«СЕГІЗҚОЛДЫЛАР АЙҚАСЫНЫҢ» САЙЫПҚЫРАНЫ

«СЕГІЗҚОЛДЫЛАР АЙҚАСЫНЫҢ» САЙЫПҚЫРАНЫ

Қыркүйек айының ортасында Таиландтың Бангкок қаласында жастар арасында муай-тайдан әлем чемпионаты өтіп, жерлесіміз Юсуф Мұхтасип күміс жүлдегер атанды. Франциялық спортшыны ұтып, жартылай финалға жолдама алған Юсуф Англияның әлем және Европа чемпионын жеңіп,  финалда  Тайланд спортшысына жол берді. Небәрі 16 жаста болса да еліне күміс жүлде сыйлаған Юсуф Мұхтасип еліміздегі спорт саласының жарық жұлдызы боларына сендірді. Бүгінгі әңгімемізге арқау болған  кейіпкеріміз Талғар қаласындағы  А.Байтұрсынұлы атындағы №7 мектеп­лицейінің 11 сынып оқушысы. Бес жасынан спортқа бет бұрған ол осыған дейін республикалық және халықаралық турнирлерде талай жүлдені еншілеген. Жастар мен жасөпірімдер арасында өткен Қазақстан чемпионатының алты дүркін чемпионы. 2021 жылы Бангкок қаласында өткен әлем чемпионатында 12 жастағы спортшымыз қатарластарын қапы қалдырып, әлем чемпионы атанған болатын. Сонымен қатар 2022 жылы Малайзия елінің Куала Лумпур қаласында өткен халықаралық турнирдің және сол жылы Анталияда өткен Еуропа кубогының, 2023 жылы Сочида өткен «Қаратеңіз кубогының» чемпионы. Білектің күші ғана емес жүректегі қайрат сынға түскен шақта сүрінбеген Юсуф жасөспірім шағында­ақ Қазақстанның спорт шеберіне үміткер атанды. Юсуфтың жаттықтырушысы Бақытжан Мұхтасипұлы – өзінің әкесі. Талғар қаласындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары әрі муай­тайдан аға жаттықтырушы, Қазақстан Республикасының спорт шебері, халықаралық дәрежедегі төреші.

«Әке көрген оқ жонар» демекші, әке жолын қуған ол бүгінгі таңда ата­анасының ғана емес ел­жұртының да мақтанышы. Кейіпкеріміз – көпбалалы отбасының тұңғышы. Қарындасы Амина да каратэден Қазақстан  Республикасының күміс жүлдегері, оқушылар спартакиадасының жеңімпазы. Ал тоғыз жастағы інісі Алишердің үлгі тұтары да, жаттықтырушысы да – ағасы. «Адам адамнан тәлім алады» демекші, кішкентай Алишердің бар қалауы – ағасы сияқты чемпион болу. Ұлының салмақты да сабырлы мінезін анасына ұқсатады әкесі: «Мұндай мінез­құлықтағы спортшылар шаршы алаңда асып­саспай, өзін орнықты ұстай алады. Жеңілсе де, жеңсе де бір қалыптан айнымайды. Жаттығу залында ешқашан еркелігін көрсетпейді. Халқымыз «Балаңды аясаң, аяма» деп бекер айтпаған. Ерке бала елге бас бола аламайды. Спортшының тәні ғана емес ерік­жігері де шыныққан болу керек. Балам әр ісін менімен ақылдасып істейді. Кейде сырлас досым сияқты. Әр жарыстан кейін артықшылығы мен кемшілігін талқылап, болашаққа жоспар құрамыз. Шәкірттеріме  алдымен адам болыңдар деп үйретемін», – дейді Бақытжан

Мұхтасипұлы.

Осы жолғы жарыста қол созым жерде тұрған алтыннан айырылып қалу себебін түсіндірген Юсуф асығып кеткенін айтады. Асықпай оң, солын бағып шабуылдағанда, қарсыластың тастай қорғанысынан саңлау табуға болатынын жеткізді. Алайда келесі жылы Абу­Дабиде өтетін жарыста алтын алуға уәде берді. «Болам деген баланың, бетін қақпа белін бу» дегендей, жарыстарда жүлдемен оралған сайын құттықтап, қол ұшын созып отыратын жандарға жүлдегеріміздің алғыстан басқа айтары жоқ. Үнемі демеп жүретін Қайдар Әлиханұлына, аудан басшылығына айтар алғысы шексіз. Жар құлағы жастыққа тимей, баласы үшін барын салып жүрген әке арманын орындау жүлдегеріміздің басты арманы. Өзі оқыған мектептің директоры Нұржан Оралханқызы, №2 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің директоры Айгүл Оралбекқызы да, ұстаздары да шәкіртінің жанкүйерлері. Мектеп мақтанышына әр жолы үлкен құрмет көрсетіп, оқушыларға үлгі етеді. Арманы асқақ, мақсаты айқын чемпионымызға алар асуың биік, бағын­дырар белесің көп болсын деген тілегімізді айтқымыз келеді.  Айың оңыңнан туып, ел­жұртыңды қуанта бер.

 

Зорагүл ӘБДІҚАДІР