Әлеуметтік жоба: TEN GOQAM — ТЕҢ МҮМКІНДІК

Әлеуметтік жоба: TEN GOQAM — ТЕҢ МҮМКІНДІК

Соңғы жылдары мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және оларға қоғамда тең мүмкіндік беруге бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың саны артып келеді. Соның ішінде республиканың әр өңірінен ашылып, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғам өміріне белсене араласуына мүмкіндік жасайтын «Тең қоғам» орталықтарын баса айтуға болады. Орталықтың басты мақсаты — мүгедектігі бар адамдардың жұмысқа орналасуына ықпал ету, олардың жұмыс іздеуіне мүмкіндік туғызу, сонымен қатар қамкөңіл жандарды тұрмыстық, әлеуметтік дағдыларға, жалпы осы мақсатты топтың біздің қоғамға лайықты сіңісіп кетуі үшін қажетті барлық дағдыларға үйрету кезінде ақпараттық, заңдық, психологиялық, техникалық, ресурстық қолдау көрсету.

Жуырда орталық қызметкерлері «Мұзбалақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігіне барып, алғыс айту күніне орай ерекше іс-шара өткізді. Ерекшелігі сол №133 мектеп-гимназияның 5 «ә» сынып оқушылары өз замандастарына алғыс айтып, сый-сыяпат көрсетті.

Тағдыр талайымен мүгедектікке душар болған балалардың қамкөңіл көңілін аулап, өлеңдерін оқып, өнерлерін көрсетті. Төрт мүшесі сау замандастарының өздері келіп, өнер көрсетуі арбаға таңылған балалар үшін есте қалар жарқын сәттің бірі болды. Көзінен бақыттың ұшқынын көрген оқушылар да шабыттанып, ата-аналарының қолдауымен даярлаған әр сыйын жүректен жүрекке жеткізе сыйлады.

Балаларының ерекше ілтипатқа бөленгенін көрген ата-аналар көздеріне жас ала отырып риясыз алғыстарынбілдірді. Осындай жылы кездесудің өтуіне ұйытқы болған Әуезов ауданы «Тең қоғам» мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік орталығы, «Сәби тілегі» қайырымдық қорының жетекшісі Смагулова Назым Нұрсейтқызы мен қызметкері Нағима Ермекбайқызы, 5 «ә» сынып жетекшісі Балжан Еркінбайқызына шексіз ризашылықтарын жеткізді.