«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының ұйымдастыруымен «Ұлы Жібек жолы және Отырар алқабының қалалық мәдениеті» тақырыбында көрме ашылды.
Аталған көрменің ашылу салтанатында «Есік» музей-қорығының директоры Гүлмира Мұхтарова байырғы мәдениетімізден сыр шертетін көрме ұсынған әріптестеріне алғысын білдіріп, еліміздің тарихи-мәдени мұраларын дәріптеуде мұндай көрменің маңызы ерекше екенін атап өтті.
Тарихтың терең қатпарынан сыр шертетін көрменің делегациясын бастап келген «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының директоры Жангелді Махашов екі музей арасындағы әріптестік байланыстардың нығайып келе жатқанына тоқталды. Сонымен қатар киелі Отырар өңірінің тарихи-мәдени мұраларының кеңінен насихатталуына мән беріп, музейтану, археология саласындағы нәтижелі жұмыстар жүйелі жалғасатынын айтты.
«Көне Отырарды зерттеу, ғылыми саралау – сонау ортағасырлық саяхатшылар мен тарихшылардан бері жалғасып келеді. Бүгінде Отырар әлемдік ескерткіш болып ЮНЕСКО тарапынан мойындалды. Қазір Отырар өңірін ғылыми зерттеу жұмыстары Ә.Марғұлан атындағы Археология институты мен «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы жүргізіп жатқан қазба жұмыстарымен жалғасып келеді» – деді Жангелді Махашов.
Сондай-ақ көрменің ашылу салтанатында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті тарих факультетінің деканы, профессор Досбол Байқонақов университет ғалымдары еліміздегі музей мамандарымен бірлескен ғылыми жобаларды іске асырып отырғанын атап өтті. Қаракемер ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, көрмеге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Көрменің салтанатты ашылуында директор Гүлмира Райылқызы «Есік» музей-қорығымен белсенді әріптестік орнатқан «Отырар» музей-қорығының қызметкерлері, мектеп мұғалімдерін арнайы марапаттады. «Отырар» музейінің экскурсоводы Ерлан Әскерини көрмеге келушілерге құнды көне жәдігер – Отырар қазынасын таныстырды.
«Көрме «Ұлы Жібек жолы және Отырар Х-ХІ ғғ», «Отырар Қарахан дәуірінде», «ХІV-ХV ғғ. Темір дәуіріндегі Отырар», «ХVІ-ХVІІІ ғғ. Отырар Қазақ хандығы тұсында», «Отырардағы жазба мәдениетінің пайда болуы» тақырыптарын қамтыған. Көрмеде «Отырар» музей-қорығы қоры жинағындағы археологиялық жәдігерлер – керамикалық бұйымдар, нумизматикалық материалдар, шыныдан жасалған заттар, сирек кездесетін жәдігерлер, ескерткіштерге қатысты аэрофотолар мен карталар ұсынылды. «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының» «Ұлы Жібек жолы және Отырар алқабының қалалық мәдениеті» тақырыбындағы көрмесі «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында биылғы жылдың соңына дейін ашық болады.
Осы орайда «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық – мұражайы 1979 жылы 11 мамырда Қазақ КСО Министрлер Кеңесі шешімімен ұйымдастырылған. Оның түп бейнесі Тимур станциясы мектебіндегі 1967 жылы 17 мамырда суретші және тарихшы Асантай Әлімовпен құрылған кішігір мұражай болып табылады. 1975 – 76 жылдардан бергі кезеңде мұражай облыстық тарихи – өлкетану мұражайының аудандық филиалы саналып келген. Мұражайдың қазіргі заманғы ғимаратының негізі 1979 жылы қаланған және 1982 жылы мұражай келушілерге есігін айқара ашты. Отырар мұражайы басты ғылыми – зерттеушілік орталық және 200 жылдам астам уақыт бойы аймақтың экономикалық және сауда орталығының маңызына айналған ежелгі Отырар қаласы тарихының бірегей ескерткіштерінің қазба жұмыстары кезінде табылған археологиялық құнды заттардың қоймасы болып табылады.
