Артына өшпес із қалдырған біртуар талант иесі, Мұзарттың мұзбалағы атанған Мұқағали Мақатаевтың туғанына 89 жыл толуына орай Талғар медицина колледжінде екі
бірдей тәрбиелік мәні кең іс-шара болып өтті. Бірі волейболдан «Мұқағали турнирі» болса, екіншісі «Жырлайды жүрек» атты шығармашылық кеш. Колледж қабырғасында 2011 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан осынау игі іс-шаралар ақын жырларының ғасырлар бойы жасай беретінін айғақтап, жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлінің әрдайым жоғары екенін көрсетеді.
Бұл күнгі волейбол жарысына Саржаз политехникалық, Көлсай кәсіптік-техникалық, Шонжы медициналық, Шелек политехникалық, Қаракемір кәсіптік колледждері мен Талғар қаласындағы агробизнес және менеджмент, сондай-ақ Политехникалық колледждерінің командалары қатысты. Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған колледж директоры Бағжан Құдабаев жыр дүлділі М.Мақатаевтың туған күніне орай жыл сайын өткізілетін осынау спорттық жарысқа қатысып отырған командаларға сәттілік тіледі.
Осыдан кейін қадірменді қонақтар оқу орнының акті залына бет алып, ондағы «Жырлайды жүрек» атты шығармашылық кешке қатысты. Қазақ поэзиясының Хантәңірі, ғасыр ақыны атанған М.Мақатаевтың ақындық талантын шәкірт жүрегіне ұялату, өміршең жырлары арқылы адамгершілікке баулып, Отанды, туған жерді сүюге тәрбиелеуді мақсат еткен іс-шараға колледж жастары ерекше ықыласпен дайындалғаны бірден байқалды. Сахна төрінен ақынның асыл мұрасы жыр болып өріліп, ән болып төгілді. Өнер сүйер жастар ақиық ақынның «Бүгін менің туған күнім…», «Поэзия», «Туған жер», «Арыз жазып кетейін», «Елім барда», «Қарасаз», «Мен таулықпын», «Көшеде», «Қайран жеңгем» сынды жаһұт жырларын нақышына келтіре жатқа оқыды. Көпшілік сүйсіне тыңдайтын «Мен деп ойла», «Есіңе мені алғайсың», «Аңса, жаным», «Бақыт деген…», «Сен көріктісің» әндері әуелете шырқалды. Өмір атты бір нәзік сәулеге деген шексіз іңкәрлікке, жарық пен жақсылық атаулыға деген ұлы сағынышқа толы Мұқағали жырларынан сусындаған тыңдарманның жансарайы кеңіп, сезімі серпілгендей болды.
М.Мақатаевтың «Соғыстың соңғы көк-темі» атты өлеңінен бастау алған колледж жастарының өнері «Дариға жүрек» поэмасы желісіндегі сахналық қойылымға жалғасып кетті. Көрініс басталған сəтінен-ақ көрермендерін бірден баурап, оқиға иіріміне тартып əкетті. Əсіресе, Дариғаның тентек-қайнысы кейіпкерін сомдаған жас өнерпаз Əділет Бірімқұлдың поэмадағы психологиялық тебіреністен туатын көңіл-күйді шынайы жеткізе білудегі актерлық шеберлігі жиналғандарды тəнті етті. Сұм соғыстың талай тағдырды тəлкекке ұшыратқандығын бейнелеген сахналық қойылым жиналғандардың көзіне жас үйіріп, көңілдерін толқытты. Тамаша үйлесіммен сабақталған əдеби-музыкалық композиция ақынның жыр маржандарымен айшықтала түсті. Өлең өлкесіне қанат қағып жүрген колледж жастары Арулан Базаралинов, Ұлбосын Мұхатжан және Ә.Бірімқұлдың қауырсын жырларын жиналғандар жылы қабылдады.
Кеш соңында өнерлі жастармен қатар келген қонақтар да сахна төріне көтерілді. Алғашқы болып сөз алған аталмыш колледж директоры, медицина ғылымының кандидаты Бағжан Құдабаев өткізіліп отырған іс-шараның ұрпақ тәрбиесіндегі алар орны қашанда жоғары екенін айта келе, қонақтарға, іс-шараға белсене қатысқан колледж жастарына алғысын білдірді. Дәрігер адамның тәнін ғана емес, ең алдымен жанын емдейтін ізгі мамандық иесі болғандықтан, осындай тәлімі терең тәрбиелік жұмыстың берері мол екенін алға тартып, ақынның «Болашақ дәрігерге» деген өлеңінен үзінді оқыды.
Мәні кең, мазмұны терең шығармашылық кешті ұйымдастыруға көп еңбек сіңірген Талғар медицина колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жандос Самбетов пен көркемдік жетекші Ернат Кенжебаевты да атап өту орынды.
Тартысты өткен волейбол жарысы да өз мәресіне жетіп жеңімпаздар анықталды. Жүлделі І орынды иеленген Талғар политехникалық колледжінің командасы «Мұқағали турнирінің» ауыспалы кубогына ие болып, арнайы дипломмен марапатталды. ІІ орынға көтерілген Сарыжаз политехникалық колледжі және ІІІ орын иегері Талғар медициналық колледжінің командаларына арнайы диплом әрі ескерткіш сыйлықтар табыс етілді.
Райхан Азимова,
«Талғар».