Су тарифі тұрақталды

Су тарифі тұрақталды

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Еңбекшіқазақ ауданына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар су шаруашылығы нысандарын аралады.

Ең әуелі Нұржан Молдиярұлы Бартоғай су қоймасы бойынша қордаланған мәселелер туралы сала мамандарымен ой ортақтасты. 1983 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Бартоғай су қоймасының жалпы сыйымдылығы – 320 миллион текшеметр. Кезінде 5 ауданды қамтып келсе, қазір тек Еңбекшіқазақ пен Талғар аудандарына ғана су береді.
– Бартоғай Алматы облысындағы ең ірі су қоймасы саналады. Су қоймасының жұмысымен танысу барысында кейбір мәселелердің барына көз жеткіздім. Мұнда Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы мен Еңбекшіқазақ ауданындағы ирригациялық жүйелерді жаңғыртуға басымдық береміз. Сонымен қоса, суды ұтымды пайдалану үшін ылғал үнемдейтін технологияларға, яғни, тамшылатып суаруға белсенді көшу қажет деп білемін. Бүгінде Алматы облысындағы суармалы жердің бар болғаны 8 пайызы ғана тамшылатып суару технологиясын қолданады. Бұл көрсеткішті алдағы 3 жылда 30 пайызға дейін арттыру керек. Бұл жөнінде тиісті шешімдер қабылданып, жаңа жобалар жүзеге асатын болады, – деді Су ресурстары және ирригация министрі.
Келесі қадамда Нұржан Молдиярұлы Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының бас су торабымен танысты. Торап басшысы Мейрам Арыстанов министрге канал қызметінің негізгі бағыттары мемлекет меншігіндегі су шаруашылығы объектілерін пайдалану, күтіп ұстау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін жеткізді.
– Бізде канал бойында апаттық жерлер бар. Қазір, бірінші, апаттық учаскелермен, екінші, су шығатын нүктелерді бекіту, сонымен қатар автоматтандырылған заманауи құрылғыларды қою бағытында жұмыс істейміз. Сонда да шаруаларға кейде су жетпей қалатыны бар. Өйткені 50-60 пайызға дейін суды жоғалтып жатырмыз. Біз қазір басты екі мәселені қарауымыз керек. Біріншісі, шаруаларға суды үнемді жолмен жеткізу, екіншісі, оларда суды қалай болса, солай емес, үнемді жолмен пайдалануды үйрету керек. Десе де, диқандар, әсіресе, құрғақшылық қысқан тұста тіршілік нәрінен тапшылық көріп, дау туындап жатады. Оның басты себебі, 40 жыл жөндеу көрмеген канал мен арық жүйелері ескірген. Биыл каналды жөндеуге бюджеттен 1 милиард 300 миллион теңге қаржы қарастырылды. Қазір мердігер «ТОЛАҒАЙ – 2050» ЖШС қаналдың тозған жерлерін күрделі жөндеу жұмыстарына кірісті, – дейді Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының директоры Мейрам Арыстанов.
