Қазаққа күрестің қай түрі болса да жақын. Шығыс халықтарының жекпе-жек спорт түрлерінің негізін қалаған жапондықтардың дәстүрлі, ұлттық күресі — джиу-джитсу да қазақ үшін бөтен спорт емес. Соңғы жылдары жерлестеріміз осы бәсеке түрінен толайым табыстарға жетіп жүр. Талғар ауданында балалар, жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында өткен облыстық чемпионат та осы салада нағыз талантты жастар бар екенін байқатты. Чемпионаттың ресми ашылуында Алматы облысының 11 командасы салтанатпен ортаға шығып, үміткерлерге құрметті қонақтар ізгі тілектерін айтып, сәттілік тіледі.
Айта кетсек, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабекұлы, облыстық спортты дамыту дирекциясының директоры Дархан Нұрғалиұлы, облыстық Джиу-джитсу федерациясының президенті Алексей Рожков, аудандық №1 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Светлана Насыровна, ҚР Құрметті қызметкері, аудандық денешынықтыру және спортты дамыту орталығының директоры Жандос Аянбекұлы жас спортшыларға жігер берер тілектерін арнады. Сондай-ақ облыстық Джиу-джитсу федерациясының вице-президенті болып Бусурманов Жандос Аянбекұлы лайық деп танылып, көпшілік алдында растайтын куәлік табыс етілді.
Ресми бөлімнен кейін жарыс басталды. Жарысқа 14-21 жас (U14, U16, U18, U21) аралығындағы ұлдар мен қыздар, сондай-ақ 22 жастан асқан ерлер мен әйелдер қатысты. Облыстың барлық өңірінен келген 300-ден аса спортшы осы спорттың файтинг және неваза бөлімдері бойынша тайталасты. Сәйкесінше, әр бөлім негізінде 55 медальдің иегері анықталды. 2024 жылдың 10-12 желтоқсанында Астанада өтетін Қазақстан чемпионатына Алматы облысының құрамасын жасақтау мақсатында ұйымдастырылған жарыста рухы мықты, өнері үстем спортшылар таңдап алынды.
– Елімізде джиу-джитсудың қарқыны артып келеді. Әсіресе, Алматы облысы жыл сайын көш басында тұрады. Осы жылы өткен халықаралық жарыстарда спортшыларымыз ел намысын абыроймен қорғап жүр. Мәселен, 2024 жылғы Абу-Дабиде және Ираклионда (Греция) өткен Азия чемпионатында ел балуандары үздік шықты, – дейді Алматы облысы джиу-джитсу федерациясының президенті Алексей Рожков.
Екі күнге созылған жарыс нәтижесінде әр жас санатындағы Алматы облысының құрамы жасақталды. Жеңімпаздар 10-12 желтоқсан аралығында Астанада өтетін республикалық чемпионатқа қатысады. Ерлер арасында команда құрамына Талғар ауданының тәжірибелі спортшылары Бақтияр Кәшірман, Сафаров Самир, Рычков Максим, Асланов Ислам, Нәби Үсіпәлі және Диас Әнуар кірді. Әйелдер арасында Алматы облысының құрамасына Талғар ауданынан екі спортшы – Абдуллаева Райхан мен Ильнура Имирова, Еңбекшіқазақ ауданынан екі спортшы – Рамазан Айым мен Асанова Лиана, сондай-ақ Іле ауданынан Амина Өтеміс енді. Алматы облысының жастар құрамасына Талғар, Іле аудандары мен Қонаев қаласының спорт мектептерінің тәрбиеленушілері кірді. Жасөспірімдер мен жастар арасында Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандары мен Қонаев қаласының өкілдері жеңіске жетті.
М. Бөлек