көп еңбек етіп, тер төкті. Апамыздың үлгі тұтар еңбегі нәтижесіз болған жоқ, Халық игілігін көрді. Дала академигі, ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтың ғылымын өз тәжірбиесімен жалғастыра білген қарапайым қазақтың қызы, Социалисттік Еңбек Ері, Батыр Ана — Сәлима Жұмабекова апамыз туралы әлі талай дастандар мен кітаптар жазылатынына мен кәміл сенемін. Ал, бұл осының тек алғашқы бастамасы, себебі ол кісі үлкен жүректі, ел қамқоршысы, есімі аңызға айналған нағыз батыр ана” — деп ой толғайды.

Осылай “Сыр сұлуы, Батыр ана — Сәлима” атты ғұмырбаяндық жинақ кітаптің ішіндегі мақалалармен сіздерді таныстырған сияқтымыз. Анамыздың көзін көрген аға-апаларды естелік айтса екен деп, айналамызға қарап іздеп жүрсек, балалары біздердің өзіміз үлкеніміз жетпісті алқымдап, кішілеріміз елуден асыпты. Аяулы анамыз еңбек ете жүріп, он баланы да тәрбиелеп, әрқайсысына орта, жоғары білім алуларына ықпал жасады.

Он баласының мамандықтары он түрлі. Олардың арасында мұғалім, дәрігер, сот қызметкері, филолог, су шаруашылығының маманы, механик, кәсіпкер, мектеп басшысы, тарихшы, ғылым докторы және өзінің жолын жалғастырушы — көпбалалы ана  «Алтын Алқа» иегері де бар. Қазір ұрпақтары елімізде, шет елдерде білім алуда, еңбек етуде.     Алдағы уақытта анамыз туралы естелік кітап, деректі фильм шығарғымыз келеді. «Сәлима Ана » атындағы қайырымдылық қоры құрылды, сан-салалы мақсатта қайырымдылық іс-шараларын атқарғымыз келеді. Еліміздің қалаларында Сәлима анамыздың атына көше беріліп және атақты күрішшіге арнап «Ғасырдың Батыр Анасы — Сәлима Жұмабекқызы»  атты аллеялары ашылса, аты мәңгілікке қалса деген ой.

Сәлима анамыз ұрпақтардың санасынан ешқашан өшпек емес. Қазақ халқының әйел-аналарының ішінде анамыздың ерекше тұлға болғаны ұрпақтары біздер үшін мәңгілік мақтаныш!

 

 Дәулет Ләйле Ноғайқызы

филолог, көп балалы ана  «Алтын алқа» иегері,

«Қазақ аналары-дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің  Алматы және Алматы облысы филиалдары басшысы