Жүрек қатып, қанымыз су болып барады…

Жүрек қатып, қанымыз су болып барады…

Бәлкім оны ақын қылған іштегі бала көңілі. Риясыз бала көңілі. Ал балалық деген бұл ең алдымен тазалық, адалдық, бұл еш нәрсені жамандыққа қимаушылықтан туындайтын сенгіштік, бұл сананың қалауына жүректің жарыса үн қатуы. Өсе келе өмір соққысынан мұндай болмысын жоғалтып алу екінің бірінде кездеседі, әрине. Бірақ біздің кейіпкеріміз керісінше, өмірі қаталдана түскен сайын жүрегі мейірім мен тазалықтан арылмаған қалпы алға ұмтылып келеді.

Бала көңілдің аңсарын өлең басып, әде­биет әлемінде Баршын Ізбасар деген ат­пен танылып жүрген Гүлбаршын Ізба­сар­қызымен сұхбаттың өзі сол асыл қа­сиет­терден ауытқымай өрбіді. Қоңыл­тақсып жүрген көңіл шаранасын толтырған рухани сырласудан менің де санаға сіңіргенім мол болды. Ендеше, ақынның жалпы көпшілік біле бермейтін құпия әлеміне сіз де саяхат жасап қайтыңыз, құрметті оқырман.

– Бүгінде фейсбук желісінде өлеңдері арқылы кең танылып үлгерген Баршын Ізбасардың Талғар ауданының тұрғыны еке­нін бірі білсе, бірі біле қоймас. Әңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастасақ.
– Мен Алматы облысының Ұйғыр ауданында дүниеге келгенмін. Бірақ балалық шағым Кеген ауданына қарасты Бөлексаз ауылында өтті. Әкем Ізбасар Жылысай ауылынан болса, анам Нұрыш Қарқара жайлауынан. Осындай топырағы қасиетті жерде өсіп-өнген менің арманым жоқ деп білемін. Ал әлемжеліге келетін болсақ, бұл да бүгінгі заманның аяқ алысын ұтымды пайдалана білудің көрінісі болар. Ғаламтор желісін қаламның игілігіне пайдаланып жүрген өнер иесі мен ғана емеспін деп ойлаймын.

– Өлеңге, шығармашылыққа деген аңсар қай кезден бастау алды?
– Мен де сол мектеп қабырғасынан бастап қолыма қалам алдым. Есімде, 3-класта оқып жүргенімде «үйден өлең жазып келіңдер» деген тапсырма берілді. Ол кезде өлеңнің иісі мұрныма келмейді. Негізі әкем өлең жазатын. Әнді де бірқыдыру жақсы айтатын. Сөйлесе қалған адамның құлақ құрышын қандырып, жанын рахаттандыратын шежі­решіл еді. Әкеме айтып, төрт жол өлең жаздырып, өзім шығарғандай ертесі барып оқып бердім. Мен 13 жасқа келгенде қан қысымынан әкем қайтыс болды. 40 күндігіне жақындағанда әкеме деген сағыныш көкірегіме өлең болып құйылды ма білмедім, өз-өзімнен өлең жаздым. Қыздың үлкені болсам да әкеме қатты жақын едім. Әкем мені «Тұйғыным», «Ақылдым» деп ерекше еркелететін. Қабағымдағы кірбіңді көзімнен танитын. Өзі де маған еркелегенді жақсы көретін. Алдыма жата қалып, басынан сипатып, мауқын басып қалатын. Екеуміздің арамызда әке мен балаға тән сондай бір бөлекше махаббат болатын. Оның үстіне қайтыс болардан үш күн бұрын мені қасына шақырды. «Ағаңа қарап жүр, анаңа қамқор бол. Қыздың үлкенісің, бәрін аяқтандыруға көмектес» деп көп нәрсе табыстап кетті. Соңғы рет тіл қатысқанымыз да сол болды. Тілі күрмеліп қалды. Әкемді жөнелтіп, абыр-сабыр басылған соң әлгі аманаттары ойыма оралып, жауапкершілікті сезіне бастадым. Он үш жастағы балаға әке қайғысы батпаса да айтқан сөзі батты. Айтқан сөздері ұйқас түрінде ойыма орала берді. «Әке аманаты» деген өлең шығардым. Соны апама, әкемнің әпкелеріне оқып бердім. Оларға әсер еткені сонша бәрі ағыл-тегіл жылап, риза болысты. Арқамнан қағып «бәрекелдіге» қарқ болған соң тағы да шығарғым келді. Сөйтіп әкемнің маған деген аманаты поэзияға жол салып берді. Алғашқы өлеңдерімнің музасы тек әкем болатын. Өлеңдерім шикі болса да сол өлеңдерім жаныма жақын. Сақтап қойдым. Бала көңілдің әкеге деген сағынышы мені ақын етті. Кейде әкем бойындағы қасиетін маған аманаттап кеткендей сезінемін.

