«Түнгі кітапханадан» түйген ой көп

«Түнгі кітапханадан» түйген ой көп

Биыл – Тұрар Рысқұловқа 125 жыл

Шапшаң жүріп жатқан жаһандану үрдісі жастардың кітап оқуға деген белсенділіктерін бәсеңдетіп тастағаны жасырын емес. Жастар ғана емес ересектер де еріншектік танытып, сылтауларын уақыттың тынысына сырғытып қоя салуда. Дегенмен, заманауи технологиялар дамыған сайын олардың ұтымды тұстарын кәдеге жарату ісі де қарастырылатыны белгілі. Сәрсенбінің суық кешінде жаныңды жылытар сондай бір шараның куәсі болып қайттық.

«Түнгі кітапхана» акциясы аясында өткен шара Талғардан өсіп-өнген біртуар азамат Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналыпты. Ұлт болашағы үшін жанын пида еткен азаматтың әруағына тағзым етіп әрі кітапхананың тынысынан хабардар болуға ауданның ақсақалдары мен атпал азаматтарынан бөлек келген жастардың да қарасы көп болды. Есіктен енген қонақтарды көңілді тебірентер күйімен қарсы алған халықтық «Алатау аясында» ән-би ансамблі шараның маңыздылығын арттырып, мәніне ән қоса отырды. Қоғам қайраткері жайлы қойылған стендтерден керегін тауып жатқан келушілер бар деректен гөрі тың деректің көптігін аңғарды. Шынымен де Махамбет Хармысов бастаған кітапхана қызметкерлері аталмыш шараға бей-жай қарамай, атына заты сай рухани, әдеби-мәдени кеш болуына баса назар аударыпты. Арнайы тарих ғалымдарымен, алаш зерттеушілерімен кездесіп, ақылдаса отырып жасалған көрнекіліктер көрген жанның көзін сүйсінтіп, көңіл терезесіне сәуле құйып жатты.
Бұл жолғы шара әдеттегіден бөлек әруақ рухына құран оқылып, бата қайырумен басталды. Маңызды кештердің мерейін асырып жүретін ақын Камнұр Тәлімұлының мақамына ұйып, қарт ұстаз Мұхамеджан Мекебайұлының батасына шын ықыласымен қол жайған көпшілік «әруақ разы болмай, тірі байымайды» деген тәмсілді жадыларына тоқи отырды.
Кештің негізгі бөліміне ойысқанда бұл кештің басқалардан тым бөлек екендігін аңғардық. Кі-тапхана әдіскері Ризвангүл Токарзаева қонақтармен таныстырғанда аудандық деңгейде екендігіне қарамай шақыртуды қабыл алған тарихшы-ғалымдарға риза болыстық. ҚР «Әділет» білім беру қоғамының атқарушы директоры, тарихшы Сәуле Қожықова, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкерлері Алмас Жүнісбаев пен Сәбит Шілдебай бастаған ел алдындағы азаматтардың тізбегін өлкеміздің бетке ұстарлары жалғап кетті. Олардың ішінде ауданымыздың «Құрметті азаматы», ақын, журналист Мұса Жанәділов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Толқын Саметова, жергілікті ақындар Бексұлтан Көлбаев, Дәулетхан Карбоз, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары мен жастар ресурстық орталығының жастары, Талғар қаласының Қорғаныс істері жөніндегі бірлескен бөлім ұжымы, мемлекеттік архив қызметкерлері, сонымен қатар зейнеткер ұстаздар, мектеп пен колледж кітапханашылары мен тарих пәнінің мұғалімдері бар. Қай-қайсы да тарихшылардың тау тұлға жайлы айтқан ақпараттарын құныға тыңдап, деректі фильмді тамашалады. №1 мектептің 2 «а» сынып оқушысы А.Бексұлтан оқыған өлең, кітапхана библиографы С.Карыбозова таныстырған кітап көрмесі, аудан өнерпаздарының орындауындағы дәстүрлі әндер кеш шырайын айшықтай түсті.
– Бүгінде Талғар аудандық кітапхана қорында 254351 кітап бар. Оқырман саны 11 мыңға жуық. Кітапханаға келушілердің саны жылдан жылға артпаса кеміген емес. Биылғы тоғыз айлық көрсеткіш бойынша 81 мыңнан астам оқырман рухани ордамызға келіпті. Осыдан-ақ кітап ғұмыры өлмейтінін аңғарамыз. Адамды рухани ашаршылықтан құтқаратын, рухын түсірмей, жігерін жанитын бірден-бір дүние – ол кітап болса, біз осындай шаралар арқылы оның құны жойылмайтынына куә боламыз, – дейді кітапхана директоры Махамбет Қасымханұлы.
Осылайша «Түңгі кітапхана» халықтың жүрек түкпіріндегі ұйықтап жатқан рухани сезімін бір серпілтіп, қалғып жатқан құндылығын қайта оятты. Мұндай шара жылына бір рет ұйымдастырылмақ. Әзірге…

Меруерт Дүйсенғалиева,
«Талғар».