Еңбекшіқазақ ауданының аграрлық саладағы басты мәселесінің бірі – егін суының жетіспеушілігі. Оның басты себебі – суару желілерінің тозуы мен істен шығуы. Қазір мәселені оңтайлы шешу жолы қарастырылуда. Айталық, суармалы су жүйелерін қалпына келтіру және жаңғырту мақсатында «ПУИД-2» бағдарламасы шеңберінде Балтабай ауылдық округінде 5 мың гектар суармалы алқапты қамтитын, ұзындығы 67 шақырым суармалы жүйелердің құрылысы жүргізілуде. Бұған бюджеттен 5,2 млрд теңге бөлінді. Мердігер «Сапа Құрылыс – 2007»ЖШС құрылыс жұмыстарын жыл аяғына дейін толығымен аяқтап, іске қоспақ. Аталған жоба судың сарқылуы, шығыны мен жердің деградациясының алдын алу, шаруашылықтардың кірісін арттыру, ауыл тұрғындарын жұмыс орындарымен қамтамасыз ету үшін аса қажет. Мұнда ең басты мәселе егіс алқабына дейін баратын тіршілік нәрі жер тоғандармен жүретіндіктен жол бойы жартысынан астамы сіңіп кетеді. «Егер осы мәселе шешілсе, яғни, түгел бетон тоғандар жүргізсек қоймаға жиналатын су қоры екі аудан шаруаларына жетер еді», – дейді мамандар. Ал жауаптылардың айтуынша, ішкі және қосалқы арықтарды тазалау мен бетондау жұмыстары да кезең кезеңімен қолға алынып жатыр. Дегенмен қарқын тым баяу. Олай дейтініміз, жалпы Есік өңіріндегі ішкі арықтардың жалпы ұзындығы 800 шақырымды құраса, биыл оның 70 шақырымы күрделі жөндеуден өтіп отыр.
Еңбекшіқазақ аудандағы сапарында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов саладағы құрылымдар мен тарифтерді жүйелеуге жұмыс жасалып жатқандығын айтты. Сонымен қоса, министр ирригациялық жүйелерді жаңғыртуға инвестор тартуға мүмкіндік берілетіндігін жеткізді. Алдағы уақытта су ресурстарын басқаруда жергілікті әкімдіктердің де құзыреттілігі артпақ. Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Ұйғыр ауданына арнайы жұмыс сапарымен келді. Жұмыс сапарының басты мақсаты аудандағы суармалы су жүйелеріне қатысты түйінді мәселелері талқылап, олардың шешілу жолдарын қарастыру. Кездесуге Алматы облысы әкімінің орынбасары Алмас Батанов, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қуандық Чункунов және басқа да лауазымды тұлғалар қатысты.
Қарадала – бау-бақшасымен танылған аумақ. Мұндағы тұрғындардың басты табыс көзі жермен тікелей байланысты. Бірақ соңғы уақыттағы су проблемасы шаруашардың басына шаш еектен проблема тудырып келеді. Ағын судың азайғаны пайдаланылатын жердің көлемін де азайтуда. Бұл аудан экономикасының дамуына да кері әсерін тигізбек. Міне, осы жайттардың алдын алу мақсатындағы жүздесуде аудан басшылары тарапынан өзекті прблемалар айтылды.
Қонақтарды қарсы алған аудан әкімі Бота Елеусізова мен орынбасары Дастан Құдабаев аудандағы суару каналдары мен олардағы проблемаларды, даму жоспарларын таныстырды.
Ауданда суармалы жер көлемі – 21893 га. Оның 14 628 гектары төменгі аймақта, 7265 гектары тау бөктеріндегі ауылдарда. Осы суармалы жердерді қамту үшін ауданда жалпы ұзындығы 848,9 шақырым суару каналдары қажет. Бүгінгі күнде 592 шақырым канал ғана «ҚарСушар» мекемесінің мүлігі ретінде тіркелген. Ал 256 шақырым канал иесіз қалған. Ал қолдағы бардың өзі жарамсыз, тозығы жеткен. Кеңес үкіметі кезінде жөндеу жұмыстарынан соң жасалмаған. Жыл сайынғы шаруалардың өз күшімен жамап-жауқаулары арқасында ғана іске асып тұрғандары бар. Оның өзінде қаншама су далаға кетіп, ысырап та болуда. Аудан әкімінің орынбасары Дастан Құдабаевтың сөзінше, жоғарыда аталған каналдарды жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаттарына сәйкес 16,2 млрд теңге қажет екен. Конкурс жеңімпазы болып танылған «Толағай 2050» ЖШС-не жөндеу жұмыстарының бастамасына 100 млн теңге ғана бөлінген. Қалған қаражат та уақыт созуды күттірмейді екен.
