Қарттарын қадірлеген қоғам – мәдениетті қоғам. Қариясын құрметтеген ел – болашағы берік ел. Сол қарияларымызды құрметтеу, сыйлау қасиеті Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты Алатау ауданындағы №165 бөбекжай-балабақша ұжымының дәстүрге айналған игі іс-шарасының бірі десек артық айтпаймыз. Биылғы 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай ұйымдастырылған қайырымдылық концерті «Золотые годы» қарттар мен мүгедектерге арналған пансионатта өтті. Жас жеткіншектердің бойына үлкенді сыйлау дағдысын қалыптастырып, халқының салт-дәстүрінен нәр алуға, инабаттылық пен мейірімділікке тәрбиелеуге негізделген кеш балабақша меңгерушісі Байсұлтанова Бану Жұмашбекқызының құттықтау сөзімен басталды.
- Қарттар күні – бұл тек күнтізбеде белгіленген дата емес, бұл – аға буынға деген алғыс пен тағзымның көрінісі, ұрпақтың өз тарихына құрмет көрсету күні. Қарт – тек жасы келген адам емес, ол – жүріп өткен жолы өнеге, сөзі – ақыл, өмірі – үлгі болатын тұлға. Олар – кешегі күннің куәсі, бүгінгі ұрпаққа жол көрсетуші шырақ. Сондықтан сіздерге алғыс айтып, басымызды иеміз.
Жылы лебізден соң балабақша тәрбиешілері сүйікті әндерімен қарттардың көңілін көтеріп, өнер арқылы еткен еңбектері үшін алғыс білдірді. Қазақ биімен тамсандырып, домбыра-баянда бірлесе ән салдырып, гитараның құйқылжыған әуенінде бірге биледі. Тағдырдың жазуымен осындай шаңырақта өмір сүріп жатса да ерік-жігерін жоғалтпай, құштарлықтарын өшірмей отырған қариялар ортада би билеп, жастық шақтарына саяхат жасады. Ұжымның жарымжан қарттардың көңілін бәр сәтке шалқытып қайтайық деген адами асыл қасиеттері анық көрініп тұрды. Құр сөзбен емес, шынайы қамқорлықпен, жан жылуымен өткізілген әсерлі іс-шара болғандығы анық аңғарылды.
Балабақша ұжымы ән-күйден шашу шашып қоймай себет толы тәтті-тармақ, жемістерін де сыйлады. Сонымен бірге дендерінің саулығын ойлап, пансионаттағы 25 қарияның бәріне сырылған камзол жапты. «Аманат» партиясының да құттықтау лебізін жеткізуді ұмыт қалдырған жоқ. Ауыл ардагері Шакиева Бөбехан Баратқызы ыстық ықыласын білдіріп, тілек соңын тәтті әнге жалғады. Іс-шара соңында пансионат басшысы Сағат Турусбекова қазіргі таңда мемлекет тарапынан қарттарға әлеуметтік ерекше қолдау көрсетіліп келе жатқандығын айтып, балабақша ұжымының азаматтық жауапкершіліктеріне алғысын білдірді.
Ерекше ілтипат пен сый-сыяпатқа риза болған қариялар көздеріне жас ала отырып риясыз ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарымен шығарып салды.
М.Бөлек