Тамыры тереңге тартқан тарихымызды таразыласақ, өзгенің өктемдігіне көнбей, көк найзасын қолға алып ашкөздермен арыстанша алысқан талай табанды ата-бабаларымызды білеміз. Олардың қайсібірі шындықты шылбырынан ұстауға ұмтылып, келімсектерге тіл тигізгені үшін итжеккенге айдалып болмаса патша жендеттерінің жазалауына ұшырады. Тіпті, кейбіреулері ата жұртынан ажырап басынан бағы тайып, қарақшы атанды. Сондай тағдыры тасқа соғылып, тауы шағылып, шалғайда көз жұмған жаужүрек жандардың бірі – Мергенбай Жаманкөзұлы.
Бала кезімізде Мергенбай атамыз туралы үлкендердің әңгімесін құлағымызға құйып өстік. «Мергенбай Жаманкөзұлы атына сай мерген, батыр болыпты» деген сөздер миымызда жатталып қалыпты. Мергенбай атамыз партия үстемдік құрып тұрған кездерде «халық жауы», «банды» ретінде қудалауға ұшырады. Еліміз егемендік алып, талай шындықтың беті ашылып, көптеген біртуар перзенттеріміз ақталып, ортамызға қайта оралған тұста Мергенбай тұрғысында да әңгімелер ашық айтыла бастады. Ол «халық жауы» емес, шын мәнінде елі мен жұртының сөзін сөйлеушісі, қажет кезінде қамқоршысы, қолдаушысы болған бірегей тұлға. «Мергенбай батыр» десе дейтіндей, ерекше тұлғалы адам болыпты. Екі иығына екі адам мінгендей, шымыр, толық денелі, өткір көзді қара кісі екен. Әр сөйлеген сөзінен адамның жүрегі жылынар лебіз білініп тұрған. «Заман бейқұт, ел аман болса» деу сөзінің бастамасы болыпты. Мергенбай батыр 1876 жылы Жетісу губерниясындағы Жаркент уезінің Нарынқол өңірінде туған. Жастайынан атқа мініп, жазықта егін, мал шаруашылығымен, Тянь-Шань сілемдерінде аң аулаған. Көкірегі ояу, көзі ашық адам болған. Мергенбай батыр халқының қорғаны, жанашыры қызметін атқарған. Құралайды көзге атқан мергендігімен де аты көпке тарапты. Мергенбайдың үлкен әкесі Тоғас батыр үш жүзге аты әйгілі кісі болған. Тоғас батыр екі жекпе-жекте қарсыласын шаншып түсіріп, Саурық батырдың оң қолы атанған кісі. Мергенбайдың өз әкесі Жаманкөз бай, ел-жұртқа байлығымен танылған, көріпкелдік қасиеті бар адам болған. «Жау келеді», «қатал қыс келеді, күтініңдер» деген қатарлы болжамдарды алдын ала айтып отыратын болған. Мергенбайдың ағасы Базарбай, Базарқұл, Несіпбек, Нүсіпбек, інісі Түзелбай, Тойғұл – құралайды көзге атқан мергендіктерімен елдің қорғаны болған адамдар. 1920 жылы шілде айында Шалдін деген кісі Қақпақтағы орыс ағайындардың қонаққа шақыруымен Нарынқолдан Қақпаққа бара жатқанда тасып жатқан Қақпақ суының ортасында арбасы көлденең тұрып қалады. Ел-жұрттың бірді-екеуі суға батып, көмек көрсете алмағанда Мергенбай жалғыз өзі аударылғалы тұрған арбаны сүйреп шығарып, еш нәрсені суға жібермей аман сақтап қалады. Қатты разы болған жұршылық, мына жігітті бұдан былай «Батыр Мергенбай» деңдер дейді. Сол күннен бастап батыр атанып кетіпті.