– Жазған дүниелеріңізден соншалықты бір тұңғиық, жалғыздық, мұңды лирика сезіліп тұруының себебі осында жатыр ма?
– Әкем қайтқан соң нағашы апамның мейіріміне жүгіндім. Еркелеп тоймай қалғандай болған соң, басымнан сипап, маңдайымнан сүйетін жаныма жақын сол нағашы апам болды. Ол кісі жалғыз тұратын. Мені алып кететін. Бірақ әкемнен кейін көп ұзамай апам да о дүниелік болды. Бұл да маған қатты соққы болып тиді. Сегізінші кластың күзінде әкемнен, жазында нағашы апамнан айрылып, жақын адамдарымды жоғалтып алғаным жаныма қатты батып, сағы­ны­шым­ды ақ қағазға төктім. Адамдардың ортасында жүрсем де өзімді жалғыз сезіндім. Әлі күн­ге таусылмайтын жүректі кернеген бір сағыныш бар. Өлеңдерімнен сол аңғарылса керек. Кейде анам «сені ненің қайғысы алып барады, ненің зары жеп барады?» деп ұрсады. Осындай сәтте батылданып, ұлттық мәселелер төңірегінде өлең тудырғым келеді. Бірақ, ақиқат бағаланбайтын қоғамда босқа күйіп кетем бе деп пенде болған соң қорқамын.

– Ақындар үшін ұстаз – ол өмір. Дегенмен жолыңызда тәрбиесі жұғымды жандар кездескен болар?
– Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін де, магистратурасын да үздік дипломмен бітірдім. Яғни, студенттік жылдарым жастарға тән қызылды-жасылды өтті дей алмаймын. Есіл дертім – оқуымды сәтті аяқтап, мамандығым бойынша жұмыс істеп, үй-ішіме көмектесу болды. Өзім қаланың бір басында тұрсам да университетке ерте келетінмін. Кейде тіпті есік жабық болатын. Тақылдатып, күзетшілердің маза­сын алып ашқызып, кабинеттерді сүртіп, сабаққа даярлап қоятынмын. «Шәкірт деген осындай болу керек» деп ұстаздарым риза болысатын. Үмбетбай Уайдин, Әбдібай Табылды сынды тәлімгерлерден білім алдым. Сол кісілердің ұстанымы, тәрбиесі, өнегесі үлкен мектеп болды мен үшін. Ұстаздарым да менің ынтамды, зеректігімді байқап, қолтаңбамен кітаптарын беретін. Менен зор үміт күтетін. Бірақ, өкінішке орай дипломды алған соң Алланың қалауымен тұрмысқа шығып кеттім. Аспирантураға түсіп тұрған жерімнен бас тартып, отбасылық бақытты таңдадым. Өнерді түсінбесе де, жаныма үңіле білген ауылдың қарапайым жігітімен бас қостым. «Сонша жыл оқыған еңбегіңнің еш кеткені ме?» деп ренжіген туыстарым да болды. Бірақ барлық өсек-аяңға біздің махаббатымыз қарсы тұра білді. Оның үстіне анам да карьера қуып кете ма деп қауіптенсе керек тұрмыс құруымды құптады. Өмірдің мәні ұрпақ әкелу, балалы болу керектігін түсіндіріп, көкірегіме құя білді. Кербұлақ ауданына қарасты шағын ауылда өзге отбасылар сынды өз түтінімізді түтеттік.

