Қамыров Қанатай Қамырұлы 1924 жылы 24 маусым күні Нарынқол ауданы, Энгельс атындағы колхозда орта шаруаның отбасында дүниеге келді. Әкесі Қамыр Абиыров орта шаруа болған, шешесі Жұмакүл Абиырова үй шаруасымен айналысты. Әкесі 1930 жылдан колхоз мүшесі болып колхоз жұмысына белсенді араласқан, ағаштан түйін түйетін шебер адам болған екен. Энгельс колхозында алғаш мектеп салуға қатысқан. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына алынып, 1943 жылы «хабарсыз кетті» деген қағаз келді.
Қанатай Қамырұлы 1942 жылы 9- сыныптан кейін колхоз жұмысына араласып, майданға ауылшаруашылық өнімдерін дайындауға атсалысады. Сол жылы мұғалімдер дайындайтын 2 айлық курста оқып, 1943 жылдан бастап Сүмбе жеті жылдық мектебінде физика-математикадан мұғалім бола жүріп Кеңес армиясының қатарына алынады. Әскерде 1168 атқыштар полкінде бөлім командирінің көмекшісі болып, идеологиялық жұмыстар шарасын жүргізу үшін орталық радиодан берілетін жаңалықтарды ертелі-кеш жауынгерлерге хабарлап отыру міндетін қоса атқарады. 1943 жылы дайындықтан өткеннен кейін бірінші Белорус майданында атақты қолбасшы генерал Жуков басқарған полктың құрамында артиллерияда көздеуші болып қабылданады. 1945 жылы Ұлы Жеңісті жауды Балтық жағалауы мемлекеттері және Польша арқылы қуа отырып Германияның Грабов қаласында қарсы алады. Қираған дүниені қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, 1946 жылы Совет армиясы қатарынан босап, қуанышпен елге оралады. Соғыстағы көрсеткен ерліктері үшін «Отан соғысы» орденімен, «Жеңіс» медальдармен марапатталған.
Нарынқол ауданының Қызыл шекара, Киров, Сарыжаз, Карл Маркс орталау мектептерінде физика-математика пәнінен мұғалім болып, 1954 жылға дейін қызмет етеді.. Осы жылы ауылшаруашылығын өркендету туралы Үкіметтің каулысына байланысты ауылшаруашылығы жұмысына ауысады. 1955-1958 жылдары Энгельс, Киров колхозында зоотехник жұмысын атқарады. 1958-1961 жылдары Шымкент партия мектебінде оқиды. 1961-1963 жылы Қарасаз, Энгельс колхозында партия ұйымының хатшысы, ұжымшар басшысы орынбасары болады. Ауылшаруашылығы институтында сырттай оқиды. 1963-1966 жылы Калинин колхозында ұжымшар басшысы орынбасары, бас зоотехник болады. 1966-1984 жылдары Коммунизм, Киров атындағы колхозда колхоз бастығы болады. Ауданымыздың ауылшаруашылығы өндірісіндегі ең басты сала – мал шаруашылығы. Сондықтан да мал шаруашылығын өркендетуге бағытталған жұмыстарды ғылыми негізде ұтымды ұйымдастыруға күш салады. Жүрген жерінде жол салдырып, адамдардың шаруашылық жұмыстарында қиналмай жүрулеріне мүмкіндік жасап отырады. Қанатай атамыздың арқасында Киров колхозында малды қыстауға апаратын Талас жолы салынды. Қақпақ ауылында Сулы сай шатқалында жайлау, қыстауға қатынайтын он жеті шақырым жол салынды. Жарты ғасырдан асыпты, ауыл адамдары осы күнге дейін пайдаланып келеді. Ел ішінде «Қанатай ата» шатқалы аталып кеткен.
Осы жылдары 2 рет «Құрмет» белгісі орденімен және бірнеше медальдармен марапатталады. Бірнеше мәрте облыстық, аудандық советтің депутаты болып сайланып, ел аманатын қалтқысыз орындап жүрген еңбек ардагері 1984 жылы зейнетке шығады. Одан кейін де бөлімше басшысы болып жұмыс атқарады.
1947 жылы отбасын құрады. Жары Нұрипа Күшманова ардақты ана, Қанатай ата екеуі 11 бала өсіріп, жоғары білім беріп, тәрбиелеген. Бүгінде 121-ден аса немере мен шөбере, 2 шөпшек сүйіп отыр.
«Талғар-ақпарат».