Майдан даласынан келген «Қара қағаз»

Майдан даласынан келген «Қара қағаз»

Биыл Кеңестер Одағы мен Германия мемлекеті арасында болған Ұлы Отан соғысына 75 жыл толып отыр. «Ешкім де ұмытылмайды, ештеңе де ұмыт қалмайды» демекші, менің
қолымда Алматы облысы, Іле ауданының «Жаңа дәуір» атты колхозының колхозшысы 1924 жылы туған жап-жас бозбала Бейісбай Мұсабайұлының майдан даласынан осыдан
75 жыл бұрын әкесі Мұсабай, анасы Бағила, інісі Кеңеске және барлық ауылдастарына жазған бес-алты хаты жатыр.

Мұны Кеңес Мұсабайұлының баласы Мұқатай Мұсабаев әкеп тапсырды. Қылшылдаған жап-жас жігіт Бейісбай соғыс алдында Жаңа-дәуір колхозында комсомол ұйымының хатшысы, әрі егіс – мал шаруашылығының бригадирі болып ауыл жұртын еңбекке жұмылдыра білетін жалындаған жас болыпты. Сымдай тартылған тарамыс денесінде бірде-бір артық еті жоқ, Бейісбай ауыл жастарының ұйытқысы болыпты. Қолынан қызыл сырнайы мен орыстың балалайкасы түспейтін өнерпаз Бейісбай Мұсабайұлын сол ауылда тұратын орыс, украин, поляк ұлтының жастары керемет сыйлаған екен. 1942 жылы соғысқа шақырылған Бейісбай Мұсабайұлы Қаскелең ауданындағы Буденный ауылында орналасқан полкқа келіп қосылып, сол жерде зеңбірек батареясының атқышы оқуына машықтанып, лейтенант шенін алып шығады. Бұл кезде батыстағы соғыста күн сайын жеңіске ұшырап жатқан Кеңес Одағы армиясына тың күштер керек болатын. Міне, әскери дайындықтан өткен Бейісбай Мұсабайұлы 1942 жылдың 4 — наурызында Арыс қаласының станциясынан ашық эшалонға зеңбіректерін тиеп, сол беттерімен Саратов қаласының маңындағы Кантемировка станциясына келіп түседі. Содан Қазақстаннан барған бұл құрама мамыр айының басында Харьков түбіндегі алапат соғысқа барып кіреді. Соңғы хатының бірінде Бейісбай: «11 мамырдан бері соғыс өртінің ортасындамыз. Күн сайын қырылып жатқан жас қыршындар. Жексұрын фашистердің шабуылына тойтарыс берудеміз» – деп жазған екен. Мына жалған дүниеге зор үмітпен қарайтын он сегіз жасар Бейісбай Мұсабайұлының әке-шешесіне: «Балаң Харьков түбіндегі ұрыста ерлікпен қаза тапты» деген «Қара қағаз» келеді. Өмірге құштар, тұла-бойында болашаққа деген зор сенім лаулаған Бейісбай Мұсабайұлының сарғайған әр хатын оқыған сайын осы бір қазақ солдатының артындағы 14 жасар кіші інісі Кеңеске және әке-шешесі мен бауырларына деген шексіз бауырмалдық махаббатын байқауға болады. Қазақ даналығында: «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді»- деген сөз бар еді. Он сегіз жасында соғысқа киліккен Бейісбай Мұсабайұлы да кебін киген көп қазақ сарбаздарының бірі. Бұл соғыс кімді аяған? Осы мақаланы жазудағы мақсатымыз, биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл толуына орай қазақ сарбазы Бейісбай Мұсабайұлының ерлігі ұмыт қалмасын деген мақсатпен қолымызға қалам ұстадық.

Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар».