ШАҢЫРАҚТАН АЛҒАН ТӘРБИЕ – ӨМІРЛІК НЕГІЗ

ШАҢЫРАҚТАН АЛҒАН ТӘРБИЕ – ӨМІРЛІК НЕГІЗ

Постиндустриялық қоғам бізден отбасы мен бала тәрбиесіндегі құндылықтарға жаңа қырынан қарауды талап етіп отыр. Жаһандану үрдісіне қадам басқан жаңа ғасырда бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі мен жауапкершілігін арттыру маңызды болып отырғандығын уақыт өзі дәлелдеуде. Дамыған елдердің бала тәрбиесіндегі кейбір ұстанымдарына келісуге болатын шығар, бірақ «Тәрбие басы – тал бесік» деген қағидаттың мән-маңызы күн санап артып келе жатқаны жасырын емес. Қыркүйектің екінші жексенбісі атап өтілетін Отбасы күні де осы мақсаттан туындағаны ақиқат.

Жуырда Алматы қаласындағы Түрксіб ауданында орналасқан КМҚК «№187 бөбекжай-балабақшасында» атаулы күнге орай «Дені сау ұрпақ» атты дөңгелек үстел өтті. Ақпараты көп алашапқын заманда ата-анаға керектіні сараптап ұсыну, олардың педагогикалық-психологиялық сауаттылығын арттыру, саналы ата-ананың өсиеті мен қасиетін саналы ұрпаққа сіңіру мақсатында өткен іс-шараға ата-аналардан бөлек арнайы мамандар да қатысты.  Дөңгелек үстелді балабақша меңгерушісі Омарбекова Фарида Қызырханқызы ашып, жиынның мақсатымен таныстырып, ұрпақ тәрбиесіне байланысты мәселерге тоқтала кетті.

Жиында алғашқы болып сөз алған Алматы қаласы әкімі аппаратының әлеуметтік даму бөлімінің бас инспекторы Алжикеева Амангүл Ильясқызы ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөліне кеңірек тоқталды.  «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің Алматы филиалы жетекшісі Меруерт Мәулетқызы «Сенімді болашақ – себеп СІЗ» тақырыбында сөз сөйлеп, отбасылық тәрбиені жаңғыртуға үлес қосып жатқан  бірлестік жұмысын қысқаша түсіндірді. Қазіргі альфа ұрпақтың ата-анасына керек кеңестерді жіпке тізгендей баяндап берді. «Тағдырдың қалай ауатыны бесіктің қалай тербелгеніне байланысты» дегендей, іргетасы берік, тәрбиесі тереңде жатқан отбасы арқылы  ертеңгі ел үмітін ақтайтын балдырғандарға  дұрыс тәрбие, тура бағыт-бағдар беру мәселесі ата-анаға байланысты екенін, сол үшін тәрбиені тал бесіктен бастау керектігін ұғынықты тілмен жеткізе білді.

Алматы қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталықтың басшысы Наталья Викторовна Карасёва баланың дамуына ерте кезден көңіл бөлу керектігіне баса назар аударды. Ата-ананың бүгінгі немқұрайлы әрекеті ертең үлкен мәселеге айналмас үшін балаға өз уақытында қолдау көрсету мен денсаулығына көңіл бөлу маңызды екенін жеткізді.  №3 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясы басшысы Индира Болатқызы Абенова «Қазіргі таңдағы ПМПК-ның негізгі бағыт-бағдары» туралы маңызды ақпараттарымен бөлісті. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға орталық тарапынан нақты қандай көмектер көрсетілетіні туралы айтып берді.
«Дені сау бала – бақытты отбасының жемісі» атты қызықты тренинг өткізген балабақшаның педагог-психологы Жазира Жайлаубекқызы Акимбаева балдырғандардың пікірлеріне қарай  сараптамалық шолу жасады. Ата-аналармен нәтижелі кері байланыс ұйымдастырды. Құлақтан кіріп, көңілге бекіген әсем әнмен аяқталған жиын ата-аналардың рухани-танымдық санасы мен  жан-жақты сауаттылығын арттыруға сеп болды.

Фарида ОМАРБЕКОВА, балабақша меңгерушісі:

  • Әр отбасы бала тәрбиелей отырып қоғамды да тәрбиелейтінін ескерсек, бүгінгі дүниетанымы бөлек, жа­һандану алып келген «шекарасыз әлемнің» ұрпағының ата-аналары мейлінше саналы, сауатты болуы шарт деп білемін. Біз де бұл мәселе төңірегінде ата-аналармен жиі кездесіп, бала болашағы үшін  қажетті ақпараттармен, кеңестермен бөлісіп тұрамыз. Арнайы мамандармен кездесуді де ұмыт қалдырмаймыз. Ата-ана сауатты болса – ұрпағы да сауатты болады. Саналы ұрпақ тәрбиелеу ең алдымен әр ата-ананың санасына, мәдениетіне байланысты екендігі айтпаса да түсінікті жайт деп білемін.

М.Бөлек