Коронавирустан да қауіпті ме?

Коронавирустан да қауіпті ме?

Соңғы уақытта әлеуметтік желіде  коронавирустан да қауіпті вирус тарап жатқаны жайлы  ақпараттар желдей есті.   Адам метапневмовирусы деп аталатын ол вирустың Қазақстанға да келгені, отыз адамның вирус жұқтырғаны туралы ақпарат та бар.  Қытайда және оған көршілес аймақтарда таралып жатқан метапневмовирус  (hMPV)   туралы  алыпқашпа сөздің қайсысы  шындыққа жанасатыны, қайсысы жанаспайтыны туралы саралап жатқан ешкім жоқ. Үкімет Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына сілтеп, алаңдауға негіз жоғын айтуда.  Десек те, «сақтықта қорлық жоқ».  Метапневмовирус белгілері қандай? Оны жұқтырған адам қалай емделуі керек? Бұл вирус коронавирустан да қауіпті ме? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Метапневмовирус (hMPV, Human metapneumovirus) – бұл тыныс алу жолдарының инфекциясын тудыратын вирустардың бірі. Осы вирустың штамдары Қазақстанда ЖРВИ және тұмаудың маусымдық өсуі кезеңінде анықталып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі метапневмовирус штампы Қазақстанда бұрыннан барын айтты. Ресми мәліметке сүйенсек, жұқпалы дерт маусымы кезінде 8360 тест үлгісі алынған, оның 22 пайызында вирус бары анықталған. Риновирус, аденовирус, коронавирус, парагрипп және бокавирус секілді респираторлық инфекция түрлері жиі кездескен. Ал метапневмовирус небәрі 1,6 пайызында, яғни 30 адамда анықталған.

Метапневмовирустың берілу жолдары мен негізгі белгілері

Тыныс алу жолдарының ауруларын тудыратын классикалық респираторлық вирус көбінесе ауа-тамшы жолымен жұғады дейді Талғар аудандық орталық ауруханасы ШЖҚ дәрігері Хамидолла Арайлым Кенжеғалиқызы:

  • Адамның метапневмовирусы ондаған жылдар бойы әртүрлі елдерде таралып келеді.  Вирус ЖРВИ және тұмау аурулары көбейетін маусымда артады. Жұғу жолы көбінесе ауа-тамшы жолымен (жөтелу және түшкіру кезінде сілекей тамшылары арқылы), байланыс-тұрмыстық жолмен (вирус жұқтырған заттарға тию арқылы, содан кейін қол арқылы ауызға, мұрынға немесе көзге түседі) жұғады. Ересектерде инфекция әдетте жеңіл, кейде симптомсыз болуы мүмкін. Инфекция бес жасқа дейінгі балалар, 65 жастан асқан ересектер,  созылмалы аурулары бар және иммун тапшылығы бар адамдар үшін  қауіпті.
  • Бұл вирусқа қарсы вакцина бар ма? Жалпы аурудың алдын қалай аламыз?

 — Қазіргі уақытта метапневмовирусқа НMPV қарсы вакцина жоқ. Қазақта «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген керемет мақал бар. Сондықтан иуммунитетіңізді нығайту жолын қарастырыңыз. Тазалыққа мұқият қарап, жеке бас гигиенасын сақтаңыз. Қолыңыз таза емес болса беталбатты көзге, мұрынға, ауызға тигізе бермеңіз. Сонымен қатар тән саулығын арттыру үшін дұрыс тамақтану мен спортпен айналысу, физикалық белсенділікті арттыру басты факторлардың бірі.

  • Вирус белгілері қандай және инфекция жұқтырған науқас не істеуі керек?
  • Метапневмовирустың белгісі кәдімгі тұмауға ұқсас келеді. Жөтел, мұрыннан су ағу, бітелу, ентігу, бас ауруы, тамақтың ауыруы, дене қызуының көтерілуі – осы вирустың белгілері болуы мүмкін. Инфекция жұқтырған адам инфекцияны таратпау үшін үйде болып, ем-дом қабылдаған абзал. Бөлмені жиі желдетіп, дымқыл сүлгімен шаңын басып, тазалап тұрыңыз. Адамдар көп жиналатын жерлерге бармаңыз, ал егер бара қалған жағдайда міндетті түрде бетперде тағыңыз. Дене температурасы 38°C-тан жоғары болса, қызу түсіретін зат қабылдаңыз. Симптомдардың өршуі және жағдайдың нашарлауы кезінде өз бетіңізбен емделмеңіз, антибиотиктерді қабылдамаңыз, медициналық көмек алу үшін мамандарға жүгініңіз. Сондай-ақ,  бұл вируспен күресте тұмау және пневмонияға қарсы вакциналар тиімді болуы мүмкін.

Қоғам неге дүрлікті?

Әлеуметтік желіде «Қытайда жаңа вирус тағы өршіді», «Қауіпті вирус тарап жатыр» деген сарында видеолар көбейді. Ақпаратты бұрмалап, фейк дерек таратып жатқандар да аз емес арасында. Метапневмовирус ғылымға бұрыннан белгілі болғандықтан оны жаңа вирус не оның жаңа мутациясы деуге келмейді деді мамандар. Ол – тұмау, пневмонияға ұқсас респираторлық вирустық инфекция. Алғаш рет 2001 жылы Голландияда анықталған, көбіне күн суық қыс мезгілінде ауа арқылы тарайды.

Бұл вирус туралы алғашқы болып  Үндістанда тіркелген ағылшын тіліндегі ресурстар көбірек ақпарат таратқан.  Жағдайды әсірелеп көрсетуге тырысқандар арасында британдық сарыжағал басылымдар да бар.  Әлдебір жолмен жеткен хабардың анық-қанығын тексеруге, оның рас екеніне көз жеткізуге мән бермейтін қауым британдық таблоид ресурстың контентін көп бөлісті. Сондықтан ол әлеуметтік желіде отыратын жұрттың назарына ілігіп, біріне бірі тарату арқылы резонанс тудырды. Ал журналистика стандарттарын сақтауға тырысатын медиа ресурстарда «Қытайдағы вирус қаупі күшті» дейтін ақпарат болған жоқ. Қытайдың ауруды бақылау және алдын алу орталығы «емханаларда орын тапшы» деген дерекке сенбеуге, жеке бастың гигиенасын сақтап жүруге шақырды. Ал Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі «респираторлық инфекциялар жыл сайын қыста көбейетін үрдісі бар» деді.

Иә, адам өміріндегі қадірсіз нәрсенің бірі – денсаулық. Денсаулықтың қадірін әдетте біз ауырғанда ғана біліп жатамыз.  Егер салауатты өмір салтын ұстанып, мән беріп жүрсек, кез келген аурудың алдын алу оңайырақ екенін естеріңізге саламыз.

 

М.Бөлек