Ұрпаққа ұран болар батыр бабаларымыздың бүгінгі ұрпақ үлгі тұтар жақтары тарих беттеріне алтын әріппен жазылған. Әр ғасырдың тарихында олардың үлгі-өнеге алар асыл қасиеттері мен қалдырған ізі сайрап жатыр. Сондай ер етегімен су кешкен алапат – ХХ ғасырдың 40 жылдарындағы екінші дүниежүзілік соғыс. Талай қыршын жастың өмірін қиып, талай отбасына қаралы хабар жеткізген қиын-қыстау күндер әлі де ел есінде екені даусыз.
Осындай ел басына күн туған кезде еліміздің еркіндігі мен бостандығын қорғаған боздақтарымыз қаншама десеңші. Бүгінгі Ұлы жеңістің 75 жылдығы қарсаңында мына өмірде солардың санаулысы ғана қалды. Ұлы қырғын басталғанда 18 ге толар-толмас жастарымыз «Отан үшін» – деп майданға аттанды. Солардың бірі біз сөз еткелі отырған Досқанаев Нұржан Сыманәліұлы.
Нұржан Сыманәліұлы 1923 жылдың 15 қазанында Іле ауданының Октябрь ауылында (қазіргі Талғар ауданы, Нұра ауылы) кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Туған ауылында 7 жылдық мектепті бітірген Нұржан ауылдағы колхоз жұмысына араласты. Жастайынан зерек, оқу-білімге құштар жастың асыл арманын орындауға ел басына төнген соғыс кедергі болды. Бір Сыманәлі қарттың отбасынан Мұқаділ, Мұқамеди атты екі інісі, үлкен ұлы Шаймерден 1941 жылдан маусым айында майданға аттанса, кенже ұлы Нұржан да 1942 жылдың маусым айында Сталинград майданына қарасты 18-ші атқыштар полкінің құрамында кескілескен ұрысқа қатысты. Бұл Ұлы Отан соғысының ең бір шешуші кезеңі болатын. Неміс басқыншыларының Сталинград қаласын басып алу үшін бар күшін салып жанталасқан кезі еді. Совет жауынгерлерінің алдында қайткен күнде де жауды Сталинград қаласына өткізбеу міндеті тұрды. Ұлы Волга бойындағы қаланың әрбір көшесі, әрбір үйі үшін қырғын соғыс қимылдары жүріп жатқан. Нұржан Сыманәліұлының маңдайына жазылған сол қарыс қадам жер үшін болған ұлы шайқас шыңдалу мен шынығу мектебі болды. Соғыс қай заманда да адам баласына қайғы-қасірет алып келген. Майдан даласында жауынгерімізден айырылсақ, бейбіт халық та жау самолетінің атқылауымен жарылған бомбадан жазықсыз көз жұмып жатты. Ел басына күн түскен сол заманның ауыртпалығы мен жанға салған жарасы әлі жазылып біткен жоқ. Осындай қанды қырғынның кезінде елдің азаттығы үшін күрескен Нұржан Сыманәліұлы да 1944 жылдың маусым айында сол аяғынан қатты жарақат алды. Осы өлім мен өмір арасындағы арпалыс 8 айға созылды. Ақыры өрімдей жас бар болғаны 21 жасында екінші топтағы мүгедек болып елге оралған еді. Бұл 1945 жылдың әлі де қайғы қасіреті сейілмеген наурыз айы болатын. Осы уақытта екі бірдей бауыры мен үлкен ұлынан қара қағаз алып, қайғы жұтқан Сыманәлі қарт үшін кенже ұлы Нұржанның елге оралуы қайғы жүгін біраз сейілткендей болған-ды. Туған жерге туын тіккен Нұржан қалған өмір жолын, туған ауылының көркеюі мен гүлденуіне арнады.
Талғар қаласында есепшілер дайындайтын курсты бітіріп, есепші бухгалтер мамандығын алды. 1947 жылы Түрген педагогикалық училищесін, 1970 жылы сырттай оқып ауылшаруашылығы институтын бітірді.
1946 жылдың ақпан айында колхоз коммунистері зор сенім көрсетіп сол кездегі Кеңес Одағы коммунистік партиясының қатарына қабылданады. Денсаулығына байланысты зейнеткерлікке шыққанға дейін өзі туып өскен Октябрь (қазіргі Нұра) ауылындағы шаруашылықта, ауылдық кеңесте (қазіргі Нұра ауылдық әкімшілігі) партия, кәсіподақ ұйымының төрағасы, партия ұйымының хатшысы, құрылыс бөлімінің шебері, қойма меңгерушісі, Октябрь селолық Советі атқару коммитетінің (қазіргі Нұра ауылдық әкімшілігі) төрағасы қызметтерін атқарды. Бірнеше рет селолық Советінің депутаты, кеңшар партия ұйымының мүшесі болып сайланды. Ұлы Отан соғысы ордені, «Ерлігі үшін» медалі,Маршал Г.К. Жуков медалі, Совет Одағы Қарулы күштерінің 60 жылдығы медальдары мен көптеген Құрмет грамоталарымен марапатталды. Мемлекет еңбегін жоғары бағалап 3 рет жеңіл автокөлік сыйлады.
Өзі қайсар, жаны жайсаң, балаларының сүйікті әкесі, немерелерінің ардақ тұтар атасы, адал жар Нұржан Сманәліұлы өзінен тараған ұл-қыздарынан 15 немере 1 шөбере сүйіп 1999 жылы 18 маусымда 76 жасында, ұзаққа созылмаған ауыр науқастан дүниеден өтті.
Құдай қосқан қосағы 6 баланың анасы, «Ардақты ана» орденінің иегері Өзипа Қалымбайқызы 16 немере, 10 шөбересінің қызығын көріп, 2016 жылдың 24 маусымында 93 жасында өмірден өтті.
Етекбай Шакибаев,
Туғанбай ауылының тұрғыны.