Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының мәліметі бойынша, халықтың өлім-жітімінің 60 % дұрыс тамақтанбаудың салдарынан болады екен. Тиімді тамақтану – орташа өмір сүру ұзақтығын арттыру, денсаулықты нығайту, жұмыс қабілетін көтерудің негізі, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
Осыған сәйкес, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ нутрициология кафедрасының меңгерушісі Майгүл Қайнарбаева, Талдықорған қаласында дұрыс тамақтанудың маңызы жөнінде «Салауатты тамақтану бойынша, тұрғындардың ақпараттылық деңгейін жоғарылатудың өзекті сұрақтары» тақырыбында семинар өткізді.
Спикердің айтуынша, ас қорыту және жүрек, қан тамыр аурулары, қант диабеті мен сүйек сынғыштығы, тіпті, қатерлі ісік сияқты аурулардың басым бөлігінің пайда болу себебі — семіздік.
«ХХІ- ғасыр жұмыс бастылықтың заманы. Уақыт тапшылығы асығыстықты тудырып, дұрыс тамақтанбауға әкеді. Бірақ, осындай күйбең түршілікпен сіз өз өміріңізді қысқартауыңыз мүмкін екенін есте сақтауыңыз керек»,- деді ол.
Мамандардың мәлімдеуінше, еліміздегі әрбір үшінші оқушы, қалталық ақшасын самса, шаурма, чипс, кириешкаларға жұмсап, аптасына кем дегенде бір рет тәтті, газдалған сусын ішеді, ал олардың әрбір оныншысы энергетикалық сусындарға әуес.
«Бұл – семіздікке бастайтын алғашқы қадам. Халқының басым бөлігі семіздік дертіне шалдыққан. Шетелде семіздікпен күресуге аса зор мән береді. Тіпті бұл мәселеге шылым шегетіндермен күресу үшін жұмсалатын қаржы есебінен, бірнеше есе көп шығын шығатынын айтуда. Сондықтан, бұл мәселеге үстірт қарауға болмайды», — дейді спикер.
Сонымен қатар, елімізде дұрыс тамақтанбау салдарынан пайда болатын қан аздық ауруы да басты проблемаға айналған. Мәселен, бала өрбітетін әйелдің 47 % -ы аталмыш дертке шалдыққан. Оның салдарынан анадан балаға берілетін қан аздық, бала болашағына кері әсерін тигізеді.
Аталған мәселелердің алдын алу жолдары — отандық таза өнімдер.
«Халыққа салауаты тамақтану мәдениетін сіңдіру үшін, алдымен зиянды заттырдың көзін жою немесе оны пайдалы затпен алмастыру керек. Қазақстанның сауда нарығында ондай өнімдер аз, әйтседе бар. Мысалға, «Sharman» фирмасының табиғи, таза жолмен жасалған шоколад тәттілері, «ДәулетБекет» шаруа қожалығының шұбат, құрт және тағыда басқа өнімдері ағзаға өте пайдалы және тәтті»,-деп қорытындылады Майгүл Қайнарбаева.
Айта кету керек, мұндай іс-шаралар елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыруға және дұрыс тамақтану мәдениетін ұстануға оң септігін тигізеді.
Талғар-ақпарат