Талғар ауданында салауатты өмір салтын қалыптастырудың тиімді жолының бірі – бұқаралық спортты дамыту жақсы жолға қойылған. Әсіресе, жастар арасындағы қызығушылық күн санап өсіп келеді. Оған аудандық Жастар ресурстық орталығының да ықпалы зор. Жуырда орталықтың жастар арасында дәстүрлі түрде өткен «Спорт тайм» шағын футбол турнирі қызу тартыспен өтті. Өңірдегі белсенді жұмысшы жастардың арасында өткен спорт бәсекесіне 5 команда қатысып, кубок үшін тартысты ойын өрнегін көрсетті.
Ойыншылардың ойнау шеберлігінен бөлек топаралық ауызбіршілік, ынтымақтастық да сарапқа салынды. Жанкүйерлер толассыз қолдау көрсеткен бұл турнирде жас ойыншылардың жігері мен командалық рухы ерекше байқалды.
Ойын нәтижесінде 1-орынды «Айғаным» командасы жеғіп алды. Екінші жүлделі орынға «Кеңдала» командасы жайғасты. Үздік үштікті «Талғар» командасы түйіндеді.
Сонымен қатар, жастар арасындағы белсенділік пен спортқа деген ынтасы үшін бірқатар жас мамандар «Алғыс хаттармен» және «Дипломдарме»н марапатталды. Бұл олардың еңбегі мен қоғамдағы рөлінің маңызды екенін тағы бір дәлелдеді.
- Осындай игі шаралар жастарды салауатты өмір салтына, командалық бірлікке және белсенді азаматтық ұстанымға баулиды. «Спорт тайм» жобасы – тек футбол емес, бұл – достық, сенім, ынтымақтастық шарасы, — дейді жарысты ұйымдастырушы аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Мөлдір Абатайқызы.