8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне орай Алматы облысы, Іле ауданына қарасты «Мұхаметнұр» балабақшасында мерекелік ертеңгілік өтті. Өскелең ұрпақтың бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіріп, оларды жан-жақты болуға тәрбиелейтін әйелдер қауымының отбасындағы ғана емес қоғамдағы рөлін де арттыру мақсатына негізделген іс-шарада бүлдіршіндер өнерлерін көрсетіп, аналарына өз қолдарымен сыйлықтар жасап ұсынды. Көктеммен ілесе келген ерекше мерекеге ерекше даярланған бүлдіршіндер бірі ән салып, бірі би билеп, бірі өлең оқып, аналарын тәнті қылды.
Балаларының өнерін тамашалап, ана бақытының қуанышына бөленге көрермендер шексіз ризалықтарын білдірді. Іс-шараға өлшеусіз еңбегі сіңген балабақша меңгерушісі Меруерт Бердікеева мен тәрбиешілер Ақерке Қамбарбекқызы, Балнұр Есәліқызына да алғыстарын жаудырды.
- 50 балаға лайықтылған балабақшада балаларды ұлттық тәрбиеге баулу, ата-ана мен балабақша арасындағы байланысты нығайту, отбасылық құндылықты дәріптеу мақсаты үнемі басшылыққа алынып отырады. Баланың бойына жастайынан адам баласына тән ізгі қасиеттерді сіңіріп тәрбиелесек, мінез-құлқы дұрыс қалыптасады. Олар қазір ойын баласы деп немқұрайлы қарамай, ойната жүріп ойланта білуіміз керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегенді ескерсек, бала тәрбиесі менікі, сенікі демей, ата-анамен тығыз қарым-қатынаста, бірлікте, үйлесімде жұмыс жасауымыз маңызды. — дейді меңгеруші Меруерт Сейтқожақызы.