Қорық – мұражай жалпы аумағы 3048,5 кв.метр аумақты алып жатыр. Отырар мемлекеттік археологиялық қорық – мұражайының құрамына 4
Республикалық маңызды археологиялық ескерткіштер, 216 жергілікті маңыздағы археологиялық ескерткіштер кіреді. Бұған Отырар оазисінің ежелгі қалалары жатады: Отырартөбе, Құйрықтөбе, Көкмардан, Алтынтөбе, Ақтөбе, Жалпақтөбе, Арыстан баб кесенесі мен басқа да тарихи ескерткіштер.
Мұражай экспозициясы екі бөлімнен тұрады: археологиялық және этнографиялық. Археологиялық залдағы ең ескі көрме қоймаларына қола дәуіріне жататын экспонаттар жатады. Негізінен бұл Отырар қаласы, Көкмардан ескі қаласы мен қорымының қазба жұмыстары кезінде табылған балшық ыдыстар мен басқа да үй шаруасының керек – жарақтары. Жануарлардың бейнелері түрінде, әсіресе көбінесе қой, ит, жылқы бейнесінде жасалған тұмарлар қызықты экспонаттардың біріне жатады. Залдағы экспонаттардың ішінде жер шаруашылығы мен көшпелі мал шаруашылығының дамығандығынан хабар беретін еңбек құралдарының қалдықтары көптеп кездеседі. Көрмеде керамикадан жасалған бұйымдардың кең түрі көрерменге ұсынылған. Олардың көбісі реставраторлар қолынан қайта қалпына келтірілген. Ғасырлар билігіне мойынсұнбаған материалдардың түсі мен мықтылығы таң қалдырмай қоймайды. Суды және тамақ өнімдерін сақтау мен тасымалдауға арналған ыдыстар тобынан құмандарды атап кетуге болады. Керамикадан жасалған ыдыстардың ішінен шырағдандар, біздің заманымызға дейінгі 11 – 12 ғасырларға жататын дастархандар, құмған, шелектер ерекше көзге түседі. Сонымен қатар бұлармен қатарлас балшықтан жасалған ыдыс – аяқтар, мешіт қабырғаларын қаптауға және қоғамдық моншалар едендерін жабуға пайдаланылатын тақтайшалар да бар. Қала инфрақұрылымының жоғары даму деңгейін сутартқыш жүйе фрагменттерінен де көруге болады.
Отырар дамуының кейінгі кезеңі ХVІІ ғасырға керамика, нәзік фарфордан жасалған ыдыстар, темір еңбек құралдары, алтын, күміс және жезді тиындар, бидай мен мақта қалдықтары, кескінделген ағаш панельдер, кірпіштер мен күйдірілген сары балшықтан қапталған тақтайшалар жатады.
Этнографиялық бөлімде жергілікті халықтардан жинастырылған ХІХ – ХХ ғасырларға жататын экспонаттар ұсынылады, оларға тұрмыс заттары, зергерлік бұйымдар, музыкалық саймандар, көшпелі мал шаруашылығы, жер шаруашылығы, балық ісі, аң аулаушылықпен байланысты еңбек құралдары жатады. Бұл жерде халықтың рухани мәдениеті мен киіз үй жабдықтарымен өте тығыз байланыстағы қыран аулаушылық заттары да бар. Құнды көрме қоймаларына сүйектен жасалған әшекей бұйымдар, алтындалған күміс белбеу, зергерлік бұйымдар – сырға, жүзік, шолпы жатады. Олар көрмеге ерекше бейне береді. Сонымен қатар мұражайда Әбу Насыр әл – Фарабидің кітапханасы да ұйымдастырылған. Оның қорында 3 мыңнан астам басылым, әл – Фараби мен оның шәкірттерінің еңбектері сақталуда», — деді мұражай қызметкері.
Мұражай ғылыми жұмыспен белсенді айналысады. 2001 жылы Жапониямен ынтымақтаса отырып, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық – мұражайы Республикалық ғылыми – зерттеу институтымен бірге ежелгі Тараз ескерткіштерін қайта қалпына келтіру мен бұзылудан қорғау жұмыстарына қатысты. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында «Ежелгі Отырардың қайта жаңғыруы» бағдарламасы бойынша жұмыстар кеңейтілді. Сырдария жағалауларында зерттеулер жүргізілді, сол жұмыстың барысында 300- дей бұрын танылмаған тарихи ескерткіштер анықталды. XIV ғасырдың шығыс моншасы қайта қалпына келтірілді. Өткен жылы Отырарда қаланың шығыс қақпаларына қазу жұмыстары жүргізілді.
Зорагүл Әбдіқадір