Тарих парағын ақтарып отырып, «қоян жылы қазақ үшін қандай жыл болған?» деген сауалға жауап іздедік. Жылнамаға назар салсақ, жұрт ұмытпас жұт болды, Қазақ тарихындағы аса қаралы 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алакөл сұлама» осы қоян жылына тура келеді. 1867 жылғы қоян жылын қазақтар «жалпақ қоян жұты» деп атаған.
Одан кейінгі қоян жылдарында да жұт қайталанып отырыпты. 1879 жылы «үлкен қоян жұты», 1891 жылы «кіші қоян жұты», 1915 жылы «тақыр қоян жұты» секілді атышулы жұттар болған. 1963 жылғы қоян жылы да шаруашылық үшін ауыр өтті. Осы жылдары табиғаттың қаталдығынан Қазақстанда мал басы көп қырылып, адам шығыны да аз болмады. Осы жұттардың куәгері болған Майлықожа былай деп жырлады:
Қоян жылы жаумады көктен жаңбыр,
Қабағы шаруалардың болды салбыр.
Қыстыгүні болғанда қар тынбады,
Айуанға өлім жетті аштан әрбір…
1903 жылғы кезекті қоян жылында патша үкіметі Петропавл, Павлодар және Семей уездерінде беделді, көзі ашық қазақтардың үйіне тінту жүргізеді. Бірқатар қазақ зиялылары осы қуғын-сүргінде діни наным-сенім үшін Сібірге жер аударылғаны белгілі. Мұрағатта сақталып қалған деректерге қарағанда, патша жандайшаптары 1903 жылдың 25 сәуірінде Абайдың үйіне де тінту жүргізеді. Уезд бастығы Навроцкий акты жасап, ұлы ақынның бір сандық қағаздарын, кітаптарын алып кетеді. Кейін тексеру барысында тәркіленген қағаздардан үкіметке қарсы ештеңе табылмағанымен, иесіне қайтарылмады. Осылайша Абайдың жылдар бойғы жинаған мол мұрасына орны толмас нұқсан келді.
1915 жыл. Бірінші дүниежүзілік соғыстың екінші жылы. Соғыс зардабы қазақ ауылдарына көп ауыртпалық салды. Салықтың көлемі 15 есеге дейін өсті. Тіпті арнайы «соғыс салығы» енгізілді. Соғыстың алғашқы үш жылында бір ғана Түркістан өлкесінен майдан даласына 70 мың ат, 13 мың киіз үй «жылу» жиналды. Соғыс жылдарында қазақ шаруалары Қазақстанға әкелінген кірмелердің, қоныстанушылардың егінін орып, жерін жыртуға мәжбүр болды.
1927 жыл. Сәуірде Түркістан-Сібір (Түркісіб) темір жолының құрылысы басталды. Желтоқсанда БКП(б) ХV съезінде ауыл шаруашылығын ұжымдастыру туралы шешім қабылданды. Голощекиннің басшылығымен белсенділер бұл міндетті жедел түрде жүзеге асыру үшін барын салды. Бұл науқан байлардың мүлкін тәркілеп, өздерін жер аударудың, 1932 жылғы адам айтқысыз ашықтың алғышарттарын жасап берді.
1939 жыл. КСРО-да кезекті халық санағы өтті. Осы санақтың нәтижесіне қарағанда, Қазақстанда қазақтардың саны 2 миллион 313 мың адам деп есептеліп, ол барлық халықтың 38 пайызын құрады. 1926 жылы жүргізілген санақта қазақтардың саны 3 миллион 627 мыңға жетіп, ол халықтың 58 пайызын құрағаны айтылады. Аштық пен босқыншылықтың салдарынан бар-жоғы 13 жылда қазақтар өсудің орнына, керісінше 1 миллион 300 мыңға азайған. Осы жылдары Қазақстандағы қазақтардың үлесі 20 пайызға кемісе, орыстардың үлесі 20 пайыздан, 40 пайызға, яғни екі есеге артқан.
1951 жыл. Қытай түрмесінде Шығыс Түркістан азаттық күресінің жетекшісі Оспан батыр Исламұлы қаза тапты. Қытай коммунистері Оспан ауылын тұтқиылдан басып алып, оның қашып құтылмақ болғаны әрекеті сәтсіз аяқталады. Үрімжі түрмесінде қинау мен азаптауды бастан өткерген батыр қоян жылы 1951 жылдың 29 сәуірінде Қытай комунистік партиясының қолынан өлім жазасына кесіліп, атылды.
1963 жыл Кеңес Одағының басшысы Н.С.Хрущевтің тілін тапқан Өзбекстанның бірінші хатшысы Ш.Р.Рашидовтың ұсынысымен Шымкент облысының үш ауданы — Мақтарал, Жетісай, Киров аудандары Өзбекстанның құрамына өтті. Ш.Рашидовтың туған жері — Жызақ облысын нығайту үшін осы үш ауданның аумағында жеті аудан ұйымдастырылды. Мұның алдында 1956 жылы Шымкент облысының Бостандық ауданы мен Киров ауданына қарайтын Тимирязев атындағы кеңшар Өзбек КСР-ының құрамына енді (ал оның алдында 1931 жылы Өзбекстан Қазақстаннан Қарақалпақ АКСР-ін алған еді). Бертінде Д.Қонаевтың талап етуімен 1971 жылы аталған үш аудан Қазақстанға қайтарылғанымен, Киров ауданына қарасты алты кеңшар және жоғарыдағы жеті ауданның көлемді бөлігі Өзбекстанда қалып қойды.
1975 жылы Олжас Сүлейменов өзінің «АЗиЯ» еңбегін жарыққа шығарды. Орыстың әйгілі «Игорь полкы туралы жырын» жіліктеп, онда қыпшақ тілінің сарыны барын батыл түрде жазған кітап зиялы қауым арасында үлкен серпіліс тудырды. Мәскеу бұл кітапты сынға алды. «АЗиЯ» дереу сатудан алынып, баспа директоры жұмыстан қуылды. Қуғын-сүргіннің шеңгеліне түсіп тұрған О.Сүлейменовке сол кездегі мемлекет басшысы Д.Қонаев ара түсті.
1987 жылы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан күнгі Алматыдағы оқиғаға қатысушыларды жаппай жазалау шаралары басталды. Алаңда болған жүзге жуық азамат бас бостандығынан айырылып, ал Қайрат Рысқұлбеков ату жазасына кесілді. 1987 жылдың сәуірінде Алматыдағы пәтерінде бұрынғы Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров тұтқынға алынды.
Бұдан кейінгі қоян жылдарында дәл осындай қиын-қыстау кезеңдер болмаса да, тәуелсіздік жылдарында өткен 1999 және 2011 жылдары ел дамуына қатысты түрлі саяси оқиғалардың болғаны анық. Ал 2023 жылы келетін қоян жылы Қаңтар оқиғасының бір жылдығымен тұспа-тұс келеді. Кеше ғана қайғыдан қабырғасы қайысқан қалың қазақтың бұл жылы еңсесі тік, елі тыныш болсын деп тілейміз!
Зорагүл Әбдіқадір