Ұлт үшін маңызды, өзекті мәселелердің оңды шешілуіне үлес қосып жүрген тіл жанашырлары латын әліпбиінің емле ережелеріне қатысты кезекті кездесулерін аудандық Әділет басқармасы мен халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлерімен өткізді.
«Латын әліпбиі – заман талабы» атты тақырыппен өрбіген басқосу шынымен де бұл қаріпті қабылдау ұлт санасының жаңғыруына жол ашатыны жан-жақты түсіндірілді. Екі мекеме де халықпен тікелей жұмыс жасайтындықтан, тіл мәселесіне немқұрайлылықпен қарамай, мейлінше жауапкершілікпен қарау жөнінде айтылды. Аудандық «Қазақ тілі» қоғамының әдіскері Г.Мамырбаева латын әліпбиіне көшу кезеңдерін түсіндіріп берді. Іле-шала латын әрпіндегі қазақ тілінің емле ережелерін таратып, қызметкерлердің сұрақтарына жауап беріп өтті.
Дәл осындай іс-шара аудандық жастардың қатысуымен аудандық кітапханада да өткізілді. «Жасыл ел» еңбек жасағы қатысқан дөңгелек үстелге «Латын әліпбиі – тәуелсіз ел ретінде еркін таңдауымыз» деген тақырып арқау болыпты. Ойы зерек, ағылшын тілін жақсы білетін қазіргі заман жастарына латын таңбалары жаттық етпесе де емле ережесіне келгенде қиындық тудыратыны сөзсіз. Осы мәселені егжей-тегжейлі түсіндірген тіл мамандары кез келген қиындықты үйрету, оқу жеңетінін айтты. Жастар да өз тараптарынан аталған мәселеге ыждаһатты екендерін білдіріп, сұрақтарын қойып, ой-пікірлерімен еркін бөлісті.
Айта кетейік, екі шараны аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды.
– Ұлы Дала елінің тарихына көз жүгіртсек, бірінші тұғыры байлық – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы болуы керектігі айтылады. Сондықтан тіл мәселесіне немқұрайлылық танытпай, Елбасы жарлығының жергілікті жерде орындалуына күш салып жатырмыз, – дейді іс-шараның ұйытқысы болып жүрген бөлім маманы Ұлбосын Ақжігітова.
Меруерт Бөлек.