ДЕНЕ ТӘРБИЕСІНІҢ БЕСАСПАП МҰҒАЛІМІ

ДЕНЕ ТӘРБИЕСІНІҢ БЕСАСПАП МҰҒАЛІМІ

Қаладағы №2 С.Сейфуллин атындағы орта мектептің дене тəрбиесінің мұғалімі, қол күресінен ардагер спортшылар арасындағы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері, əмбебап жаттықтырушы Əбдірахман Отарбаев есімді елу жастың бел ортасындағы жігітті спорт үшін жаралған жан деп айтуға əбден болатындай. 1964 жылы Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданында туып-өсіп, жас кезінен мектептегі дене тəрбиесі пəнінің мұғалімі Ертай Нақановтың үйретуімен жеңіл атлетика, гір тасын көтеру, волейбол, баскетбол ойынына машықтанған Əбдірахман жас кезінен спорт десе ішкен асын жерге қоятын бала болып өсіпті. Ұзын бойлы, кеудесі көріктей, аяқ-қолының бұлшық еттері жақсы жетілген спортшы бала 1986 жылы Алматы қаласындағы Спорт жəне туризм академиясына түсіп, оны жақсы бітіріп шығады. Спорт академиясында оқып жүрген кезінде жақсы бапкер Ким Владимирге тап келіп, грек-рим күресінен спорт шеберлігіне үміткер атанады. 1995 жылдан бастап Алматы қаласындағы №12 орта мектепте дене тəрбиесінен сабақ берген Əбдірахман 2012 жылы Талғар қаласына қоныс аударып келген-ді. «Спорт деген – бір сиқыр» – демекші, жасы елудің бел ортасына келсе де Əбдірахман Отарбаевтың өзі де спорттан қол үзген жан емес. Үш-төрт жылдан бері əйгілі жаттықтырушы Сергей Михайловтың басшылығымен білектесу спортына ден қойған ол 2017 жылы осы спорт түрінен 90 келі салмақта Қазақстан чемпионатында күміс жүлдегер атанып, Қазақстан құрама командасының сапына қабылданды. Оның арманы – ересектер арасында өтетін Азия, əлем чемпионаттарына қатысып, үлкен додалардан жүлде алу. Грек халқында: «Сұлу болғың келсе – жүгір, денің сау болсын десең – жүгір» – деген нақыл сөз бар көрінеді. Өзі спортшы, əрі бапкер Əбдірахманның Əділ Ашимбаев, Дильназ Топченко, Елдос Нұрмухамед деген оқушылары гір көтеру сайыстарында республика біріншіліктерінде топ жарып жүр. Үшеуі де спорт шеберлігіне үміткер атанды. «Ұстазы келіссе, шəкірті қанат байлап аспанға ұшады» демекші, №2 орта мектептің баскетболшы қыздары екі жыл қатарынан «чемпион» атанып, енді аудан көлеміндегі 1-лигада өнер көрсетуге талпынып жүр. Талантты мұғалімнің шəкірттері бұл күндері баскетбол, жеңіл атлетика, гір тасып көтеру спортынан облыс көлемінде жүлдегерлер қатарынан көрінуде. Ал, бесаспап ұстаз Əбдірахман Отарбаев осы мамыр айында Алматы қаласында өтетін білектесу жарысынан Қазақстан чемпионатында өнер көрсету үшін күндіз-түні тер төгуде. Абырой-атақ адамға əсте сіңірген еңбегімен, төгілген терімен келетіні белгілі. Жас ұрпаққа бергенінен, берері көп, талаптыбапкер, білікті-ұстаз, ардагер спортшы Əбдірахман Отарбаевтай қазақ азаматын біз əлі талай биіктерден көретін боламыз.

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ

«Талғар-ақпарат»