Бесаспап ұстаздар байқауы

Бесаспап ұстаздар байқауы

«Өлмейтұғын артында сөз қалдырған», – міне осы тақырыпты негізге алған Тұрар Рұсқұлов атындағы №9 қазақ орта мектебінің ұжымы ерекше бастама көтерді. Ұлы ақын Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған бұл шараны аталған ұжым ұстаздары өзара атап өткенді жөн деп тапса керек. Жоғарғы деңгейде ұйымдастырылған үш кезеңдік жарыста Абай шығармашылығынан түрлі тапсырмалар алған мектеп мұғалімдері тартысты ойын өрнегін көрсетті. Ұстаздар қауымынан құралған төрт топтың ойын қарқынына қарап асқан жауапкершілік пен керемет дайындықтың үлгісін көруге болады. Ұлттық нақышта киінген қатысушы әр топ өздеріне Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ә.Бөкейханов сынды ұлт зиялыларының есімін таңдап алған.

Бірінші кезең бойынша командалық атауын таныстыруға шыққан топтар ұлт мақтаныштарының өмірі мен шығармашылығынан баян ететін театрландырылған қойылым көрсетіп, келген жұртшылықты бір қуантса, екінші кезең бойынша командалар квест тапсырмалар шешімін іздеумен болды. Яғни төрт бөлмеде жасырылған Абай өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтардың жауабын іздеп бөлмеден бұрын шығып жарыс межесіне жетуге тырысты. Соңғы бөлімде қазылар алқасында отырған ардагер ұстаздарға қатысушы топтардың өнерін бағалау ұсынылды. Осы үш кезең бойынша аталған мектеп мұғалімдері өздерінің ауызбіршіліктерімен қоса бесаспап екендігін де таныта білді.

Осылайша Алмаш Алдибекова басшылық ететін мектепішілік өткен «Ұстаздар сайысы-2020» топтық жарысының нәтижесінде Әлихан Бөкейханов командасы жеңіске жетті. Ұйымдастырушы Сәлима Ерланқызының айтуынша, осындай байқаулар ұстаздар арасында ауызбіршілікті нығайтып, сабақ беру ісінде өз үлгісін қалыптастыруға жол ашады дейді. Сонымен қатар шара соңында Абай өлеңдерін насихаттау бойынша өтіп жатқан аудандық челлендж эстафетасын Белбұлақ ауылындағы №10 орта мектеп ұжымына жолдады. Біз де өз кезегімізде бірлігі мығым, өнер білімді ұштастыра білген ұстаздары бар мектеп шәкірттерінің болашағы зор, келешегі кемел болсын деген тілек білдіріп қайттық.

Дархан Мақсатұлы,
«Талғар».