Суару каналдарынан өзге Қарадала массивінде 200-ден астам ұңғыма орналасқан. Сонымен қатар 7 су қоймасы бар. Бүгінде олардың да халі мүшкіл. 90 жылдарға дейін олардың көпшілігі талан-таражға түсіп, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Үлкен Ақсу, Бағкетпен, Добын 1, Добын 2, Сарыбұлақ, Қос ағаш, Сүмбе су қоймалары жөндеуді қажет етеді. Мұнан басқа Шарын өзеніндегі су торабы құрылысына, Тиірмен, Сұңқар ауылдарындағы шағын су қоймаларын салуға, Тасқарасу, Бахар, Рахат ауылдарындағы құрғату дренаждарына, Қырғызсай, Сүмбе, Ават ауылдарында су қоймаларын салу үшін жобалау-сметалық құжаттарына қаражат қажеттігі де айтылды.
Ауданның су шаруашылығындағы түйінді мәселелерді толықтай тыңдаған Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өз тарапынан барлық мүмкіндіктерді қарастырып, қолдау білдіретінін айтты. Проблемалық нысандарды аралап, өз көзімен көрген министр алдағы уақытта ауданның ауылшаруашылығы дамуы үшін су мәселесін шешуге ықпал ететініне сендірді.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен Талғар ауданына атбасын бұрды. Министр мұнда Нұра топтық су құбыры және ірі сушаруашылық нысаны саналатын Үлкен Алматы каналының (ҮАК) қызметімен танысты. Сапар кезінде облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов пен аймақтың су шаруашылығы саласына жауапты өкілдер министрмен бірге жүріп, жергілікті жердегі нақты жағдайды көрді.
Алдын ала жоспарланған бағдарламаға сәйкес, Су ресурстары және ирригация министрі мен оны ертіп жүрген жұмысшы топ Талғар қаласының жоғары бөлігінде орналасқан Нұра топтық су құбырының жергілікті жұмыс кеңсесінде аймақтағы үш топтық су құбырының түйткілдерін талқылады. Еліміздің бас сушысы мұнда Түрген, Қаскелең және Талғар топтық су құбырларының жұмысы жайында арнайы дайындалған стендтерді көрді. Сондай-ақ оған осы үш топтық су құбырының ағымдағы жағдайы жан-жақты баяндалды. «Нұра топтық су құбыры» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Қайрат Күлембаев құбыр жұмысы мен кездесіп жатқан түйткілдер туралы кең көлемде айтып берді.
– Бүгінгі таңда Алматы облысында жалпы ұзындығы 83,3 шақырымды құрап, 165 мың адамды ауызсумен қамтамасыз ететін үш проблемалық топтық су құбыры бар. Соның ішінде Еңбекшіқазақ ауданының әкімшілік-аумақтық шекарасында Түрген және Еңбекшіқазақ топтық су құбырлары 135 мың адамды сумен қамтамасыз етеді, ұзындығы – 65,8 шақырым. Талғар ауданы шекарасында Талғар топтық су құбыры 30 мың адамға ауызсу жеткізеді, оның ұзындығы – 17,5 шақырымды құрайды. Аталған топтық су құбыры «Нұра топтық су құбыры» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Алатау» филиалының теңгерімінде. Мемлекеттік басқару органы – Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстары комитеті.
