Поэзиясы ұлттық әдебиеттің классикалық байлығының қатарына жататын, «Қазақ поэзиясының құлагері» деп мойындалған ақын, драматург, сатирик, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіров 1894 жылы бұрынғы Қапал уезі, Ақсу болысында дүниеге келді. Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсты бітіріп, өз ауылында мұғалім болып жұмыс атқарды. Одан кейін «Тілші» газетінде жұмыс істеп, Верныйдағы Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалды.Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтын бітіріп, соң «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет атқарды. 1932-1934 жылдары — Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комиссиясының төрағасы қызметін атқарды. Ал 1933-1936 жылдары Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің мүшесі болды. 1937 жылы 13 тамызда НКВД-ның үштігі Ілиястың үйіне келіп, бәрін тінтіп, қолжазбаларды, кітаптарды алып, өзін қамауға алып кетеді. Арада бір жыл өтпей 1938 жылы 26 ақпан күні ату жазасына кесіледі. Саяси жүйенің жазықсыз құрбаны болған ақын 1957 жылы ақталады.
І.Жансүгіровтың шығармашылығы көп қырлы, алуан сырлы болып келеді. Оның «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер» сияқты он беске жуық көлемді поэма қазақ поэзиясының інжу маржаны болып табылады. І.Жансүгіровтың прозалық шығармаларының ішіндегі көлемдісі — «Жолдастар» романы.
Мұнда қазақ сахарасындағы еңбек адамдарының тұрмыс тіршілігін, азаттықты көксеген арман аңсарын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің дүмпуін суреткерлікпен ашып көрсетеді. Қаламгер әдебиет сыны мен аударма саласында да өнімді еңбектенді. А.Пушкиннің көптеген өлеңдеріне қоса, «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне алғаш рет толық аударды. Сондай-ақ, М.Лермонтовтың, А.Горькийдің, Н.Некрасовтың, В.Маяковскийдің көптеген шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады.
Ұлт руханиятының шамшырағы болған қаламгердің мұрасы әлі талай ұрпақтың бағыт ұстар темірқазығы болатыны сөзсіз.
Өткен ғасырдың 30-жылдары Қазақстан тарихында ең қасіретті кезең болып саналады. Ұжымдастырудың салдары жаппай ашаршылыққа әкелсе, малынан айырылған халық, талғажауға зар болып, ажал құшты. Артынша ұлтын сүйген қаншама азааматтар халық жауы атанып, тоталитарлық жүйенің құрбанына айналды.
Зұлмат жылдардың жазықсыз құрбаны болған арыстардың есімі ұрпақ жадынан өшпей, үнемі ұлықталуы керек.
Толқын Қайратқызы,
Саяси қуғын-сүргін құрбандары
музейінің қор сақтаушысы