Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты көлемді мақаласы Абай шығармаларын қайта оқып, тереңірек үңілу арқылы күнделікті тіршілікте де ұрпақ тәрбиесін жандандыру ісінде ерекше талпынысқа ұмтылып, рухани ұлттық санамызды қайта жаңғыртуға жаңа серпін беруде.
Жалпы адам тәрбиесі төңірегінде сөз қозғалса Абай атамыздың атын айналып өте алмасымыз ақиқат. Әсіресе, ақын шығармашылығының шырқау биік шыңы болып табылатын оның шымыр шумақты жыр жолдары мен қоса ойымызда жаттап, бойымызға сақтап, бойтұмардай қадірлейтін қымбат қазынамыз ақынның қырық бес қара сөзі. Өзінің биік ой өрісі мен пайымды парасатының арқасында хәкімдік деңгейге жетіп, адамзаттың Абайы атанған алып тұлғаның асыл арманы мен биік мақсаты адам тәрбиесінің мәселесі. Ондағы ақын идеяларының басты бағыты адамгершілік пен адалдыққа үндеу.
«Атымды адам қойған соң,
Қайтып надан болайын?..» – деп адамгершіліктің баға жетпес белгілерінен болып табылатын: көпшілдік, кішіпейілділік, кешірімділік, мейірімділік, намысшылдық, жігерлілік, имандылық секілді сан түрлі сапалық қасиеттерді ерекше биік қойып санамызға сынадай сіңіруді негізгі мақсат етіп қояды. Әсіресе ақын тілімен жинақтап, топтап айтсақ «Малға достың мұңы жоқ, малдан басқа» деген өлеңінде:
…«Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек,
Еңбекті сат, ар сатып неге керек?
Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті,
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» – деп адам баласын үнемі алға ұмтылып іздену арқылы ғана жетістікке жетуге болатындығын түсіндіреді. «Ыстық қайрат» – тек қана жақсылық пен жаңалыққа, жасампаздыққа деген жан құштарлығы болса, «нұрлы ақыл» мен «жылы жүрек» мейірім мен кешірімге толы иман нұрыменен сусындаған ақыл ғана нұрлы, жүрек қана жылы болмақ дегенді баса айтады. Кемеңгер ойшыл кемел ойлап кең пішкен шығармашылығының өнбойында адамның адамгершілігін айғақтап тұратын ерекше екі нәрсеге тоқталады. Ол: «жүрек» және «мінез». Арнайы зерттеушілердің айтуына қарағанда Абай атамыз бір ғана «жүрек» сөзінің 40-тан астам мағынасын ашып көрсетіп, өз шығармаларының өнбойында 107 рет қайталаған екен. Ал «мінез»деген сөзге де мейлінше назар аударған данышпан әсіресе, өзінің қырық бес қара сөзінде осы «мінез» сөзінің жан-жақты қырын ашып, сырына терең үңіледі. Себебі неше мың сан адам болса соншама мінез болатындығы даусыз ғой.Олар бір қарағанда бір жақ қырынан бір-бірлеріне ұқсауы мүмкін. Бірақ бір мінез бір мінезді өмірі қайталамайды. Себебі мінез деген өте күрделі ұғым. Бұл жаратушы АЛЛА тағаланың кемел құдіретімен жаралып, адам баласын жақсы, жаман, жағымды, жағымсыз етіп көрсететін амал-әрекеттерінің жиынтығы. Ал енді «менің өзімнің жаратылғаннан мінезім солай еді, оны мен ешқашан да өзгерте алмаймын» – деп, қиямпұрыстанып, түзелуге тырыспай, қисайған жағымен жүре берген адамда қасиет қала ма? Ондай қисық томар секілді қиғаш жандар айналасын қоршаған адамдар түгілі жаратушы АЛЛАҒА да жақпас. Ал АЛЛАСЫНА жақпаған адам айналасындағылардың көңілін таппас. Әсілі адам болғаннан кейін мінсіз, мінезсіз адам болмайды. Адам бойындағы мінінің көбі мінезден келіп шығады. Осындай өз мінін біліп мойындап, оны түзетуге тырысып,кердең мінездің кеселінен құтылуға асығып әрекет жасамаған адамды кім дейміз сонда? Ондай жандар бүгінде де айналамызда өріп жүр.Осы тұста Абай атамыздың «Отыз жетінші қара сөзі» еріксіз ойға оралады.
«Адам баласын заман өстіртеді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват. Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» – дейді. Өзін-өзі өзгерткісі келмей бар кемшілікті басқа біреуден, тіпті болмағанда «жаратылысым солай» деп жаратылыстан, «мені солай жаратып қойса қайтемін» деп жаратушыдан іздеп әрекетсіз жүретін әпербақан жандарға бұдан артық қалай айтуға болар еді? Ерлікке еліктегеннің ерсілігі жоқ демекші жақсылыққа құштарлық, көркем мінезге қызығу, парасатты жандарға ұқсау, Абай атамызша айтсақ: «ыстық қайрат», «нұрлы ақыл», «жылы жүректілікке» тырысу өзін-өзі сыйлаған және өзін нағыз адам санаған әр пенденің санасында сәулеленуі керек. Сонда ғана толық адам деңгейіне жетуге ұмтылыс болады. Өзінің әйгілі «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінде:
…«Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз.
