Алматы облысының кәсіпорындарында 4 мыңнан аса маман тапшы
Биылғы жылы соңғы 9 айда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына 46 кәсіпкерден шағым түскен. Оның 35-і оң шешімін тапқан. Сәйкесінше, 687,6 млн теңгеге кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды.
Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Бекеевтің сөзіне сүйенсек, сәулет және құрылыс, салық қатынастарының проблемалық мәселелері бизнес саласында әлі де өзекті.
«Жергілікті мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының іс-әрекетін бағалауда қатаң, принципті және ымырасыз көзқарасты қамтамасыз ететін Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің тұғырнамасы белсенді жұмыс істеуде. Кеңестің 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмысының қорытындысы бойынша 27 ұсыныс жасалып, оның 12-сі орындалды»,-дейді Тимур Бекеев.
Кәсіпкерлер палатасының ауқымды жобасының бірі- «Бизнесті қорғаудың экожүйесі». Жобаны іске асыру шеңберінде прокуратура және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, заң қоғамдастығымен тиімді жұмыстар жүргізілуде.
Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері сот отырыстарында үшінші тұлға ретінде әрекет етеді. Осылайша 2024 жылы 4 кездесуге қатысқан.
Облыста бизнестегі кадр тапшылығыда өте өткір мәселе ретінде күн тәртібінен түскен емес. Кәсіпкерлер палатасы 826 кәсіпорында 4435 маманға бос орын барын анықтады. Бүгінгі таңда мамандарды қайта даярлауға басымдық берілген. Аймақта 28 мекеме кадрларды даярлауға жұмылдырылған, оның 12-і кәсіпорында базасында, 9-ы колледжде 7-еуі дербес оқу орталғында орналасқан. Мұнда 56 мамандық түрі бойынша білім алуға болады, бүгінгі күні 624 адам оқуда.