Тарихы талай томға арқау болар Талғар топырағында туған тұлғалар туралы айтыла бастағанда еңбек десе ерінбеген, қиындыққа берілмеген, қажырлы іс, қайтпас қуатының арқасында алқалы көптің абыройын арқалап келе жатқан азамат Матан Рахымбергенұлы ағамыздың есімі сол тізімнің белортасында тұратыны ақиқат. Біз бүгінгі өлшеммен ардақты азамат, қоғам қайраткері, ел жанашыры дегеннен аса алмаймыз немесе құрметті атақтарының аясында шектелеміз. Ал мақала кейіпкері Матан ағамыз – рухты, намысты, жасампаз, батыл адам.
СПОРТ – ДОСЫ, СЫРЛАСЫ
Кешегіге көз жүгіртсек, ескі мен жаңаның үнемі талас-тартыста болатынын көреміз. Басқа тартса аяққа жетпейтін кешегі бір кезеңде талайдың санасын сан ойлар тұмшалағанын көп адам жоққа шығара алмайды. 1950 жылы дүние есігін ашып, 1968 жылы қазіргі Тұрар Рысқұлов атындағы сегіз жылдық ауыл мектебін бітіріп, Талғар қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №2 қазақ орта мектебінің интернатына қабылданып, оқуын жалғастырған Матан ағаның балалық-жастық шағы сол кезеңмен тұспа-тұс келген екен. Әсіресе, албырт жастық шағы нағыз «кемелденген» социалистік қоғамда өткен бозбала бұрынғыға бұрыла алмай, кейінгіге кіріге алмай, жан-жағына жалтақтап жүрген жандардың қатарынан болмайды. Еліміздің саясатын дұрыс түсініп, қоғам тамырын дөп басып, абдыраған жұртты алға сүйреп, қиындықтан алып шығатын халықшыл азамат болу керек деген түйінді ойды жүрегіне түйіп, көкірегіне орнықтырып алады. Бірақ ол жолдың оңай емесін де біледі – қаржылық, қажырлық күшке түскен қиындықтармен бетпе-бет келуі керек. Алдымен өзінің ерік-жігерін жанып, ішкі болмысын қалыптастыруды көздейді. Сөйтіп өзі оқып жүрген С.Сейфуллин атындағы №2 қазақ орта мектебінің интернатында жаңадан ашылған грек-рим күресінің үйрмесіне қатысады. 17-18 жасар жеткіншектің намысқойлығы, сабырлығы, қиындықты жеңе білудегі қажырлығы, өзіне деген талапшылдығы жаттықтырушыларын бей-жай қалдырмайды. Үйірме жетекшісі Анатолий Феодорович Никифоровтың көзіне түсіп, жыл аяғында Целиноград қаласында (қазіргі Астана қаласы) өткен республикалық жарысқа аттанады. Өзі сияқты жан-жақтан келген жас спортшылармен сайысқа түсіп, жеңімпаз атанып, қанжығасына бас жүлдені байлап қайтады. Араға бір жыл салып Павлодар қаласында өткен жарыста та барлық талаптан өтіп, спорт шеберлігіне кандидат нормасын өз деңгейінде орындайды.
Мектепті аяқтаған соң да спорттан қол үзбейді. Жаттықтырушысының нұсқауымен Алматыдағы денешынықтыру институтына құжаттарын тапсырады. Жеңісті жолдарын, жетістіктерін көрген комиссия мүшелері Матан Рахымбергенұлын емтихансыз, конкурссыз қабылдап, Киев пен Омск қаласындағы денешынықтыру бағытындағы білім ордаларының біреуін таңдауды ұсынады. Кейіпкеріміз Омск қаласын таңдап, болашағына бағыт алып кете барады. Институт қабырғасында КСРО-дың еңбек сіңірген жаттықтырушысы Василий Викторович Громыконың қарамағында жаттығып, көптеген республикалық турнирлердің жеңімпазы, екі дүркін Россияның чемпионы атанады. Спортқа деген махаббаттың арқасында түрлі жетістіктерді бағындыра жүріп «КСРО Спорт шебері» атағын иеленеді. 1973 жылы оқуын бітіріп, «Жаттықтырушы ұстаз» мамандығын алып, елге оралады. Сол жылы Талғар қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне жаттықтырушы болып жұмысқа орналасады. Тірнектеп жиған білімі мен тәжірибесінің арқасында талай шәкірттерді даярлап, күрес әлемінің көкжиегіне самғатады. Шәкірті Айваз Кочиев — жастар арасында әлем чемпионы атанып, ұзақ жылдар бойы өзінің салмақ дәрежесінде чемпиондық титулын түрлі халықаралық жарыстарда дәлелдеп жүрді. Ерен еңбегі үшін Матан Рахымбергенұлына «ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағы берілді.
