Көлік жүргізушілер маусым ауысар сәтте дайындық жұмыстарын бастайды. Қазан айында күн суытып көлік жүргізушілердің көпшілігі жазғы дөңгелектерін қысқыға ауыстырып үлгерді. Ал әліптің артын бағып, қазан айындағы суықты елемеген жүргізушілер қатары әлі де жазғы дөңгілектермен жүйткуде. Дегенмен суық мезгілге көлікті дайындау уақыт күттірмейді. Күн суытқанда жүргізушілер жанталасып, әбігерге түсіп, көлік жөндеу орындарында кезекке тұрып, уақыттарын жоғалтып жатыр. Дөңгелекті ауыстыру үшін міндетті түрде күн суытып, қар жауып, ауа температурасының төмендегенін күтудің қажеті жоқ екендігін түсініп жатқан болар. Мамандардың пікірінше қысқы маусымға дайындықты +6, +8 градус жылы болғанда бастай беруге болады. Қыста көлікті пайдалану басқа кезге қарағанда әлдеқайда қиын. Суық ауа райында көлік қиын және тіпті төтенше жағдайларда жұмыс істейді. Қарлы көшелер, көктайғақ, жол жиектеріндегі қар үйінділері темір тұлпарымыздың бабында болғанда ғана қиындық тудырмайды. Ең қолайсыз сәтте көлік сәтсіздікке ұшырамауы үшін жүргізуші оны қысқа дайындауы керек. Еліміздің ірі мегаполисі саналатын Алматыға Талғардан қатынап жұмыс жасайтын, оқитын адамдар өте көп. Талғар жолында кептеліс өте жоғары. Қос қаланың аралығы 25 шақырым. Алматы – Талғар тас жолымен тәулігіне шамамен қырық мың көлік арлы-берлі жүйткиді. Алматы-Талғар арасына қатынайтын көпшілік көлікті пайдаланатындармен қатар жеке көліктерімен қатынайтын адамдарда жетерлік.
Жолда көлік апаты артып, екі аралықтағы жеті ауылдың жұртына да жолдан өту қиындық тудырғандықтан Талғар – Алматы аралығындағы тас жол екі есеге кеңейтілді. Алайда мұнымен мәселе шешімін тапты деп айта алмаймыз. Әсіресе қыс мезгілінде ұзын-сонар кептелісті айналып өтемін деген жүргізушілер жол апатының орын алуына себепкер болады. Олардың көпшілігі қыстың қамын ертетер ойлап, дөңгелегін дайындамаған жүргізушілер болуы мүмкін. Асыққан жүргізушілердің бір қарағанда қарапайым ғана шартты орындамай, елемеу салдарынан көлік соқтығысып жол апаты болып жатады. Өкініштісі қайғылы жағдайлардың орын алуы. Сондықтан да жүргізушілер бұл мәселені соңғы сәтке дейін шегере бермегені абзал. Көліктің дөңгелегін жыл мезгілдеріне сай ауыстыру заң талабы ғана емес, сонымен қатар жол қауіпсіздігінің басты шарты. Талғар ауданы бойынша көлік жөндеу орталықтары жетерлік десек артық айтқандық емес. Қыс қаһарына мінген, аязды күндерді күтпей-ақ сенімді сергіңізге айналған тұлпарыңызды тексерістен өткізгендеріңіз дұрыс. Әсіресе тежегіштер жылдың кез келген уақытында, әсіресе қыста мінсіз жұмыс істеуі керек. Әйтпесе, бұл көліктің мұзды немесе тайғақ жолда сырғанап кетуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан автосервиске өкінішті жағдайдың алдын алу үшін кіріп, тежегіш жүйесін тексеру артық болмайды. Сақтансаң, сақтайды. Жол қателікті кешірмейді.
Г.Тұрлыбекова







