Фортификацияланған ұнның пайдасы неде?

            Ұнды фортификациялау оны адам ағзасына қажетті дәрумендермен және минералдармен байытуды білдіреді. Адамның тамақ рационында фолий қышқылы мен дәрумендердің жетіспеушілігі анемия, жүрек-қан тамырлары ауруларына, ана мен бала өліміне себеп болады.

Технологиялық өңдеу кезінде көптеген азық-түлік өзінің құнарлығын азайтады. Бұларды қайта қалпына келтірудың бір жолы- ұнды дәрумендермен және микроэлементтермен байыту. Күнделікті қолданыстағы тағам болғандықтан адам ағзасына аса қажет темір, фолий қышқылы және дәрумендерді ұнға қосу тиімді.

Қазақстан Республикасы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 111-бабы, 3 тармағында темір жетіспеушіліктің алдын-алу мақсатында, ел аумағына сатылатын жоғарғы және бірінші сортты бидай ұнын құрамында темірі бар дәрумендермен, минералдар және басқа да заттармен міндетті байыту фортификациялау көзделген. Фортификация процессі кезінде  жоғары және бірінші сұрыптағы бір тонна ұнға 150 грамм темір, мырыш қоспалары, фолий қышқылы мен В-тобының дәрумендері қосылады. Фортификацияланған ұнның сақтау мерзімі – 6 ай.

Құрамында темірі бар дәрумендер мен минералдарды сатып алғаннан гөрі фортификацияланған ұнды қолданған әлдеқайда тиімді.

Темір жетіспеушіліктің бірден бір алдын алу принциптерінің бірі- ұнды құрамында темірі бар дәрумендермен, минералдармен байыту. Темірмен байытылған ұнды қолдану адам ағзасында  темірдің артуына әкелмейді. Ұнды қажетті минералдармен байыту минералды заттардың жетіспеушілігінің алдын алады. Гемоглобин нормасы қалыпқа келу үшін байытылған ұн мен нанды 1-2 жыл тұрақты қолдану қажет. Құрметті тұтынушылар! өздеріңізде және жақындарыңызда теміртапшылықты анемияның алдын алу үшін темірмен және фолий қышқылымен байытылған ұн мен нанды таңдаңыз. Дендеріңіз сау болсын!

Успанов Б.М.

Талғар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау басқармасының басшысы