– Ол кезде Одақ бойынша мойындалу – ерлікпен пара-пар еді. Мектепті бітіріп, өмір көшіне енді ғана ілескен жеткіншектің елден жырақ жүруі жанына екі есе бататыны шындық. Дегенмен сол кездегі жастық жігер, отбасындағы тәрбие көптеген қорқыныштар мен қиындықтарды елеткен жоқ. Оның үстіне сол кездегі ұстаздар жалынды, дарынды жастың томағасын сыпырып, бетін қақпай, белін бууға белсенді болатын. Менің спорттық жолымда да сондай жаттықтырушы-ұстаздардың кезіккеніне әлі күнге қуанамын, — дейді мақала кейіпкері бізбен әңгімесінде.
БІЛІМ БАҒДАРШАМЫ
Өңірдің спорт саласына өлшеусіз үлес қосқан Матан Рахымбергенұлы білім бәсекесіндегі бәсі биік шәкірттерге жол көрсеткен тәлімді ұстазы болғаны көпке мәлім. Талғар аудандық спорт мектебін, аудандық спорт комитетін және облыстық спорт мектебін басқару жұмыстары ағамызға сеніп тапсырылды. Спорттағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі және ұжыммен жұмыс істеу әдісі, ұйымдастыру қабілеті ескеріліп, Талғар ауданындағы Тұрар Рысқұлов ауылында орналасқан №16 қазақ орта мектебіне директор болып тағайындалады. Былайғы жұртқа білінбес, бірақ көтерер жүгі бес атанға жүк боларлық басшылық қызметті тиянақты атқара жүріп, талай жас маманның да, шәкірттің де жұлдызын жағады. Тура жолдан қия шықпайтын тәртіпті ұстануының арқасында адамдық болмысына адал болады. Мемлекеттік саясаттың тәртібімен жүре тұра азаматтық принциптерін жоғалтпайды. Қарапайымдылығымен, қайырымды қалпымен жергілікті халықтың құрметі мен ілтипатына бөленеді. Ширек ғасыр жұмыс істеп, құрметті зейнет демалысына шығады.
АЛҒЫС АЛҒАН АРЫМАС
Еңбек демалысына шықса да қол қусырып жата алмайды. Бүгінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқарып келеді. Талғар аудандық мәслихаты шақырымының депутаты болып сайланады. Талғар ауданының құрметті азаматы, «Алтын қыран» және басқа да мерекелік төс белгілерінің иегері. Қазақтағы «Қарапайым адам – қасиетті адам» деген қастерлі сөз Матан ағаға арнап айтылғандай көрінеді. Кеңестік дәуірде ер жетіп, білімі мен біліктілігін солқылдақ саясат төңірегінде шыңдаса да, «халқым», «ұлтым» деп соққан жүрегі соғысынан жаңылып көрмепті. Қандай қызмет жүктелсе де, қабілет-қарымын жоғары деңгейде танытып, өзіне сеніп тапсырылған саланы жетістіктерге жетелеп кететін жігерлі жұмыстары әлі күнге елдің есінде жүргені сол қасиетінің арқасы болса керек. Отбасында құдай қосқан асыл жарымен 6 балаға әке атанып, 23 немере, 3 шөбере сүйіп отырған ардақты ағамыз биыл 75 жасқа келді.
Елін сүйген, елі үшін, елінің болашағы үшін аянбай қызмет етіп, халқының ықыласына бөленіп, Талғар өңірін дамытуға сүбелі үлес қосқан Матан Рахымбергенұлы ағамыздың есімін мақтанышпен айту – бізге парыз. Бұл – елге мерей, азаматқа мәртебе, өскелең ұрпаққа өнеге. Азаматтың асыл мұраты – халық қамы, елге қызмет ету дейтін болсақ, Талғар өңірінің спорт, білім саласының қазанында қайнаған, алдыңғы буынға жақсы іні, кейінгі толқынға ақылшы ұстаз болып жүрген Матан Рахымбергенұлына біз зор денсаулық, мол бақыт, қажымас қайрат, талмас талап, отбасына амандық, еңбегіне табыс тілейміз.
М.Мәулет