Ұлт мәдениетінің мәйегі, рухани байлығы болған бата – халық қазынасы. Ата-бабалардың өсиеті, алғысы мен арман, тілегі ғасырлар бойы жинақталып, ой елегінен өтіп, бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Көптің тілек-батасы жас ұрпақты әдепті, сабырлы, арлы болуға баулиды. Отанын сүюге, елін, жерін қорғауға жетелейді.
Жырда Талғар аудандық мәдениет үйінде қарттар күніне орай «Баталы жанға бақ қонар» атты батагөйлер байқауы өтті. Аталған шараға ауданымызға қарасты ауылдық округтерден 35 жастан асқан ер азаматтар қатысты. Аузы дуалы аталарымыздың жолын жалғап, мәдениетіміздің мәйегін ұрпаққа аманаттауды борышым деп білетін жандар өздері жазған баталарын да көптің талқысына салды. Жас отауға бата, жолаушыға бата, дастарқанға бата сынды баталар ескінің сарынын сақтай отырып, қатысушылар тарапынан мазмұны байып, жаңарып жаңғырды. Бата беру дәстүрін насихаттау, жаңғырту және кейінгі ұрпаққа үлгі етуді көздеген шара қазылар алқасының төрасы Бексұлтан Көлбаевтың ақ батасымен басталды. Елге, жерге, келер ұрпаққа бейбіт өмір мен бақ-береке тілеген ол қатысушыларға да сәттілік тіледі.

Байқауға ақын Бексұлтан Көлбаев, аудандық орталық кітапхананың директоры Махамбет Қасымханұлы, Талғар аудандық мәдениет үйіндегі халықтық қуыршақ театрының жетекшісі, мәдениет саласының үздігі Әділхан Қабылов қазылық етті. Қазылар алқасы мүшелері батаның мазмұнына, мүдірмей айтуына, сайыскерлердің киім үлгісіне аса мән берді. Қатысушылар арасында көрегендігін, білімділігін байқатқан «Алатау жұлдызы» газетінің ардагер журналисі, жазушы Тұрсынбек Жалғасбаев байқаудың жеңімпазы атанды. Маржан сөздермен толысқан баталарының астарында ана тілімізге деген үлкен құрмет жатқанын аңғарған көрермен де бұл шешімді әділ деп бағалады. Нұра ауылдық округінен келген Ерғайып Баймұхаметұлы да сөзге шешен, ойға жүйрік екенін байқатты.
Байқауға қатысушылардың барлығына ұйымдастырушылар атынан марапаттар мен бағалы сыйлықтар үлестірілді. Жүлдегерлерге арнайы марапаттар тапсырылды. Шара соңында Махамбет Қасымханұлы бата беріп, еліміздің сырты жаудан, іші даудан аман болып, егемен еліміз көркейіп, гүлдене берсін деп тіледі.







