Филиалдың үлесі зор

Филиалдың үлесі зор

Ел үшін игілікті болған жобаның бірі «Таза Қазақстан-2025» акциясы екені ақиқат. Туған жерін, ауласын таза сақтауға бел шеше кіріскен жандардың қатары күннен-күнге артып, экологиялық сауаттылықтың қоғам ішінде қалыпқа түсіп келе жатқаны қуантады. Бұл акцияға  Іле-Алатау МҰТП Талғар филиалы ерекше атсалысып жатыр. Жыл басынан бері ұйымдастырылып жатқан үлкенді-кішілі  экологиялық іс-шаралардың мақсаты айқын —  аймақтың  көрікті бейнесін қалыптастыру, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру және азаматтық жауапкершілігін нығайту.

Жуырда Іле-Алатау МҰТП Талғар филиалы  мен  Талғар ауданы жастар ресурстық орталығының «Жасыл ел» еңбек жасақшыларымен бірлесіп өткізілген тазалық шарасы да осы мақсаттың жетегінде болды. Талғар орманшылығымен  шекералас Талғар қаласының әкімшілік аумағын қамтыған сенбілікке 70 астам оқушылар, студенттер қатысты. Олар парк аумағын қоқыстан арылтып, су айдындарын тазартып,  абаттандыруға белсене үлес қосты.  Әсіресе, жастар экологиялық акцияның шеңберінде күш біріктіре отырып тазалыққа жетуге болатынын түсіне білді. Осылайша ортақ үй – табиғат тынысын сақтап қалуға болатынына көз жеткізді. Президент Жолдауында айтылған  экологиялық мәдениетті ұлт қалыптастыруға үндейтін «Таза Қазақстан» бастамасының уақытша емес екендігін, оны жергілікті әкімдер халықпен тығыз қарым-қатынас орната отырып жоғары деңгейде ұйымдастыра алатынын білді.  Жалпы бір рет қоқыс жинауға қатысқан азамат екінші рет жүрген жерінде қоқыс тастауға беттемейді, табиғат пен қоршаған ортаның тазалығына әрбір азамат жауапты екенін түсінеді. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруда, бойымызда қоршаған ортаға деген жауапкершілікті күшейтуге, тазалыққа деген әуестікті арттыруға «Таза Қазақстан» акциясы зор рөл атқарады деп ойлаймын. Бұл жобаға Іле-Алатау МҰТП-нің Талғар филиалы әрқашан үлес қосуға дайын.

 

Асель Сартова,

Іле-Алатау МҰТП

Талғар филилы

РжТ маманы