Жаңа жоба – келешектің игілігі

Жаңа жоба – келешектің игілігі

Аудандық  ардагерлер кеңесі ұлттық құндылықтарды насихаттау, жас ұрпақты тәрбиелеу және отбасылық институтты нығайту бағытындағы жұмыстарды жемісті жалғастыруды көздеп отыр. Осыған дейін де толайымды тірлік атқарып келе жатқан ақсақалдар енді пилоттық жоба аясында бір мүддеге бірікпек. Ол жобалар – өткен жылы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетовтің мемлекет басшысына таныстырған жобалары.   Бірі мұқтаж азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған «Іскерлік және жанашырлық» жобасы болса, екіншісі ажырасудың алдын алуды мақсат тұтқан «Дәнекер» жобасы. Кеше әкімдіктің кіші залында бас қосқан ұйым мүшелері, құқық қорғау, қоғамдық ұйым өкілдері аталмыш жобалар аясындағы жұмыстардың  жүзеге асырылуы бағытындағы іс-шаралар жоспарын талқылады. Аудандық  «Ардагерлер кеңесінің» төрағасы Матан Бекбосынов жобалардың мақсатын, ұстанымын, күтілетін нәтижесін жеткізді. Қазіргі таңда Атырау, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында іске асырылып жатқан жобаны біздің өңірде де бастау керектігін баса айтты.

– «Дәнекер» жобасы ақсақалдарға майдай жағып отыр. Қоғамдағы кейбір болмашы дауды сот қана шешу керек деген сыңаржақ пікір бар. Дамыған елдердің көбінде даулардың басым пайызы сотқа жетпей шешіліп отыр. Ымыраға келу, татуластыру, ара ағайын болу қазақта да бар үрдіс. Билер алқасы, болмаса аузы дуалы қариялар дауласқандарға тура төрелігін айтып, жақсы жағынан шешілуге ықпал етіп келген. «Дәнекер» жобасы  осының баламалы тәсілдерінің бірі.  Қазір әрине заман басқа, жастардың түсінігі де басқа. Десек те дау-дамайды талдап, таразылап, екі жастың арасында келіссөздер жүргізіп, ажырасудың алдын алу тиімді жолдың бірі, — дейді Матан Бекбосынов.

Төрағаның сөзінен кейін пікірін білдірген қатысушылар құқық қорғау органдарымен қоян қолтық жұмыс істеу қажеттігін алға тартты. Әр округтегі учаскелік полицейлер мен қариялар арасындағы іскерлік қарым-қатынастың жақсы болуы қажеттігін ескертті. Әр округ бойынша комиссия құрылып, қадам-қадам бойынша жұмыс істелгенде ғана нәтижесі болатынын жеткізді. «Медиация туралы» заңды түсіндіріп өткен «Алматы облысының ішкі саясат басқармасы» ММ «Қоғамдық келісім және даму орталығы» Талғар ауданындық бөлімінің басшысы Мухаметнур Алтыншаш Мауленқызы медиатордың қызметін баяндап өтті.

– Дауларды реттеу саласында адвокат, судья және прокурордан басқа медиатор термині бар. Қазақстан Республикасы заңнамасына енгізілген жаңа термин. Медиатор судьяны алмастырмайды. Ол жеке және заңды тұлғалар үшін дауларды шешудің балама неғұрлым аз шығынды тәсілін ұсынады. Медиатор — бұл сот жүйесіне жатпайтын және сот көмекшісі болып табылмайтын кәсіби делдал. Медиаторға жанжалдарды реттеуге азаматтардың өздері жүгінеді. Ол өз кезегінде олардың дауларын талқылау барысында тараптарды өз кезегінде шешім табуға көмектеседі. Медиатор – Заңның талаптарына сәйкес кәсіби және кәсіби емес негізде медиация жүргізу үшін тараптармен қатыстырылатын тәуелсіз жеке тұлға. Кәсіби медаторлар да, қоғамдық медиаторлар да мемлекеттік қызмет реестрге тіркеледі. Аудан бойынша 3 қоғамдық медиатор тіркелген. Қоғамдық пікір көшбасшылары ретінде бізде 100-ге жуық адам бар. Одан бөлек үлкен буыннан құралған ұйымдар бар. «Ақсақалдар кеңесінде 80, Аналар кеңесінде 110 мүшеміз бар, — деді Алтыншаш Мәуленқызы. Сонымен қатар медиация бойынша тиісті даярлықтан өткені туралы құжат (сертификат) алу жағын түсіндіріп өтті. Бүгінде аудан бойынша іріктелген 7 адам облыс орталығында оқып келгендігін, енді Астана қаласына барып үшінші кезеңнен өтетіндігін айтты.

Пікір білдірушілер жобаны қолдайтынын жеткізіп, ардагерлер қозғалысының тек өткенді еске алу ғана емес, келешекке бағытталған әрекет те болуға тиіс екенін айтты. Жастар тәрбиесі, ұлттың рухани қауіпсіздігі, мемлекеттік тіл мен дін мәселесі, артық-кем салттардың салмағы – барлығы ардагерлер назарынан тыс қалмаса, ұрпақ арасындағы байланыс нығая түспек.

 

М.Бөлек