Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесінде

Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесінде

Қарызы қысып несиесі несібесіне ортақтасқан қым-қуыт қарбаласы көп мына нарықтың заманында, ұл-қызын ел қатарына қоссам деп тепеңдеген ата-ананың тәрбие тізгінін сәл босаңсытып алғаны жасырын емес. Кей тұста ері мінезінен айрылып, қызы қылығын лайлап жатқанын ара-тұра құлағымыздың шалатыны тағы бар. Осы орайда ағаларымыз айтқандай «шешім сөзі елін тиған атаның, кесім сөзі келін тиған әженің» қатары сиреген-ау деген ойға келесің. Ол аз десеңіз салт-санамызды сүннетте жоқ деп дүмшелікке салынып, құндылығымыз қолданысқа келмейді деп кері кеткендердің қылығы қоғам қотырының дендеуіне жол ашуда. Енді осы айтқан олқылықтардың орнын түзету үшін не істеуі керек деген ойдың санамызда сайрары анық. Ол үшін өскелең ұрпақтың тегінен тартылған тамыры арқылы тәрбие дейтін нәрді жас өркеннің бойын дарыту ата-анадан бөлек, елім дейтін қоғам қайраткерлерінің де мойнына артылған міндет екенінде ұққанымыз жөн.
Жоғарыда жіпке тізген түйткілдердің түйінінің тарқауына азда болса үлес қоссақ деген оймен ауданымыздағы жастар ресурстық орталығы өткен аптада хас батыр Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметовамен кездесу өткізді. «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты», «Күретамыр» сынды еңбектердің авторымен болған кездесу Талғар аудандық медициналық колледжі ғимаратында өтті. Келелі жиынға ұстаздар қауымынан бөлек аталмыш оқу орнының жоғарғы курс студенттері қатысты.
Дәстүрімізді дәріптеп, құндылығымызды қуаттап жүрген Зейнеп апамыз, келген қауымның есінде ұзақ уақыт сақталардай керемет әсер қалдырғаны анық. Кеш қонағы бүгіндегі ұлт тәрбиесіндегі кетіп жатқан ең үлкен қателіктердің ел ертеңі үшін кесел болатынын жетесіне жеткізіп түсіндіруге тырысты. Алдына келген аудиторияның жастығын ескерген Момышұлының келіні бүгіндегі қазақ баласы үшін аса қажетті тәлімге толы әженің әңгімесімен бөлісті. «Шығыс келіп тұмшалап, батыс келіп шешіндірген» мына кезеңде өзгенің қаңсығын таңсыққа айналдырмауымыз керектігін айтқан Зейнеп апа зейін қойған оқырмандарына алғысын айтып аналық ақ тілегімен қорытындылады.
Кешке қатысқан ұстаздар қауымы мен бірқатар ата-аналардың осындай ұлт зиялыларымен өтетін тәрбие сағаттары қоғамымыз үшін керек екендігін айтып, әсерімен бөлісіп жатты.

Дархан ӘУК,
«Талғар».