Мергенбай Жаманкөзұлы 1918-1920 жылдары Қызыл әскер қатарында қызмет етіп, Жетісуда Кеңес өкіметін орнатуға қатысқан. Ел ішінде оның ерлік істері жөнінде әңгіме көп. 1927 жылы Сырт жайлауында отырған ұзақ батыр ауылының азаматтары шетте жүргенін пайдаланып, Қытайдағы Монғол күре ауданының қалмақтары 700-дей жылқыны айдап әкетеді. Мұны естіген Мергенбай батыр қос атты ауыстыра мініп, барымташыларды жалғыз өзі қуған. Суыт жүріспен олардың алдын орап, Асутөр асуында күтіп алған Мергенбай тұтқиылдан шабуыл жасайды. Бірнешеуі оққа ұшқан соң бас сауғалай қашқан жаудан жынқы үйірлерін тартып алған батырдың даңқы жайылады. Осы ерлігі үшін Мергенбай батыр атаулы қарумен марапатталған. Көп ұзамай шекара күзетін қамтамасыз ететін комотрядтың бастығы болып тағайындалады. 1929-1930 жылдары асыра сілтеушілік саясат пен қазақ тұрғындарының басындағы қиын хал-ахуал Мергенбайдың Кеңес өкіметіне көзқарасын өзгертуіне себепші болады. Азын-аулақ малынан айырылып, ортақ меншікке зорлықпен телінген қазақ рулары шекараның арғы бетіне, Қытай аумағына қоныс аудара бастайды. Көші-қон легіне Мергенбай сияқты ел ішіндегі еті тірі, көзі қарақты азаматтар басшылық жасайды. Осыған өшіккен Кеңес өкіметінің жергілікті органдары Мергенбайды «банды» атандырып, соңына түседі. 1931 жылы қараша айында көш бастап, Ойқарағай-Қасаң арқылы Қытай жеріне өткен Мергенбай тобы жол торыған қалмақтармен қақтығысып қалады. Шайқас үстінде Мергенбай батыр қаза табады. Міне, Мергенбай осындай адам болған. Сол бір түнерген заманда өмір сүріп, заманның талай тауқіметін көріп, қиянаттың қыл көпірінен сүрінбей өтіп, қазақ халқының мемлекет болуына өз үлесін қосқан. Баласы Құдайбергеннің айтуынша, оның жаурынынан кірген оқ көйрегін талқандап өткен. Ақын Көдек Байшығанұлының «Мергенбай туралы» толғауы халқымыздың өмірінде 1930-1932 жылдары болған елді күштеп ұжымдастыру кезінде шыбын жанын шүберекке түйіп, сол жолда ақыры құрбан болған батыр Мергенбай Жаманкөзұлы Тоғас немересі туралы, оның бақайшағына дейін қаруланған қызыл әскер мен арадағы жанкешті шайқасы туралы шындық жырын шертеді. Жырда Мергенбай батырдың өр тұлғасы анық байқалады. Мергенбай атамыз туралы Қазақстан Республикасының сіңірген қызметкері Мәкен Әлиасқарұлының «Замана зардабы» атты кітабында көз көргендердің бірге жүргендердің әңгімелері егжей-тегжейлі айтылады.
Мергенбайдан артында қалған ұрпақ бар. Аудандағы Текес ауылында тұратын Құдайберген Жаманкөзов-батырдың көзі. Мергенбай екі әйелін қырғыздан алған екен. Құдайберген Сейілхан атты әйелінен 1928 жылы туған. Анасы бес-алты жыл сал болып ауырып, қайтыс болған. Қырғызстанда тұратын анасының Бақыбай, Бахтияр атты бауырларымен Құдайберген байланыс жасап, қатынасып тұрған көрінеді.
— Әкемнен екі жасымда қалыппын. Кезінде әкемді көзі көргендердің қайсыбірі «батырдың тұқымы» деп маңдайымнан сипаса, еді бірі «халық жауының баласы» деп басқа көзбен қарады. Мойығаным жоқ. Еңсемді түсірмедім. Құдайға шүкір, соңғы он жылдан бері әкемнің батырлығы, халқының сөзін сөйлеушісі болғаны туралы әңгімелер ашық айтылып, жазылып жүр. Әкемнің жүрген жерінің бәрін аралап, көзіммен көрдім, — деген Құдайберген қарияның әңгімесі әлі есімде. Иә, әкесінен жастай қалған Құдайберген тіршіліктің тауқыметін тартып, бейнетпен белдесе ержетті. 14-15 жасынан егін егіп, шөп шауыл, ел қатарлы еңбек еткен. Кезінде оқуға мүмкіндігі болмай өз бетінше хат таныған.
Құдайберген қария 1959 жылы туған жеріне оралды. Текес ауылындағы шаруашылықта әр түрлі жұмыстар атқарды. Үш жылдай қарағай дайындаушы болды. Кейін жүргізуші мамандығын алып, зейнет демалысына шыққанға дейін автокөлік жүргізді. Қазір Құдайберген қария мен Зағира ана Текес ауылындағы бақытты отбасылардың бірі. Ұрпақ өсіріп отырған жандар. Қыздары Айша Жаманкөзова ауданындағы білікті дәрігерлердің бірі болса, ұлдары әділбай жүргізуші. Үлкен кісілер немере қызығын көруде. Түр-тұлғасынан, сөйлеген сөзінен, бойына біткен қайрат-жігер анық байқалады. Еңбектің көрігінде шыңдала өскен жанның қайтпас қайсарлығы да білінбей қоймайды.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен тәуелсіздігімізді орнықтыру, нығайту мақсатында көп жұмыстар іске асты, әлі де атқарылуда. Ұлы батырларымыздың ұлттық тарихи тұлғалар ретіндегі туған жері, туған елі үшін жасаған баға жетпес ерен ерліктерін де, олардың халық жүрегіндегі орнын да осы тұрғыдан бағаласақ, қадірлеп, қастерлесек қателеспейміз.
Əділбек ЖАМАНКӨЗОВ,
Мергенбай батырдың немересі.
1 Пікір
Медет 18.09.2019 at 20:32
Ассалаумағалейкум, Адилбек аға!
Бул макала адасушылык окигалар көп. Мен Мергенбай Ерденеулынын урпагы Мендеке Медет боламын. Маған хабарласыңыз 87717721177