Өткенін ескеру өскендіктің белгісі

Өткенін ескеру өскендіктің белгісі

Қазаны оттан, азаматы аттан түспеген қазақ елінің тарихы Талғар өлкесінің әр жусанының түбі мен бетегесінің биігінде сайрап жатыр. Тамыры тарихтың көне ғасырларынан бастау алатын Талхиз қалашығынан түрілген ата жолы бүгінде де өз жалғасын табу үстінде. Оған жуырда орталық кітапханада өткен конференция куә болды.

Аудандық ішкі саясат бөлімі мен аудандық Ардагерлер ұйымының ұйытқы болуымен өткен шараға «Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы» төрағасының орынбасары, академик Өмірзақ Озғанбаев келді. Аталмыш ұйым мүшелері мен этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысқан кездесу тізгінін алған ұйым жетекшісі Матан Бекбосынов жиналғандағы негізгі мақсат Әлмерек бабаның 360 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 75 жылдығы екендігін айтып, бірден келген қонаққа сөз берді. Тарихшы ғалым алдымен ардагерлер кеңесінің жасап жатқан жұмысы жайлы қысқаша түсінік беріп, келесі кезекте келген шаруаға көшті.
«Үш әйелі үш жүздің қызы болған бабамыз бар қазаққа ортақ тұлға. Жас кезінде батыр болып ел қорғаса, кейін ел басқарған, билік айтқан би болды. Қартайған шағында абыздық деңгейге көтерілді. Ол 22 жасында қалмақтың бас қолбасшысы Шоншыны жекпе-жекте жеңгені тарихи шындық. Бұл туралы Қытайда қайтыс болған жазушы Әскер Тойғанбекұлы «Қайран елім» роман-трилогиясында жан-жақты жазған. Сондықтан Ұйғыр ауданына және Шонжы ауылына Әлмерек Жаншықұлының есімін берсе тарихи шындық қалпына келер еді», – деп тың ұсынысын айтып, батыр бабаның қалмақтардың қол астында 20 жылдай бодандықта болған ру-тайпаларды азат етудегі ерлігін ерекше атап өтті. Одан өзге ұлттық құндылық, жас ұрпақ тәлім-тәрбиесі, үлкендердің осы бағыттағы жұмысы жайлы да әңгімелер қозғады.
Тақырып 2020 жылы 75 жыл толатын Ұлы Жеңіске ойысқанда, бұл дүбірлі тойға да қосар өзіндік ұсыныстары бар екендігін атап кетті. Мәселен, соғыс кезінде жау қолына тұтқынға түскен жауынгерлер еліне оралғанда оларға деген суық көзқарастың болғаны рас. Кейбірінің қолына «Отанын сатқан» деп кісен салынған. Санаулы қалған ардагерлерді ақтап, сол «таңбаны» алу керектігін айтты. Және де оларға медициналық көмектердің жүйелі жүргізілуі, мерейтойға орай бөлінер қаржыны көбейту, моральдық тұрғыдан демеуді күшейтетін ҚР Президенті атынан әрқайсысына «Алғыс хат» ұйымдастырылуы сынды ұсыныс-тілектерін отырғандар бірауыздан қолдай кетті. Шара барысында сөз алған Н.Үмбетова, М.Жанәділов, К.Әлімқызы, Т.Саудабаев көтерілген бастамаға деген оң пікірлерін білдірді. Әсіресе, Т.Саудабаев ірі округке айналған Қайнар ауылдық округін бөліп, біріне Әлмерек бабаның есімін беруін сұрауы көпшілікті қуантты. Ақын Б.Көлбаев жүректен шыққан жырын арнады. Конференцияны қорытындылаған Өмірзақ Озғанбайұлы аудандық Ардагерлер ұйымының қоржынына «Бата дарып, бақ қонсын» атты кітапты сыйға тартты.

Меруерт Мәулетханқызы,
«Талғар».