Қыркүйек айының соңында ауданымыздағы №25 мектеп-гимназияда «Ашық есік күні» форматында ата-аналармен кездесу өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ата-аналарды мектептегі білім беру үдерісімен, оқу-тәрбие жұмысының жүргізілу тәртібімен, оқушылардың күнделікті өмірімен таныстыру, сондай-ақ мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайту, өзара тиімді серіктестік орнату болды. Мектеп-ата-ана-бала үштігін нығайтуға бағытталған іс-шара бағдарламасы мәнді-мазмұнды өтті. Тіркеу жүргізілгеннен кейін ата-аналар ашық сабақтарға қатысып, балалардың сабаққа қатысу деңгейін, мұғалімдердің сабақ беру әдістерін бақылап көрді.
Ашық сабақтардан кейін еңбек пәні мұғалімдері ата-аналарға шеберлік сабағын ұйымдастырды. Бұл бөлімде ата-аналар гипстен бұйымдар жасап, киізден ұлттық оюлар дайындап көрді. Шеберлік сабағы шығармашылық атмосферада өтіп, ата-аналардың қызығушылығын арттырды.
«Дәмді дастархан – ортақ жауапкершілік» атты кофе-брейкке қатысу арқылы мектеп асханасына кіріп, дайындалған тағамдармен танысып, дәм татты. Бұл бөлімнің мақсаты – оқушылардың тамақтану сапасын көру, ата-аналармен тамақтану мәдениеті мен санитарлық талаптар туралы пікір алмасу болды. Мектебіміздің әлеуметтік педагогы М.Казиева апта сайын берілетін тағамдардың мәзірімен және олардың құрамымен таныстырып, тағам сапасы жөнінде түсіндірме берді. Акт залында музыка пәні мұғалімдері Абдраимова С.А., Абитолла Л.О., Смайыл Ә.Қ. және хореограф Шенсизбаева А.Б өз бағыттары бойынша жыл бойы жеткен жетістіктерімен бөлісіп, оқушылардың өнерін көрсетті. Мектептің педагог-психологтары Оразбаева Ж.Е. және Шакирова Ж.Б. ата-аналармен психологиялық тренинг өткізіп, бала тәрбиесіндегі маңызды мәселелерді ортаға салды.
Мектеп әкімшілігі «Мектеп пен ата-ана – ортақ мақсат жолында» тақырыбында есеп беріп, бірлесе жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Әкімбек Г. және Матан Г., сондай-ақ мектеп инспекторы Такенова А. мектептің ішкі тәртіп ережелері, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстармен таныстырды. Директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нигметова Г. 2024–2025 оқу жылының қорытынды есебін беріп, 2025–2026 оқу жылына арналған жоспарлармен таныстырды.
Іс-шара соңында мектеп директоры Құрманбаева Л.С. сөз сөйлеп, ата-аналар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Ата-аналар іс-шараға белсенді қатысып, іс-шара соңында ұсынылған QR-код арқылы өз пікірлерін, ұсыныс-тілектерін білдірді.
Іс-шара барысында ашық есік күні ата-аналар мен мектеп ұжымының арасындағы сенімді нығайтып, оқу-тәрбие процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге, баланың дамуында ата-ананың белсенді рөлін арттыруға оң әсерін тигізді.
Г.Әкімбек, Г.Матан,
директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары.
А.Докабай,
Педагог-ұйымдастырушы