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз – деп те ескерткен жоқ па?
Ол жақсының жақсы мінезі мен жағымды әрекетіне қарап бейімдел деген сөз. Солардан үйрен. Өнегесін өзіңе үлгі тұтып, өзіңді-өзің түзетуге тырыс дегені емес пе? Әсіресе астарында терең сыры бар, аңдағанға алары мол ақиқатты ақтарып салатын ақынның «Отыз тоғызыншы қара сөзін» оқыған жанның ойланбайтыны қалмайтын шығар. Ащы да болса ақиқатын айтайықшы! Жетіліп, жетістік деген мына бүгінгі заманда жеті атамыздың атын білмей жадымыздан жаңыла бастағанымыз да жасырын емес қой. Бұл бүгінгі жағдай. Ал кемеңгер Абай осыдан тура бір жарым ғасыр бұрын «қазаққа тән екі мінезімізден айылдық» – деп жалпақ жұртқа жар салған екен. Ол қандай мінез?
«Отыз тоғызыншы қара сөзінде»:
«Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі ғана тәуір ісін біржола жоғалтып алдық. Осы күнгілер өзге мінезге осы өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай сол аталарымыздың екі ғана мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, сайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді.
Ол екі мінез қайсы десең, әуелі ол заманда ел басы,топ басы деген кісілер болады екен. Көші-қонды болса, дау-жанжалды болса,билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы, топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халық та оны сынамақ, бірден-бірге жүгірмек болмайды екен». Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса сақа қой», «Бас-басыңа би болсаң, манар тауға сыймассың, басалқыңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп, мал айтып тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жеткіземін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып,онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?
Екіншісі – намысқор келеді екен.
Аты аталып,әруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен, «Өзіне ар тұтқан жаттан зар тұтады» деп «аз араздықты қуған көп пайдасын кетірер» деп, «Ағайынның азары болса да, безері болмайды» деп, «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» десіп, «Жол қуған қазынаға жолығар, дау қуған бәлеге жолығар» десіп. Кәнеки,енді осы екі мінез қайда? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді. Бұлардан айрылдық. Ендігілердің достығы – бейіл емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық» – дейді кемеңгер.
Шіркін кемел сөзге кепілдің керегі жоқ деген осы да. Астарлы ойдың ақиқатына не жетсін! Ұлт көсемі, алаштың Әлиханы атанған Әлихан Бөкейханұлы бабамыз: «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» – деген екен. Бізде бүгін білімсіздер аз білімділер көп. Бірақ та соның көбісі мінезсіздер болғандықтан да ұлтқа адал қызмет етіп, ұлтжандылығымызды көрсете алмай келе жатқанымыз өкінішті-ақ. Осы бір мінезсіздік деген олқылығымыздың орнын толтыру үшін тағы да Абай бабамыздың: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген ойымен түйіндесек өте орынды болар еді. («Он сегізінші сөз»). Мінез деген нәрсені адамның көзінен де, сөзінен де көруге болады. Мінез-жүректің ісі, жүректің күші.
Мінез – жүректің сөзі, жүректің өзі. Көбінде мінездің адамға емес, адамның мінезге бағынышты болатыны да сондықтан болса керек.
Ақын бабамыздың «Өлсе өлер табиғат,адам өлмес» деген өлеңіндегі:
…«Кім жүрер тіршілікке көңіл бермей,
Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей.
Міні қайда екенін біле алмассың,
Терең ойдың телміріп соңына ермей» – деген жолдарын түсініп,түйсініп оқыған түйсігі бар әр адамның тебіренбеуі мүмкін емес.
Адам пенде болған соң ол, әрине, кемшіліксіз болмайды. Кемшілік – адамға тән. Кемелдік – АЛЛАҒА тән.
Абай атамыздың сөзімен айтсақ:
…«Пайданы көрсе бас ұрып, мақтанды іздеп қайғы алмайтын, мінін ұрлап жасырып, майданға түспей бәйгі алмайтын» ірі мінезді тұлғаларды қалыптастыруымыз керек. Абай данамыз айтқан «ақылдылардың», «арлылардың», «артықтардың» мінезі керек. Ол туралы да ойшыл бабамыз «Жиырма бірінші қара сөзінде»:
«Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы – қиын іс. Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің атын үлкендік деп атаймын,біреуін мақтаншақтық деймін.Үлкендік – адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ. Мысалы, надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді-осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп,өзін ондайлардан зор есептемек. Бұл мінез – ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі» – деген екен ойшыл бабамыз. Міне, осындай мінезімізбен іріленіп, мінезімізбен даралансақ сонда ғана өмір өзгереді. Қоғам түзеледі. Ер мінезді,ел мінезді ерлеріміз көп болса көксегенімізге де қол жеткізер едік. Осындай ой түйіп, ұлттық мінезіміз бен қайта қауышып, рухымызды биіктете түсу үшін де данышпан бабамыздың шығармаларын дамыл-дамыл оқып тұруды дағдыға айналдырайықшы, ағайын!
Камнұр Тәлімұлы,
Талғар ауданының Құрметті азаматы.