– Тұрмыс қиындықтарымен өнерден, өлеңнен алшақ кеткен кезіңіз болды ма?
– Болды. Келін болған алғашқы жылдар маған қиынға соқты. Ененің қас-қабағына қа­рау, қайын әпкенің көңілінен шығу оңай болған жоқ. Осы кезде шығармашылықтан алшақтап, өлең жазбай кеттім. Қарабайырланып, қоңыр­қайланып кеткен кездер үшін ешкімді кінәлай алмаймын. Бұл сезімтал ақын жанына тән қасиеттер деп білемін. «Ас үйдегі шәйнекпен бірге қайнап, ақынның өлеңдегі түрі құрсын» деген Оңайгүл Тұржан апамыздың өлеңі бар емес пе? Поэзиядан алыстап кеткен, өзіндік болмысымды жоғалтып алғандай күй кешкен жылдар кейінірек түйдек-түйдек өлең болып оралды.

– Өміріңіздің қай бұрылысы сізді өлеңмен қайта тоғыстырды?
– Үшінші қызымды босанар кезде Өтеген батыр кентінде тұратын анамның үйіне барып жаттым. Тіркеуде осы аймақта тұрғандықтан толғақ келіп қалса шалғай жерден келе алмай қалам ба деген қауіп болды. Күндіз үйде ешкім жоқ, ішім пысып кетеді. Бәрі жұмыста. Астаналық Назым Төлеубай деген жеңгем бар. Сол кісімен ақылдасып, сырласып отырамын. Босанар алдында да, босанғаннан кейін де әйел адам кішігірім депрессияны бастан өткереді. Сол кісі айтатын «Сен қиналған кезіңде де, қуанған кезіңде де өлеңге арқа сүйе. Жаза аласың ғой. Жаза бер. Біз мысалы жаза алмай, шығара алмай қиналамыз. Ал сенің сырласатын поэзияң бар ғой. Қазір әлемжелінің күш-қуаты, белсенділігі жоғары. Фейсбукқа сала бер. Әлі-ақ танымал ақын боласың» деп мені қанаттандырып, ақыл қосты. Содан ағам мені фейсбукқа тіркеп, жолын көрсетіп берді. 2015 жылы ақпанда тіркеушісі болдым. Ақырын бір өлеңімді салып көрдім. Елдер жақсы пікір жаза бастады. Содан келесі өлеңім салынды. Сөйтіп әлемжелімен достасып кеттік. Өлеңім қайта оралды. Әлемжелі арқылы Әлем Халықтары Жазушылары Одағы көрді. Ол кісілермен таныстық. Сол кісілердің қолдауымен, демеуімен аз дана болса да анашыма арнап «Жібек сезім» атты алғашқы кітабымды шығардым.

– Адамның қас қабағына қарап жүретін сезімтал ақын жаны адам бойындағы асыл қасиеттерді тануға бейім келеді емес пе. Сол қасиеттердің ішінде қайсысы бағалы сіз үшін?
– Адам жанының тазалығын бағалаймын. Жаны таза адам жақсы дос бола алады. Менің жолымда сондай адамдар көп кезікті. Күйкі тірліктің кей көңілсіз сәттерінде алдымнан шығып, демеу болған жандар үшін Аллаға сансыз мадақ айтамын. Жолдасыммен ауылда тұрған жылдары мектепте сабақ бердім. Оқушылармен де, ұжымдағы әріп­тестеріммен де жылы қарым-қатынас орнады. Кейін ауылда жұмыссыз жүріп қалған жолдасым Алматыға кетпек болды. Ал мені енем жібергісі келмеді. Сол кездегі көңіл-күйімді сезген мектеп басшысының орынбасары Ұлбосын деген апай мені демеп, «не көрсең де күйеуіңмен бірге көр» деп ақ ниетін білдіріп, жол көрсеткен-ді. Алматыға келген соң да жас отбасы біздер үшін көп қиыншылықтар шықса да жақсы адамдардың арқасында сынып кетпедік. Орыс мектебінде жұмыс істеп жүрген сәтімде де тіл білмейтінімді алға тартып менсінбеушілік болған жоқ. Туғандарымның демеуімен Нұрадан жер алып, үй салып, бүгінде шүкіршілігі аузындағы отбасыға айналдық. Өмірімнің парағында айшықты із қалдырған сол жандарға мың да бір алғысымды айтып отырамын. Кейбіреуімен дәм-тұзымыз бірге.

