Осынау жаһанданған заманда, ақпарат көз ілеспес жылдамдықпен телефон мен интернет арқылы таралып жатқанмен, қағаз газеттің иісін сағынып, оның әр санын тағатсыз күтетін оқырман әлі де бар және солардың бірі өзім. Бұл баспа сөздің қоғамдағы орнын, халықтың жүрегіндегі қадірін жоғалтпағанның айғағы.
Биыл осындай киелі шежіреге бай, аудандық басылым- «Алатау жұлдызы» өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өткелі жатыр. Ғасырға жуық тарихы бар, үлкен мәнге ие болып отырған бұл мерейтой бір газеттің ғана мерекесі емес тұтас Талғар өңірінің тарихы мен рухани өмірінің өткен жолы, тұтастай халықтың шежіресімен біте қайнасып бірге жасасып келе жатқандығынң айғағы ретінде ауданның да мерейтойы.
Сонау 1935 жылы «Сталин туы» деген атпен алғаш оқырманға жол тартқан бұл басылым- Талғар жұртының талай тарихи кезеңінің куәсі болып, аудан жұртының қуанышы мен мұңын қатар жариялап, әлеуметтік, саяси, рухани өмірінің айнасы болды. Сол бір қиын-қыстау заманда дүниеге келген газет халыққа бағыт-бағдар беріп, жаңалық пен ақпараттың, тәрбие мен насихаттың қайнар көзіне айналды. Бұл атаудың өзі алғаш кеңестік дәуірдің қатаң саяси ықпалымен шықса да, онда елдің тыныс тіршілігі, еңбек адамдарының ерлігі, ауыл шаруашылығы мен мәдениеттегі жетістіктері кеңінен насихатталып, уақыт өте келе атауы да заман талабына сай өзгеріп отырған. Бұл өзгерістерден әр дәуірдің, саяси ахуалын қоғамдағы идеологиялық бағыттарын байқауға болады. Ұлы Отан соғысы жылдарында жауынгерлердің ерлігі, олардың майданнан келген хаттарын, майдан жаңалықтарын, тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегін жариялап, соғыстың қасіретін тартып, мұңға батып жүрген халыққа рухани күш жігер беріп, демеп отырған. Тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңінде ауыл шаруашылығының жетістіктерін кеңінен жазды. «Алатау жұлдызы» газеттің тарихи жолы қашанда халықпен бірге болды.
Алматы қаласының іргесінде орналасқан Талғар ауданы, республикаға танымал көкөніс, жеміс-жидек өсіретін, колхоз-совхоздарымен даңқы асқақтап тұратын. Ауыл шаруашылығы, сол заманда ерекше дамыған кезең еді. Тұтас Алматы қаласын, жеміс-жидектермен, көкөністермен толықтай қамтамасыз етіп отырған.
Сол толассыз тіршіліктің мен де кезінде куәсі болған едім. Көкөніс жинауға көмекке баратынбыз студент кезімізде. Міне, сол кездің өзінде-ақ газет тек ақпарат құралы ғана емес, ауыл шаруашылығын дамытушы, еңбек адамын дәріптеп, мақтап, еңбек озаттарын үлгі етіп отырған. «Алатау жұлдызы» — аудандық журналистиканың алтын босағасы. Мұнда еңбек еткен редакторлар мен тілшілер әр кезеңде аянбай тер төгіп, еліміздің татулығы мен тұрақтылығын, өрістеп-өрлеуінің қарқынын паш ететін журналистер қауымы қашанда құрметке лайық.
Бүгінде «Алатау жұлдызы» тек аудандық жаңалықтың жаршысы емес, жас ұрпақты Отансүйгіштікке, туған жерге, тілімізге, салт-санамызға, дәстүрімізге мәдениетімізге, бір-бірімізді құрметтеуге, сүйіспеншілік ұялататын рухани мектеп болып отыр. Сондықтан 2025 жыл басылым үшін атаулы белес. Бұл тек редакция ұжымының қуанышы ғана емес, тұтас аудан жұртының ортақ мерекесі. 90 жылдық бір дәуірдің ғана емес, бірнеше ұрпақтың еңбегінің, тарихының көз жасымен жазылған шежіренің нәтижесі. Осы уақытқа дейін газет ұжымы түрлі арнайы айдарлар ашып, аудан тарихын, еңбек ерлерін, соғыстан оралмаған боздақтарды, тыл ардагерлерін, мәдениет пен спорт саңлақтарын жариялап, өткен мен бүгінді жалғап отыр. Бұл ұрпақ сабақтастығының айқын көрінісі.
Осы орайда, айта кетейін, менің сүйікті газетім – «Алатау жұлдызының» жаңа санын тағатсыздана күтіп, ауылымның жаңалығын, тарихын, тыныс- тіршілігін, сүйсіне оқитын тұрақты оқырмандарының бірі болғандықтан, осы салада аянбай тер төгіп жүрген тілшілер қауымы, қоғам тарапынан артылған маңызды жауапкершілікті абыроймен атқарып, аудан халқын тың деректермен, қажетті ақпараттармен қамтамасыз етіп келеді. Қай кезде де халықтың қоғамдық-саяси әлеуметтік-экономикалық, мәдени- рухани тақырыптағы маңызды проблемаларын қозғап, игілікті іске жанашырлықпен үн қосып, түйіні шешілмей тұрған мәселелердің түйінін шешуіне, кәсіби шеберлікпен атсалысып, қажырлы еңбек етіп келе жатқан газет ұжымындағы «Алатау жұлдызы» ЖСШ директоры-Қалиева Хакима Бақытжанқызын, Бас редактор Меруерт Мәулетқызын,
орыс бөлімінің тілшісі Фатима Ержанқызын, бас есепші Ғалия Қайыңбайқызын, көркемдеуші-дизайнер Марат Бақытұлын шын жүректен мерейлі мерекелеріңізбен құттықтай отырып, қаламдарыңыз мұқалмасын деймін. Баршаңызға шығармашылық табыс тілеймін! Ақпарат майданындағы ерен еңбектеріңіз еленіп,
ел жадында жаңғырып, халықтың ыстық ықыласына бөленіп, Алатау шыңына шыға беріңіздер!!!
Аслан Рғынбаева,
газет оқырманы