«ЖАРЫҚҚА ЖАРЫМАДЫҚ» деп айтатын тұрғын аз болсын!

«ЖАРЫҚҚА ЖАРЫМАДЫҚ» деп айтатын тұрғын аз болсын!

Бүгінгі тіршілікті электр энергиясынсыз елестету әсте мүмкін емес. Барлық заманауи технологияның тетігі электр тоғына тәуелді. Ал жылдан жылға аудан халқының саны өсіп, демография мен урбанизация қарқынды дамыған кезеңде осы саланың хал-қадірі қай деңгейде?  Ескірген желілерді жаңғырту мәселесі қалай? Энергияны көбірек тұтынып жатқан елдің талап-тілегі ескеріліп жатыр ма? Осы және өзге де сұрақтармен аудандық электр торабының басшысы Сәрсенов Ербол Рабатұлымен сұхбаттасып, сала жұмысы жайлы біліп қайттық. 

— Ербол Рабатұлы, уақыт бөлгеніңізге рақмет. Бұл қызметке келгеніңізге көп болған жоқ. Жалпы басшы ретіндегі негізі міндеттеріңіз қандай?

— Қым-қуыт саланың жұмысымен оқырмандарды таныстыралық деген ниеттеріңіз үшін сіздерге де рақмет. Менің басты міндетім — аудан тұрғындарын сапалы әрі үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету.

 — Алдағы жылдары аудандағы электр желілерін дамыту мен жаңғыртудың қандай перспективаларын көріп отырсыз?

— Жұмысқа келген соң міндетті түрде жоспар қойылады. Менің де жоспардағы негізгі бағытым – ескірген желілерді жаңарту, жаңа трансформаторлық қосалқы станциялар орнату, апаттық жағдайларды азайту, Сондай-ақ халық саны өсіп келе жатқан ауылдарда қуаттылықты арттыру.

Ауданда электрмен жабдықтау сапасын жақсарту бойынша жаңа жобалар немесе бағдарламалар бар ма?

— Ия, бар. Олардың қатарында жаңа әуе желілерін тарту, жер асты кабельдерін жүргізу және энергия үнемдейтін заманауи жабдықтарды пайдалану жоспарымызда бар.

—  Аудан заманауи жабдықтарымен қаншалықты қамтамасыз етілген және оны жаңарту жұмыстары жүргізілуде ме?

— Қазіргі таңда жабдықтардың бір бөлігі жаңартылды, бірақ әлі де тозған қондырғылар бар. Биылғы және келер жылғы жоспарларға сәйкес қосымша трансформаторлар орнатылып, тозған тіректер мен кабельдер кезең-кезеңмен ауыстырылмақ.

Апаттық жағдайларды мүлде болдырмау мүмкін емес болса да оны  қаншалықты тез жоюға болады? Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

— Біз апаттық жағдайларды болдырмауға тырысамыз. Дегенмен табиғи жағдайларға байланысты апаттық өшірулер болып тұрады. Мұндай жағдайларда жедел бригадалар іске кіріседі,  тез арада ақауды іздеу  жұмыстарына шығып, жөндейді.

— Трансформаторлық қосалқы станционарды жоспарлы жөндеу және профилактикалық қызмет көрсету бойынша жұмыс қалай ұйымдастырылады?

— Барлық қосалқы станциялар мен желілер  жыл сайынғы жоспар бойынша ағымды және күрделі жөндеулер жүргізіледі. Бұл апаттық жағдайлардың болдырмауына мүмкіндіктер береді.

— Ауданда  ескі ТП (трансформаторлық қосалқы станциялар ) бар ма және оларды ауыстыру немесе жаңарту жоспарлануда ма?

— Иә, ескі ТҚС бар. Алдағы  жылдарға арналған бағдармаларда олардың бірқатарын ауыстыру жоспарлануда.

Қызыл-Қайрат ауылындағы  фазаның болмау мәселесі жөнінде не айтасыз?

— Бұл әдетте желілердің тұйықталу, үзілу салдарынан  немесе трансформатордың істен шығуына байланысты болады. Ауа-райының күрт өзгеру салдарынан, яғни жел соққанда, қар жауғанда істен шығып жатады. Мұндай жағдайда біз жедел диспетчерлік топты жіберіп, ақауды толық анықтап, қажет болса жабдықтарды ауыстырамыз.

Мұндай жағдайда  тұрғындар жедел түсініктеме немесе көмек алу үшін қайда жүгінген дұрыс?

— Тұрғындар 24/7 диспетчерлік қызметке хабарласа алады. Арнайы байланыс 371-88-48 телефоны бар. Кері байланыс үшін диспетчер бөлімі бар, Жоспарлы өшірулер туралы тұрғындар алдын ала әкімшілік және желілері арқылы ескертіледі. Жергілікті ауылдық және қалалық округтерге және де қосымша чаттарға хабарлаймыз.

— Мұндай жағдайлардың азаюы үшін проблемалық нүктелерде қосымша жабдықты орнату немесе желілерді күшейту жоспарлануда ма?

— Болашақта ауданымызда әуе желілер мен қосалқы бөлшектер ауыстырылуы жоспарда бар.

— Тұтынушыларға жаңа қызметкерлерді енгізу жоспарлары бар ма? (хабарламалар, диспетчерлік байланыс және т.б)

-Иә, қосымша 109 байланыс орталығы ашылды  Алматы облысы бойынша түскен деректер wats up чаты бойынша жіберіліп отырады.