– Өлеңде өтірік бола ма?
– Ақын шабыттанып отырғанда әлемді ал­дына алып отырады. Найзағайды қолмен қағып, бұлтты ары-бері ысырып, тіпті жердің шарын қақпақыл қылып ойнайтындай сәтті бастан кешеді. Ақын шабытты кезінде құдіретті күшке ие болып кетеді. Бірақ бәрін сезімге жеңдіріп, бұқпантайлап, бақа есеппен, біреудің көзі жақсы, біреудің сөзі жақсы деп өлең жазуға болмайды. Бұлай өмір сүрмеу керек. Жүзінің жарқын жүруі үшін тазалықпен таразы басын басып отыруы керек. Өлеңде өтірік айту деген әлемді алдайтын қылмыс деп білемін. Жалпы өтірікпен өмір сүруге болмас. «Алдап жүріп өмір сүреміз, алданып жүріп өмірден кетеміз» деген Әбіш ағаның сөзі еске түсіп отыр. Бес-ақ күндік өмір. Апам марқұм айтатын «ажал есіктің артында тұрады» деп. Сен қашан кетіп қалатынын білмейсің. Біреуге ренжісу, біреумен ұрсысудың бәрі бекер екенін түсіне бермейміз. «Өлетінін білетін адам бос ұрысқа пейілді болмайды» деген сөзді бала күнімде оқыған едім. Жүрек түбінде жатталып қалыпты. Сол сөзді ұстанамын. Бір-бірімізді былғау не үшін керек? Қоғам қатал, сұмдық деп лепіреміз. Соның бәрін адамның пейілі, мінезі өзгертіп жатыр емес пе? Бәрі шетінен агрессивті, қабағы қатулы болып жүреді. Түбінде мейірім қалмай қала ма деп қорқамын. Жүрек қатып, қанымыз су боп барады…

– Сіз үшін ең қымбат нәрселер не?
– Таразының бір басында отбасым тұрса, бір басында азды-көпті өлеңім тұрады. Ең қымбат нәрселерім сол. Көзімнің ағы менен қарасындай үш қызым бар. Солардың қабағына кірбің түспесе деп армандаймын. Кейде ересек, есті адамдардан көрмеген қамқорлықты, жылулықты осы үш қызымнан көремін. Менен ешкім айырып ала алмайтын, менің меншігімдегі құнды дүниелер деп сақтап, қорғап келемін. Және солай береді де. Тек Алланың назары түзу болғай. Қазіргі таңда әдеби ортаға емес аналық борышымды өтеу жолында қызмет жасап жатырмын. Балаларымның еркін ойлы болып өскенін қалаймын. Ол бір әбестік еркіндік емес білгенімді жасаймын деген. Ол ойын еркін айта білуі. Жердің иесі өздері екенін сезініп өссе деген патриоттық тәрбием. Қоғамдық ортада жалтақтамай, жасқанбай, тұйық болмағаны өздеріне де жақсы.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Екінші өлеңдер жинағымды шығарсам деген ойда жүрмін. Одан бұрын әкемнің жаз­ған өлеңдері шаң басып қалды. Соларды өңдеп, естелік қылып кішкене ғана жинақ ретінде шығарсам деймін.

P.S. Ақын әлемі бір сұхбатқа сыймады. Қара жердің бетінде қаншама қан жап­ты­рып, қырғындар болып, қан­шама қа­ра­дүлей жүректер дүниені құр­туды ой­лап жатқанда, осындай таза көңіл өзі­нің қауырсын қалпымен, кіш­кентай қау­қарымен сол дүниедегі бүкіл зұлматтың бетін қайтарамын деп талпынатынын сезіндім. Адамзатқа бақыт тілеймін деген ақ тілегінен айналмайсың ба бұл.

Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА,
«Талғар».