Әже дегенде көз алдымызға жүзінен мейірімі төгілген, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, қалған өмірінде зейнетақысын талғажау қылып, немере-шөберенің шуылына шомылып, ағайын-туыстың жиын-тойын түгелдеп жүрумен шектелетін жан келеді. Қарттық жаста олар үшін сән де, сұлулық та маңызды емес, маңыздысы — денінің саулығы, бала-шағаның амандығы. Сондай бейнені сіңіріп алған санаңыз мақалаға арқау болатын «Алматы әжелерін» қабылдай алмауы әбден мүмкін.
Алматыдағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жанынан құрылған «Алматы әжелері» тобындағы сәңқой әжелер үшін де бала-шаға бақыты басты орында. Дегенмен заманның өзгерісіне, сұранысына сай әрекет етіп, қоғаммен бірге даму зейнеткерлерге де тән құбылыс екенін қабылдап, соған сай әрекет ете білген үлгілі қариялар. Жан шуағын перзенттеріне төгіп, сол шуақтан өздері жылынар шаққа жетіп, енді қоғамның мәдениетінің дамуына атсалысып келеді. Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан тәрбиенің қайнар көзін келешек өскіннің бойына өзі тілінде дарытуды мақсат еткен сәңқой әжелер әр топтамасын өткенмен үйлестіре білген. Басты мақсаттары — қазақтың ұлттық киімі десе шапан, ақ көйлек, қызыл камзол елестейтін ұлтымыз үшін киім мәдениетіне де жаңа пішім, жаңа түсінік беру.
Мәдениеттің жақсысын алып, жаманын шеттету де тәрбиенің бір тармағы. Қазақ әжелерінің киім үлгісін ою-өрнекпен ғана байланыстырмай, қазақы нақыштардың мән-мағынасына үңіле отырып заманға сай шығару арқылы жастардың да ұлттық салт-дәстүрге деген құрметін оятып келеді. Әжелер елімізде ғана емес шетелге де қазақ мәдениетін қаз-қалпында насихаттауда. Өткен жылы ғана Біріккен Араб Әмірліктеріне барып, «Ұзақ ғұмыр» атты деректі фильмнің тұсаукесеріне қатысты. Бұл фильмнің басты кейіпкерлерінің бірі – «Алматы әжелері» тобының мүшелері. Фильмнің тұсаукесерінде алматылық зейнеткер әжелер «Ақ кербез» сән топтамасын ұсынып, ұзақ өмір сүру, денсаулықты сақтау және кез келген жаста оптимистік көзқарасты ұстану құпиясымен бөлісті. БАӘ замандастарын өздерінің стилімен, қазақы даналығымен және ерік-жігерімен тәнті етті. Бұған дейін Милан мен Венециядағы сән көрсетілімдеріне қатысып, қазақтың ұлттық киімін таныстырып, дизайнерлердің қызығушылығын тудырған еді.
Бір әулеттің киесі, берекелі шаңырақтың иесіне айналып отырған әжелер осылайша бірқалыпты сарынға түсіп бара жатқан киім мәдениетін жаңғыртып, өзіндік үлестерін қосып келеді. Әрине, қандай жаңа топтама болсын ашық-шашық қылмай, адамдық-адамгершілік құндылықтардан аспай тігуді басты назарға алады. Абайдың айтуынша, «киім кию салты арқылы адамның мінез-құлқы, қоғамдағы орны, болмысы анықталады», сондықтан еліміздің жастары аға буынға қарап сәнді және әдемі киінсе, олардың өмір сүру сапасы да жақсара түсетіні анық.
М.Бөлек