Абай атамыздың «Ішінде кімнің оты бар, қар жауса да сөнер ме?» деген отты сөзі жан дүниесінде рух бостандығы бар осы жігіттерге арнап айтылғандай.
Қазақтың намысын, болмысын, барын, нәрін тілмен емес тірлікпен дәлелдеп жүрген «Qanat» спорт кешенінің негізін қалаушы, грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Жақсылықов Дәулет Мырзатайұлы мен Жасұлан Әбдірешұлы бастаған атпал азаматтар жуырда ел сүйсінерлік іс жасады. Ел біріншілігінің жеңімпазы, алдағы уақытта Әлем чемпионатында қазақтың намысын қорғайтын балуан Альмир Төлебаевқа ат мінгізді. Астана қаласында ел кубогы сарапқа салынған ересектер арасындағы грек-рим күресінен 88 келіде қарсылас шақ келтірмей, асқан шеберлікпен алтынды жеңіп алған жеңімпазға көрсетілген құрметке ауыл ақсақалы бата берсе, “Спорт жұлдыздары» республикалық ғылыми-әдістемелік, спорттық – патриоттық журналының шеф редакторы Жандос Аянбекұлы ақ тілегін арнап, «Алғыс хатпен» марапаттады. Елдің алдында талантты да талапты жастың мерейін үстем етіп, абыройын асқақтатқан іс-шара жас спортшыға жігер сыйлағаны сөзсіз.
Альмир ТӨЛЕБАЕВ, ел біріншілігінің жеңімпазы:
- «Qanat» спорт кешенінде ашылғалы бері жаттығып келемін. Қандай жарыс болмасын бабың келіспес жеңіске жетуің қиын. Ал мен кешенде жан-жақты дайындықтан өтіп, жаттықтырушылардың әр берген білімін қалт жібермеуге тырысқанның арқасында ел біріншілігінде чемпион болдым. Осы еңбегімді ескеріп, қолдап, жас демей бағалап жатқан чемпион ағаларыма алғыс білдіремін. Алдағы үлкен додаларда ақтауға бар күшімді саламын.
2023 жылы «Республика күні» мерекесі қарсаңында Тұздыбастау ауылында ашылған спорт кешені екі жыл ішінде талай шәкірттерінің қанатын қатайтып, шыңдап келеді. Спорт шебері, грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының чемпионы Қанат Жақсылықов атындағы кешеннің жастарды спортқа баулудағы ықпалы зор.
Дәулет МЫРЗАТАЙҰЛЫ, «Qanat» спорт кешенінің негізін қалаушы, грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
– Кешенді ашудағы басты мақсат – ауыл жастары арасынан грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресінен болашақ олимпиада және әлем чемпиондарын шығару. Ол үшін бізде барлық мүмкіндік бар. Бастаманы мен көтерсем де, оны бүкіл ауыл болып қолдады. Өйткені, ата-аналардың барлығы балаларының спортпен шұғылданып, жақсы жетістіктерге жеткенін, әлемдік жарыстарда еліміздің намысын қорғап, атын шығарғанын қалайды. Бізді біріктірген де осы ортақ мақсат.
Талантты тани біліп, талабын таудай қылған іс+шара үлкендерді сүйсіндірсе, жастарға үміт сыйлады. Атқа мініп асқақтаған Альмирге қарап олар да спортпен достасары анық. Зиянды әрекетке барып, көше таптап жүргенінше, спортпен шұғылдану өзі үшін де, отбасы үшін де, елі үшін де абырой әпереді сөзсіз. ҚАЗАҚ болудың қадірлі іс екенін жарқырата көрсетіп кее жатқан намысы бір ел ағалары мұндай марапатты алдағы уақытта да жалғастыра бермек.
М.Бөлек