Нысандағы басты мәселенің бірі – жиі апаттардың болуы. Олар негізінен, су құбырына уақытында қызмет көрсетілмеуінен және білікті мамандардың жетіспеушілігінен туындап отыр. Сонымен қатар, бұл жағдай жергілікті атқарушы органға да кері әсерін тигізіп отыр. Сумен қамтамасыз етудің апат жағдайында тоқтатылуының зардаптарына уақытында әрекет етпеу, әсіресе, жаз мезгілінде халық арасында әлеуметтік шиеленіс тудыруы мүмкін. Кәсіпорын желілерінде апат жағдайында сумен қамтуды көбінесе жергілікті атқарушы органдар коммуналдық мекемемен бірлесіп тоқтатады. Бұдан бөлек, Түрген топтық су құбыры арқылы берілетін тариф мөлшері 1 текшеметр су үшін 61,51 теңгеден 151,47 теңгеге дейін көтеріліп, жергілікті тұрғындардың наразылығы күрт артуы ықтимал, – деді Қайрат Әбуәлиұлы.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта «Алатау» филиалы «Талғар су» ШЖҚ МКК-не 1 текшеметр су үшін 110 теңге, өз кезегінде «Талғар су» халыққа шамамен оны 254 теңгеден сату тарифін бекіту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал «Есік су» ШЖҚ МКК Түрген топтық су құбыры арқылы алынған судың 1 текшеметрі үшін осы кәсіпорынға 61,51 теңгеден төлейді, одан әрі ішкі желілерге «Есік Су» ШЖҚ МКК 30 теңге қосып, нәтижесінде 1 текшеметр су тұтынушыға 91,5 теңгеге түседі.
Бұл түйткілді тарқату үшін Алматы облысы әкімдігі Үкіметке және орталық мемлекеттік органдарға бірнеше рет жүгінгеннен кейін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр тарапынан Түрген және Еңбекшіқазақ топтық су құбырларын республикалық меншіктен коммуналдық меншікке беру қажеттігі туралы тапсырма берілген. Алайда ол кезде кәсіпорында жоғарыда аталған магистральдық су құбырларын беру үшін қажетті құқық белгілейтін құжаттар болмаған. Бүгінгі таңда қолда бар ақпарат бойынша барлық құқық белгілейтін құжаттар дайын көрінеді.
– Әлеуметтік шиеленістің артуына жол бермеу және облыс тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында Түрген, Еңбекшіқазақ және Талғар топтық су жүйелерін облыс әкімдігіне коммуналдық меншікке беру қажет, – деп түйіндеді өз сөзін Қайрат Күлембаев.
Жергілікті басшылық пен өңір тұрғындарын толғантып отырған түйткілдерді мұқият тыңдап, жағдайға әбден қанықан министр Нұржан Нұржігітов барлық сушаруашылық нысандарына бір оператор басшылық етуі жөнінде анық та нақты жауап берді.
– Жыл соңына дейін заңды түрде рәсімдеу үшін тиісті құжаттардың бәрі дайын болады. Қазірге дейін еліміздің бес облысында осындай шешім қабылданды, – деді Нұржан Нұржігітов. Сондай-ақ, министр ол күн батып, әлдеқашан қараңғы түскеніне қарамастан Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы мекемесінің кеңсесіне барып, оның жұмысымен де кеңінен танысты. Кәсіпорын басшысы Мейрам Арыстанов ҮАК жұмысы жайлы жанжақты әңгімелеп, министрге Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле және Жамбыл аудандарының суармалы егістік жерлеріне су жеткізу қызметі туралы баяндады.
Қалай дегенде де Су ресурстары және ирригация министрінің бұл жұмыс сапары жемісті болды деуге негіз бар. Өйткені, облыстағы бірнеше ауданның тұрғынын ауызсумен қамтамасыз етудегі біраз түйткілдің түйіні тарқатылатын болды. Бұған дейін «сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар» болып, әрқайсысы әртүрлі мекемеге қарайтын жергілікті сушаруашылық нысандары бір қолға өтіп, бұдан былай оларды басқару мен жұмысын жүргізу нәтижелілігі артпақ. Сонымен бірге біреуден біреу алып, құдды бір алыпсатар сияқты әркім өз бағасын қосып, соңғы тұтынушы – халыққа едәуір қымбат тарифпен келетін ауызсудың құны тұрақты әрі тиімді болады деген сенім бар. Әлеуметтік тұрақтылық үшін де маңыздысы – осы.

alatauaraiy.kz